©
Ақтау халықаралық әуежайында жол полициясы қызметкерлері Атырау қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Азаматтан діни мазмұндағы материалдар тәркіленді. Ол кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, діни сараптама барысында әдебиетте діни өшпенділікке әкеп соғатын белгілер болғаны расталды.
Ақтау қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен қолға түскен азамат тыйым салынған материалдарды сақтағаны үшін кінәлі деп танылды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабына сәйкес 100 АЕК (226,900 теңге) айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, ұсталған азаматтан 15 кітап, 17 кітапша, 10 брошюра және араб тіліндегі жазуы бар бірнеше парақша тәркіленді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА