©
Атырау қаласында тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында V спартакиада мәресіне жетті. 15-24 қыркүйек аралығына өткен жарысқа Астана мен Алматы қалалары және еліміздің 14 облысынан келген спортшылар қатысты. Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының құрама командасы 31 медальға қол жеткізіп, аймақ абыройын асқақтатты.
-Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұл жолы спартакиадаға еліміздің әр аймағынан келген 600-ге жуық спортшы қатысты. Біздің облыстың құрама командасы 11 алтын, 11 күміс және 9 қола медальдарды иеленді. Мұның өзі үлкен көрсеткіш,-дейді Маңғыстау облыстық мүгедектер спорты клубының директоры Нұралы Құлышов.
Тарқатып айтар болсақ, волейболдан өткен жарыста Маңғыстау облысының спортшылары үшінші орынға табан тіресе, пауэрлифтингтен әйелдер арасында Бақыт Құдайбергенова қола медальді қанағат тұтты. Жеңіл атлетикадан ерлер арасында Дэвид Мансуров 100, 200 және 400 метр қашықтықта жүгіруден абсолютты чемпионы атанып, 3 алтын медальдің иесі атанды. Одан бөлек, 100, 200 және 400 метр қашықтықта жүгіруден 3 күміс медальді жерлесіміз Асхат Юсупов қанжығаласа, әйелдер арасында Ақкүміс Боқаева ядро итеруден 1 алтын мен диск лақтырудан 1 күміске қол жеткізді. Ядро итеруден және найза, диск лақтырудан ерлер арасында Нұрлыбек Қожабеков күміс медальдарды еншіледі. Үстел теннисінен Людмила Васюткина үшінші орыннан көрінсе, тоғызқұмалақтан Бақыт Құдайбергенова алтыннан алқа тақты. Жүзуден ерлер арасында Қуаныш Асқар және әйелдер арасында Эллина Байдельдинова абсолютты чемпион атанып, әрқайсысы 3 алтын медальға қола жеткізді. Сондай-ақ, 3 күміс медальді жүзуден Шамиль Читаев қоржынға сыйласа, Сергей Сүлейман мен Аян Наурызбаев қола медальдарды еншілеп, үшінші орынға табан тіреді.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="36983,36981,36980,36979"] Тағы оқыңыздар: Заңды органдар үйілген қағаздан құтылады