©
Маңғыстауда «Зенит» кеме зауытының филиалын ашу мәселесі көтерілді. Бұл мәселе Ақтау теңіз сауда портында сенат депутаттары қатысқан халықаралық қатынастар жөніндегі кешенді отырыста қаралды. Мамандардың айтуынша, әлі күнге дейін теңізде төтенше жағдай бола қалғанда, Маңғыстауда арнайы «құтқарушы» бірде-бір кеме жоқ. Мұнай өндірісі кезінде өрт қаупі туындауы мүмкін дейді олар. Шекарышылар мұндай жағдайда кемелерді Оралдан сатып алып, жөндетуге мәжбүр. Оларды Ақтауға алдыру үлкен тәуекелділікті қажет етеді екен.
Сенат депутаты Талғат Мұсабаевтың айтуынша, Маңғыстауда «Зенит» кеме жасау зауытын салу – өндірістік маңызға ие жоба.
— «Зенит» зауытын Маңғыстауда іске қосу еліміз үшін экономикалық тұрғыда жоғары маңызға ие. Әзірге, мұндай зауыт Оралда бар, бұған дейін кеме, катерлер мен қайықтарды құрастырып, қажетті жұмыстарды сол зауыт атқарып келді. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, Орал көлі жағажайы аумағы кішірейіп барады. Біз мұнда Ақтау, Құрық порттарын кеңейту жұмыстарын жүргізіп отырмыз, сол себепте осы аймақта кеме жасап шығаратын зауыт ашу оңтайлы шешім болмақ. Өйткені кеме жасау – отандық экономикадағы жаңа сала, оның шығаратын өніміне нарықта сұраныс бар, - дейді Талғат Мұсабаев.
- Қазіргі кезде теңіз күзетінің кемелері мен шекара катерлерінінің негізгі орналасу аймағы Ақтау және Баутино порты болып отыр. Ақтау портынан оңтүстік Каспий шекарасына дейінгі қашықтық шамамен 222 км, 10-12 сағат уақытты алады. 2020 жылға дейін біз 2 базалық бекет салуды жоспарлап отырмыз. Бұл бізге бүкіл жағалау орындарына кемелерді қоюға мүмкіндік береді, әсіресе қыс мезгілінде оңтүстік бөлігіне қоя аламыз. Өйткені кемелерді орналастыру бекетінен «Зенит» зауытына өткізу өте ұзақ уақытты алады және бұған үлкен тәуекел керек. Біз теңіз деңгейі көтерілгенде көктем немесе күз мезгіліне қарай кемелерді «Зенитке» апарамыз. Бірақ соның өзінде статистика бойынша жыл сайын теңіз деңгейі 7 смге төмендейтінін ескеру керек. Сол себепті «Зенит» филиалын Ақтауда ашудың маңызы зор. Біз шекара қызметіндегі кемелерді жөндеп, қайта жасап шығара алар едік, - дейді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, ҚР Шекара қызметінің директоры Дархан Дильманов.
«Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, зауыттың өзі барлық жұмыс мүмкіндігінің 50 пайызын атқарып отыр.
- 1993 жылдан бері шекара қызметі үшін 22 катер мен ҚР қорғаныс Министрлігі үшін 4 кеме жасап шығардық. Бүгінгі таңда «Зенит» зауытына 50 пайыз ғана жұмыс жүктелген , сол себепті қазір филиал ашу ақылға сыйымсыз. Біздің 600-700 тонналық кеме жасауға өндірістік күшіміз жетеді. Қазірдің өзінде Баутинода филиалымыз бар деп айтуға болады, онда біздің жұмысшылар кемелерді жөндеп, техникалық мәселелерін шешіп отыр. Егер Маңғыстауда 40 кеме жасау қажет болса ғана зауыт ашуға болады. Бірақ қорғаныс Министрлігінен бірде бірде-бір тапсырыс жоқ бола тұра, мемлекетке сүңгуір қайықтар, барлаушы кемелер қажет-ақ. Қазір әскери кеме жасау мәселесі өршіп тұр. Бізге «2022 жылға дейін күте тұрыңыз, авиация мәселесі толықтай шешілгеннен кейін, әскери теңіз флотымен айналысатын боламыз» дейді. 2022 жылға дейін өмір сүруіміз керек, егер мамандарды жоғалтып алсақ, оларды қайтара алмаймыз. Сондықтан сенат депутаттарына құлаққағыс, бұл мәселені Қорғаныс министрлігі егжей-тегжейлі қарап, 10 жылға нақты жоспар құруы тиіс. Әр жылға қаржылай бекітілген нақты бағдарлама жасалынса, біз бағытымызды анықтар едік, - дейді Вячаслав Валиев.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН