Қазақстандықтар латын әліпбиіне көшкен кезде құжаттарын ауыстыра ма? Бұл сұраққа Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта өткен парламенттік тыңдау кезінде Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев жауап берді. «Құжаттар бірте-бірте ауыстырылады. Қазір қолда бар құжаттар мерзімі аяқталғанша жарамды болады», - деп атап өтті Досаев. Оның айтуынша, барлық процесс латын әліпбиіне көшу жоспары бекітілгеннен кейін басталып, халықаралық талаптарға сәйкес өтеді. «Біздің жоспарымызда бірқатар өзгеріс қарастырылған», - деп толықтырды премьер-министрдің орынбасары. Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин латын әліпбиіне көшу қазіргі заманның талабы екенін атап өткен еді. «Еліміздің әрбір азаматы латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениет жетістігінің басты жолы екенін білуі тиіс. Өйткені латын жазуы – адамзат дамуындағы күшті тілдердің бірі. Бұл ғылым мен техниканың, Интернет пен IT – XXI ғасырдағы технологиялардың тілі, сондықтан біз бұл жауапты кезеңге үлкен дайындықпен келдік, ауқымды жұмыс атқарылды», - деді ол.
Дереккөз: baq.kz