«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі-27 жастағы жас кәсіпкер Гүлшат Тұяқова. Бүгінде ол шаһарда алғашқылардың бірі болып, «тәтті» бизнестің дамуына жол ашты, тоңазытылған йогурттер дайындауды қолға алды.
- Жеке кәсібім болса деп көп армандадым. Басқа қалаларға, шет мемлекеттерге барған кезде лайықты бизнес идеяны қарастырып жүрдім. Бір жылдары өзім жұмыс жасайтын әуе компаниямның арқасында Европаға саяхат жасаудың сәті түсті. Сол кезде мен тоңазытылған йогурт сататын дүңгіршектердің алдындағы ұзын-сонар кезекті көрдім. Мен де барып сатып алып, дәмін таттым. Өнімнің дәмі ұнады, түрі де көрнекі. Алайда, бағасы Қазақстан үшін қымбат көрінгендіктен, бұл ойды ұмытуға тура келді. Бірақ, бір күні осындай өнімді Алматыда байқап қалдым. Ол қалалықтардың арасында үлкен сұранысқа ие болып, сәтті сатылуына көзім жетті. Осылайша, туған жерімнен тоңазытылған йогурттер дайындап, сатуды қолға алатын болып шешім қабыладым,-дейді жас кәсіпкер.
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда қазақ сыныбына баратын өзге ұлт балалары көбейген
Нақты шешім қабылдап, алдына үлкен мақсат қойған ару ата-анасына салмақ салмай, қаржыландыру көздерін іздей бастайды. Банктерге барғанымен жалақысы аз болғандықтан, қажетті қаражат үшін тұтынушылар несиесін ала алмайды. Оған қоса, пайыздық мөлшерлемелері мен пәтерді кепілге қою Гүлшатты қауіптендірді. Сондықтан ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегіне жүгінеді.
- Банктердің басты талабында-пәтерді кепілге қою көрсетілді. Менің жекеменшік пәтерім жоқ және ата-анамның пәтерлерін кепілге қоюдан бірден бас тарттым. Мен ол кісілерге салмақ салғым келмеді. Барлығын өз күшіммен жасауды жөн деп таптым. Оған бірталай күш жұмсап, сабырлық таныту керек екенін түсіндім. Соңғы үмітім «Даму» қоры болғандықтан, барып, өзімнің идеямды айттым. Қордың кепілдігі мен менің табандылығымның арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасымен 14% жылдық мөлшерлемемен несие рәсімдеуге жолым түсті. Оның 7% -ын қор қаражаттандырады, ал қалған 7% -ын мен төлеймін,-дейді Гүлшат Тұяқова.
Қарызға алынған қаражатқа жас кәсіпкер жабдықтарды және Ресейлік «Yogumi» брендінің франшизасын сатып алған. Ең шығындысы сыйымды фризерді сатып алу болды. Ол болмаса сақтау мерзімі екі күнді ғана құрайтын, тоңазытылған йогуртты өндіру және сақтау мүмкін емес екендігін айтады.
- Шикізатты Краснодардан жеткіземін. Сатып алушыларымызға тоңазытылған йогурттерді, ақуызды коктейльдерді, салқындатқыш сусындар мен кофені ұсынамыз. Сырттан қарағанда барлығы оңай әрі әдемі көрінгенімен, өндірісте тұрақты бақылап, жүргізіп отыру керек. Шын мәнінде менің бизнесім бейнеті көп күнделікті еңбекті талап етеді. Сондықтан маған ауысыммен жұмыс істейтін екі қызметкер көмек береді. Жалпы қарамағымда 3 адам жұмыс істейді, - дейді жас кәсіпкер.
Венера МИРЛАН