Еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) барлық филиалында «Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі» тақырыбында ашық есік күні өтті.
Облыс орталығындағы филиалда ұйымдастырылған аталмыш шараға 300-ден астам қала тұрғыны қатысып, білікті мамандардан тегін кеңес алды.
Ашық есік күніне қатысқан тұрғындар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы сомасы қалай есептелетіндігі, оларды алуға кімнің құқығы бар екендігі, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алудың ерекшеліктері, шетелге тұрақты қоныс аударатын салымшыларға зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібі жөнінде, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында қандай салық салынатындығы, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару мүмкіндіктері туралы жан-жақты мағлұматтар алды. Сонымен қатар ашық есік күні бағдарламасы аясында «Зейнетақы жинақтарын төлеу» тақырыбында таныстырылым өткізілді. Онда елімізде зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға қатысты маңызды мағлұматтар айтылды.
Оқи отырыңыз: Сағынтаев бензин бағасына қатысты мәселені шешуді тапсырды
- БЖЗҚ Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері тұрғындарға таяу уақытта енгізілетін жаңа өзгерістер жайында да хабардар етті. Егер қазір зейнетақы төлемдері алушының таңдауы бойынша белгіленген кестеге сәйкес ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын төленетін болса, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл-зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, оның ішінде бюджет қаражаты және зейнетақы жинақтары есебінен төленетін жиынтық зейнетақы мөлшерін арттыру мақсатында енгізіліп отыр. Құрметті демалысқа шыққан зейнеткер мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны және БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемдерді ай сайын алатын болады. Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азайып, кейін мүлдем тоқтатылатындықтан, мұндай төлемдердің салымшы үшін ай сайынғы табыс көзіне айналатындығы сөзсіз. Ал, ай сайынғы төлемдер мөлшерінің қандай болатындығы салымшының өзіне байланысты. Осылайша, бүгінде еңбек етіп жүрген жандар үшін міндетті зейнетақы аударымдары өте маңызды мәселеге айналмақ. Егер алушылардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен (374 940 теңге) аспаған жағдайда, аталған сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленетіндігін айта кеткен жөн,-дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Жанар Майрамбайқызы.
Венера МИРЛАН