Облыс әкімі Ералы Тоғжанов сенбі күні Жаңаөзенге жасаған кезекті іссапарында қаладағы балалар ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы Жаңаөзен қаласында осы күнге дейін өз алдына дербес балалар ауруханасы болмады. Қала жұртшылығының балалары орталық аурухана ішіндегі бөлімдерде ғана емделіп келді. Енді осы түйткілді мәселенің шешімін табатын сәті келіп жеткен сияқты. Сол үшін әр жердегі бөлек-бөлек бөлімшелердің басын біріктіріп, өз алдына дербес 125 орындық балалар ауруханасын ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған. Қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуына қарағанда бұл балалар ауруханасының бұрынғы бөлімшелерге қарағанда мүмкіндіктері мен артықшылықтары анағұрлым көп болатын көрінеді. Мысалы, аталмыш аурухананың жылу жүйесі аяқталған. Бірер күннің ішінде пайдалану актісі тапсырылмақшы екен. Жалпы бұл жұмыстарға 167 миллион 979 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, бұл жерде орталық қабылдау бөлімі болады. Онда «Тряж жүйесі» бойынша жұмыс жүргізіледі екен. Кезек күттірмейтін науқасқа шалдыққан балаларға тікелей сол жерде жансақтау бөлімдеріндегідей дәрігерлік көмек көрсетіліп, жоғарғы қабатқа жіберіледі. Ол үшін арнайы лифтілер жұмыс жасайды. Орталықтандырылған оттегі орталығын ашу да ойларында бар көрінеді. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Бұл жер бірте-бірте білікті мамандармен толықтырылып жатыр. Жалпы қалаға биыл 15 жас маман келді. Келгендердің ішінде тәжірибелі 20 маман бар. Тағы бесеуі келеді деп күтілуде. Бұлардың бәрі Астана, Ақтөбе, Ақтаудан келген дәрігер мамандар. Қазірше солардың сегізі баспанамен қамтамасыз етіліпті. - Жаңаөзен қаласы бірте-бірте өсіп, өркендеп келеді. Бүгін бұған дейін келгендегі берілген тапсырмалардың орындалуын қарап шықтық. Үлкен алаңдар мен халық демалатын саябақ алаңдары пайда болып жатыр. Көптеген игілікті істер атқарылып, қала әжептәуір өзгерген. Жаңаөзен қаласында мамандар мәселесі жоқ емес. Жақсы мамандарды шақыру үшін жақсы жағдай жасалуы керек. Бұлар да бірте-бірте шешіледі деп ойлаймын. Сіздерде күн тәртібінде тұрған мәселелер бар. Балалар ауруханасына 167 миллион теңге қаржы бөлінген. Медициналық орталық ашу үшін 2,5 миллиардтай қаржы керек. Сонда орталық аурухананы медициналық орталыққа көшіруге мүмкіндік жасалады. Адамның ішкі ағзаларын жуып тазалайтын орталық ашылып, халық Ақтауға қатынамай, осы жерде емделетін болады. Сондықтан қала әкімдігі «Медициналық жедел жәрдем» машиналарын жаңалауды ұйымдастырыпты, - деп Ералы Ұлықпанұлы су жаңа 6 «Жедел жәрдем» мәшинесінің кілтін салтанатты түрде тапсырды.Облыс басшысы мұнайлы қаладағы іссапарында «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нде болып, зауыттың бүгінгі таңдағы газ өңдеп, өндіруінің барысымен танысты. Өйткені соңғы кездері аймақта газ жетіспеушілігі анағұрлым аңғарыла бастады. Соның салдарынан газ құю стансаларында кезекте тұратын автокөліктердің тізбегі ұзын-сонар шақырымдарға созылып кету жағдайлары жиі қайталануда. Мұның көлік жүргізушілерінің алтын уақытын бекерге сарп етіп, халықшаруашылығы салаларының екпініне айтарлықтай кедергі келтіріп жатқандығы сезілуде. Сол үшін аймақ халқына құрамында күкірт қышқылы көп Ақтөбенің иісті газын пайдаланды. Осыған байланысты мәселелерді шұғыл тексеріп, газ құю стансаларындағы шетсіз, шексіз автокөліктер кезегін барып көрген өңір басшысы ел тізгінін ұстаған бірқатар атқамінерлерге сөгіс берді. Мысалы, Ақтау қаласының әкіміне ескерту, оның орынбасарына сөгіс берілді. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары қызметтен шеттетілді. Сонда да облыста газ жетіспеушілігі мәселелері толық шешіліп кете қойған жоқ. Сол үшін Ералы Тоғжанов «ҚазГӨЗ» ЖШС-дағы кейбір түйткілді мәселелерді келіп, өз көзімен көріп, жіберілген қате-кемшіліктерді жылдам жою туралы зауыт басшылығы мен инженер-техник қызметкерлеріне қатаң тапсырды.
Облыс әкімі қаладағы саябаққа өзгертіліп жатырған бұрынғы Тәуелсіздік алаңы мен «Дулыға» кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Оларға бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалып, тиісті құрылыс жұмыстары сапалы әрі жылдам жүргізіліп, шаһар тұрғындарының көңілді әрі жәйлы демалулары үшін қолайлы мүкіндіктер жаратуға өзінің ұсыныс пікірлерін айтып, тиісті тапсырмаларын берді.
Облыс әкімі сыйымдылығы 40 мың кубтық су тазалап, сақтайтын кешен құрылысымен де танысты. Белгіленген жоба бойынша келесі жылдың екінші жартысында пайдалануға берілсе, Жаңаөзен тұрғындарының ауыз су тапшылығынан көрген азабы азда болса жеңілденер еді.
Жаңаөзенен Ақтауға кетер күре жолдың 10-15 шақырымының тұсында 1974 жылғы Өзен-Гурьев-Куйбышев магистралдық құбырындағы апат салдарынан пайда болған шоғырланған қауіпті мұнай қалдықтары амбары бар. Бұл Алыбсентамон амбары деп аталады екен. Оның аумағы мамандардың анықтауынша бірталай гектарды алып жатқан көрінеді. Бұдан екі жылдай бұрын амбардың бір шетінде өрт пайда болып, өрт сөндірушілердің тынымсыз еңбегінің арқасында екі-үш күнде әрең сөндірілген. Сонда да 10-15 күндей түтеп жатты. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Жаңаөзенге кезектегі сапары осы амбардың бүгінгі жағдайымен танысумен аяқталды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Суреттерді түсірген С. МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35173,35182,35183,35174,35177,35176,35175,35178,35179,35180"]