©
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында республика бойынша «Атамекенім» акциясын бастады.
Акция аясында бизнестің рөлін жандандыруға, оның туған жердің дамуы үшін, жекелеген қайырымдылық көмегін көрсетуде әлеуметтік жауапкершілігін арттыру көзделген. Ұлттық палата осы бағытта кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету үшін бірнеше ұсыныстар әзірлеген:
- Әлеуметтік мәселелер реестрін жасау (бұл арқылы қандай да бір көмекке немесе қолдауға мұқтаж азаматтар онлайн режимде осы тізімге өтінім қалдыра алады);
- Бизнесті ынталандыруды күшейту мақсатында «Парыз» мемлекеттік наградасын ұсыну;
- Экономикалық ынталандыру шаралары (заң бойынша, демеушілік, қайырымдылық көрсеткен кәсіпкерлерге салық кодексінде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған);
- Кәсіпкерлік зердені дамыта отырып, жаппай кәсіпкерлікке оқыту;
- Қазіргі таңда, өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлеріміздің жағдайы осыдан 10-15 жыл бұрынғымен салыстырғанда біршама жақсарған. Халыққа өзінің қайырымдылығын, көмегін көрсетіп жатыр. Ұсақ-түйегін айтпағанда, Маңғыстаудың өзінде, Шетпеде, Шайыр, Қызан, Басқұдық ауылдарында азаматтар спорт кешендерін салып берді. Яғни, өз қаржысын балалардың, жасөспірімдердің спортпен айналысуына, мықты азамат болып қалыптасуына жұмсап отыр. Біздің тарапымыздан, мемлекет тарапынан, оларға ынталандыру, моральдық көтермелеу көрсетілуі керек деп есептейміз. Сондықтан «Парыз» мемлекеттік наградасын беру ұсынылып отыр. Елге қамқорлық, қайырымдылық, демеушілік жасаған түрлі саладағы азаматтарға осылай қолдау көрсетілетін болады. «Парыз» наградасы белгілі бір компанияларға да берілуі мүмкін. Сол арқылы компания халықаралық стандарттарға біріктіріліп, әлемдік рынокқа шығуға мүмкіндік алады, - дейді Атамекен ӨКП директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев.
Аталмыш ұсыныстар аясында 10-11 сыныптарда «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу жоспарланып отыр.
Биылдан бастап «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қабылданған. Соның аясында «Бастау бизнес» оқыту жобасы іске қосылды. Бұл бағдарлама 2020 жылға дейін жүзеге асырылып, 15 мың адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда 7835 адам біліп алып, оның 4986-сы бизнес-жоспарын қорғаған. Ал 1374 қатысушы 6 % -ды шағын несие алу арқылы кәсіптерін ашты.
- Қазір «Бизнес бастау» жобасы аясында 5 топта 134 адам білім алды. Биылғы жоба 11 қарашада аяқталады. Оған дейін тағы бір топты қабылдап, 190 адамды оқытамыз. Қазіргі таңда 19 адам жалпы сомасы 63 миллион теңгені құрайтын несие алды. Оның ішінде басым бөлігі ауыл шаруашылығы, жылқы, түйе бағу, олардың өнімдерін сату деген секілді. Тігін цехын, көлік жуу орталықтарын, студия ашып жатқандар да бар. Мәселен, 19 жастағы Жансерік Ташекенов атты Шетпе қаласының тұрғыны бізде оқыды. Жақында 4,5 миллион теңге несиесін алып, Алматы қаласынан студияға қажетті барлық қажетті құрал-жабдықтарын алып келді. 19 жаста болса да бір істің иесі болып, үш адамды жұмыспен қамтып отыр, - дейді «Бизнес бастау» жобасы бойынша Маңғыстау ауданының бизнес-тренері Райхан Бекбергенова.
«Бизнес бастау» кәсіпкерлік оқыту жүйесі республиканың 80 ауданында жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Маңғыстау облысының Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия және Мұнайлы аудандары бар. Келесі жылы оларлың санын 160 ауданға көбейту көзделіп отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА