Мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін өркендетіп жүрген жастар арамызда санаулы. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп, жастығына қарамастан кәсіп ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкерлердің бірі-Эльбрус Мамедов. Кәсіпкер Приозерный елді мекенінен наубайхана ашып, нан өнімдерін дайындау ісін қолға алды. Бүгінде ол 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірде жұмыссыздықпен күресуге де өз үлесін қосуда.
- Мен 16 жасымнан өзімнің жеке наубайханам болғанын армандадым. Арманым жайында әкеме айттым, ата-анам бірден қолдау білдірген жоқ. Ол кезде ата-анамыз сауда-саттық саласында жұмыс жасайтын, мен сабақтан тыс уақыттарында көмекші болып жүрдім. 18 жасқа толғанда әкем ескі наубайхананың кілтін қолыма ұстатып, «Енді жеке кәсібімді ашамын десең, мен саған қолдау білдіремін. Осы шағын наубайхананы өз игілігіңе пайдалан» деді. Сол күндерден бастап мен күнде кешкісін наубайханаға келіп, нан пісіріп, таңертең оны таныстарымның дүкендеріне апарып сатып жүрдім. Менің кәсіпкерліктегі баспалдағым осылай басталған болатын,-дейді өткен күнді еске түсірген Эльбрус Мамедов.
Күн санап кейіпкеріміздің саудасы жүріп, табысы еселене түскен. Дәмі тіл үйіретін нанын мақтап, мадақтаушылардың қатары көбейіп, тапсырыс та еселенген. Осылайша кәсіпкер кәсібін өркендету мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидия алып, 3 млн.теңгені рәсімдеген. Несиесін уақытылы төлеп бітіргеннен кейін 6 млн.теңге, кейін 9 млн.теңге алып, наубайханаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. 2016 жылы алған 20 млн. 740 мың теңге несиесіне кәсіпкер наубайханаға қажетті құрал-жабдықтарды Түркиядан сатып алған. Техниканы толық меңгеру үшін арнайы маман шақыртып, жұмысшыларын да оқытқан. Өзінің 30 жас мерей тойында жаңа, замануи наубайхананы салтанатты түрде ашып, 20 адамды жұмыспен қамтыған.
- «Даму» қоры арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алдым. 19 пайыздың 9%-ын мен төледім. Осылайша, 20 миллион теңгеге Түркиядан құрал-жабдықтар сатып алып, үлкен наубайхананың жұмысын бастап кеттік. Жаңа технологиямен жұмыс жасау үшін жұмысшыларымды оқыттым. Нан өнімдерін дайындауға Бейнеудегі бидай терминалының ұнын пайдаланамыз. Өнімімізді Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданындағы сауда нүктелеріне жеткіземіз. «Ас атасы» сатып алушылардың сұранысына ие. Сөрелерде ұзақ тұрмайды, тез өтіп кетеді. Жалпы наубайхана 24 сағат үш аусыммен жұмыс істейді,-дейді наубайхана басшысы Эльбрус Мамедов.
Оқи отырыңыз: Журналистер арасында байқау жарияланды
Наубайханада тәулігіне тапсырысқа сай 10 мың көмеш нан пісіреді. Одан бөлек 20-дан астам әр түрлі нан өнімдері дайындалады. Алдағы уақытта кәсіпкер оның санын кондитерлік өнімдермен көбейтуді және өнімдерін сататын киоскілер ашуды да жоспарлап отыр.
- Жақында грузин тандырын дайындауды қолға алдық. Ол үшін Грузияға барып, сол жақтан арнайы маман шақырдым. Ендігі жоспарым кондитерлік цех ашу. Торт, печенье дайындау. Қайырымдылық шараларына да белсене қатысуға тырысамыз. Биыл Құрбан айт мерекесінде өнімдерімізді тұтынушыларымызға тегін тараттық. Сатып алуға мүмкіншілігі жоқ қала тұрғындары нанымыздың дәмін татып, ризашылықтарын білдірді... Жалпы бәсекелестік орта болуы керек деп есептеймін. Одан қорықпау керек. Керісінше, бәсекелестік орта арқылы өнімнің сапасын арттыруға, үнемі ізденіс үстінде жүруге мүмікіндік болады,-дейді жас кәсіпкер.
Венера МИРЛАН