12 қыркүйек күні қала әкімдігінің мәжіліс залында жұмыспен қамту мәселесінің төңірегінде дөңгелек үстел өтті.
Қазіргі таңда қаламыздағы жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрап отыр. Жұмыспен қамту мәселесін шешу жолында, 2016 жылы қала әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығы арасында, қоғамға қызмет көрсететін мердігер мекемелер де бос жұмыс орындары пайда болған жағдайда 50 пайызын жұмыспен қамту бөліміне беріп, аутсорсинг арқылы халықтың осал тобына жататын тұлдыр жетім, балалар үйінің түлектері, ата-анасының мүмкіндігі шектеулі, мүмкіндігі шектеулі бала асыраушы, табысы аз көп балалы отбасыларынан жұмысқа жолдауға келісімге келгені белгілі. Арнайы құрылған комиссияға құжаттарын тапсырып, тізім де жасақталды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, осы жағдайдан жұмысы бар да, жұмыссыздар да әкімдікке ағылғаны белгілі. Ағымдағы жылдың мамыр айында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысқан 43 мекеме ұсынған 128 бос жұмыс орнына орналасудың орнына кейбір тұрғындар мұнай саласынан жұмыс сұрағаны белгілі.
Қазіргі таңда қаламызда 142 мыңнан астам тұрғын бар. Ал, «Өзенмұнайгаз» АҚ аутсорсинг әдісі бойынша жұмысқа кірмегендерді есептегенде, шамамен 9 602 қызметкер бар. 2017 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша экономикалық белсенді халық 65 172 адамға жеткен. Бұл «ӨМГ» АҚ-да ЭБХ-ның 14,7%-ын ғана жұмыспен қамти алады деген сөз.
Қалалық прокуратура бастауымен «Халық игілігі үшін» атты акция аясында өткен дөңгелек үстелде талқыланған негізгі мәселе - халықты жұмыспен қамту.
- Мемлекет тарапынан қандай бағдарламалар бар, оларға қалай қол жеткізуге болатынын тұрғындардың көп біле бермейтіні рас. Сондықтан осындай акция аясында кәсіпкерлікті дамыту және жұмыс орындарын ашуды халыққа түсіндіру мақсатында жиналып отырған жайымыз бар, - деп жиынды ашқан Жаңаөзен қаласының прокуроры, әділет кеңесшісі Омар Сүтбаев сөз кезегін қала әкімі Елубай Әбіловке берді. Өз кезегінде қала әкімі әкімдік тарапынан аталмыш мәселе төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі - жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту. Бұл туралы қаламыздағы іссапарында облыс әкімі Ералы Тоғжанов тапсырма берген болатын. Елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама» бар. Осы бағдарламаға сәйкес біз кәсіпкерлікті дамытуды қолға алдық. Жыл басынан бері 7459 адам жұмыссыздар есебінде тіркелді. Тұрақты жұмысқа 2746 адам орналасса, оның 1454-і жұмыспен қамту орталығынан жолданды. 984 адам өздері жұмысқа орналасты, - деген қала әкімі республикалық, облыстық бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне тоқталды. Айтуынша, Шығыс Қазақстан облысына 4 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына 1 отбасы көшірілген.
Кәсіпкерлікті дамыту барысында қаламызда бірнеше шара қолға алынды. Ағымдағы жылдың өзінде пайыздық мөлшерлеме, субсидиялау бойынша 1 млрд. 897 млн. теңгеге 25 кәсіпкерлік жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, 127 жаңа жұмыс орны құрылды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында 29 млн. теңге бөлініп, 7 адам шағын несиемен қамтамасыз етілген.
- Бүгінде жұмыс іздеуші азаматтар көбейіп келе жатыр. Олардың барлығына қысқа мерзімді оқуларды ұсынып жатырмыз. Біз қазір вакансия, мамандық, кәсіпкерлікті дамыту және компьютерлік сауаттылықты арттыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Бұрын оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа тұруға барғанда бақылау тестінің кейбір сұрақтарына жауап бере алмай қалып жатқан азаматтар да жоқ емес. Оларды қайтадан біліктілігін арттыру курстарына жіберіп жатқан жайымыз бар. Ақтау тренинг орталығында көптеген жастар жүк ілуші, стропальщик және дәнекерлеу ісі бойынша білім алуда. 9 азамат оқуын аяқтап, тесттен өтіп, Ақтау қаласындағы мекемелерге жұмысқа тұрды. Жұмыспен қамту орталығына тіркелген азаматтардың көпшілігінің мақсаты - аутсорсинг әдісі арқылы жұмысқа кіру екендігі жасырын емес. Барлық жұмыссыз азаматтарға кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын түсіндіріп жатырмыз. Егер де, өз жеке ісін ашқысы келсе, мал шаруашылығын қолға аламын деген ой болса бізде көптеген жобалар қарастырылып жатыр. Аталған бағдарлама бойынша берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6% құрайды, - деген Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Айгүл Сисенбаева басқа облыстарға қоныс аударған отбасылардың қазіргі жағдайына тоқталды. Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО қоныс аударған отбасыларға жалдамалы пәтерлер беріліп, жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушілер болса өз тараптарынан киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Ол отбасыларға 600 мың теңгеге дейін субсидия төленген. Қоныс аударуға ниет білдіретін азаматтар қалалық жұмыспен қамту орталығына ақпарат алуға хабарласуына болады. Жыл басынан бері Маңғыстау облысы бойынша «Жаңа серпін» орталығы ашылған. Сол мекеменің мақсаты Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданының жұмыссыз тұрғындарына көмектесу. Жыл басынан аталған орталық арқылы 60-қа жуық тұрғын білім алып, оның 12-сі «Кен-құрылыс-сервис» ЖСШ-на өндірістік тәжірибеден өтуге жолданып, қалғаны Ақтау қаласында жұмысқа орналасқан. Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар түйіндемелерін жұмыспен қамту орталығына тапсыра алады, онда жоғарыда орталықпен байланысатын маман бар.
- «Даму» Қорының міндеті - шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жан-жақты қолдау көрсету, сонымен қатар Қазақстандағы операторлар мен интеграторлар болып табылатын ұсақ қаржыландыру ұйымдарына қаржылай, консалтингтік қызмет көрсету. Аталған қор аймақтар мен жекелеген салаларға арналған мақсатты бағдарламалар аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру; субсидиялау - банктердің бизнесті дамытуға бөлетін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін азайту; кепілдендіру - банктер алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме беру және гранттық қаржыландыру мақсатында қаржылай қолдау білдіреді, - деп «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қор» АҚ Жаңаөзен қаласы бойынша орталығының менеджері Бибігүл Салықбаева аталған қордың негізгі қызметін түсіндірді. Аталған бағдарламаның оң-солымен damu.kz сайтында танысуға болады.
- «Жаңа Серпін» бағдарламасы аясында Алматы қаласында агроном мамандығы бойынша 1 айлық оқу курсынан өтіп келдім. Мамандығым бойынша қазіргі таңда Ақтау қаласындағы «Нұрзада» ЖШС-не жұмысқа кірдім. 6 айға дейін жалақым мемлекет тарапынан, кейін жұмыс беруші тарапынан төленеді. Қазір жұмыс барысында оқыған білімім тәжірибеге ұласып жатыр. Осы бағдарламаның арқасында қызметке орналастым. Бұл тікелей «Жаңа серпін» бағдарламасының көмегі деп білемін. Сондықтан, жұмысқа орналасқыңыз келсе осы орталыққа жүгініңіздер, - дейді аталған бағдарламаға қатысушы Сәт Есен.
Тағы оқыңыздар: «Тәтті» бизнестің ханшайымы
Елбасы әркез Қазақстандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканың қозғаушы күші болуы керек екендігін айтады. Сондықтан да елдегі кәсіпкерлік саласының жетілуіне ұдайы баса назар аударып отырады. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек» деген болатын. Ендеше, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Мемлекет басшысы ел азаматтарын патриот болуға, отандық өнімді тұтынуға шақырды. Елімізде кәсіпкерлерге жақсы жағдай жасалып жатқан кезде отандық өнім өндірушілер қатары қазіргіден де арта түсері сөзсіз. Олай болса, отандық өнім өндірушілерді, кәсіпкерлерді қолдау, отандық өнімді тұтыну - келешегіміздің кепілі екендігін ұғынғанымыз жөн.
Түйін. Мәскеу де бірден құрылған жоқ. Кез келген белді кәсіпкерді алып қарасаңыз, бәрі де бір кішігірім саудамен айналысудан бастаған. Ешқайсысы да таңертең ұйқыдан тұра салып мен сауда орталығын ашамын деген жоқ. Ойланып көрелік, қандай кәсіп ашсақ қала тұрғындарына, әсіресе бос уақытын тиімсіз пайдаланатын жастарға не қажет? Бала күтуші мамандар ұсынатын агенттік, қала және облыс бойынша туристік бағытта кеңес беру, жүкті әйелдерге арналған йога орталығы, шағын клининг компаниялары, т.б. Ғаламторға біраз көз жүгіртсеңіз дайын бизнес-жоспар да, идеялар да көп. Тіпті, ғаламтор қолданушыларының бірі «Ең болмаса асхана немесе шаштараз ашу керек. Адамның қарны да аша береді, шашы да өсе береді» деген пікір білдіріпті...
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА