Өткен аптада Жетібай ауылында өрт оқиғасы орын алды. Жеке тұрғын үйде шыққан тілсіз жау салдарынан тепсе темір үзердей жас жігіт М. Атамбаев мезгілсіз ажал құшты.
Осыған орай, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерінен құралған комиссия мүшелері шұғыл түрде тұрғындар арасына шығып, күшейтілген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында тұрғындарға тұрмыстық жағдайда табиғи газбен жылытылатын үй жылыту қазандығы мен газ пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және алдын алу қатаң ескертілді.
Сонымен қатар, үйде өртке қауіпті тез тұтанғыш заттарды асыра пайдаланбауға, жылыту қазандығын дұрыс орналастырып, нұсқауға сай дұрыс пайдалануға, егер өрт болғанда немесе төтенше жағдай орын алған жағдайда «101», «112» телефондары арқылы уақытылы көмек шақыру жөнінде кеңестер берілді.
-«Өрт айтып келмейді»- дегендей, отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін әрдайым ойлап, қадағалап жүргенге не жетсін! Сондықтан үйдегі кішкентай балаларға оттықпен, тез тұтанғыш ойыншықтармен ойнауға болмайтындығын немесе өртке қауіпті заттарды пайдалану кезінде абай болуларын ескертеміз, - дейді Қарақия аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Д.Елшібаев.