©
Өңірімізде 22-26 тамыз аралығында ҚР өрттен құтқару спорты бойынша ерлер арасында XXIV, әйелдер арасында IV жазғы чемпионаты өтті. 26 тамыз күні теңіз жағалауында чемпионаттың жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Оған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Республикалық Өрт сөндіруші және құтқарушы спорт федерациясының директоры, бас төреші Даурен Данаев, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Қуанар Базарбаев қатысты.
Сайыс төрт кезең бойынша өткізілді: оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту, 4х100 метрге өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю. Жазғы чемпионатқа еліміздің 14 облысынан 18 команда қатысты.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорты – батыл да ержүрек жандардың спорты. Ол мықты физикалық дайындықты қажет етеді, қайсарлық, кәсібилік және төзімділік секілді маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Қапыда қалған көмекке мұқтаж жандарға көмектесуге кез келген сәтте дайын болуға дағдыландырады.
-Өрт-құтқару спорты бойынша жарыс – өзгеше бір сынақ. Ол біздің құтқарушыларымыздың жоғары кәсібилігін, командада жұмыс істей білетіндігін, қиын сәттерде адамдарға көмекке дайындығын көрсетеді. Әр команда үздік нәтиже көрсетті. Біздің қонақжай жерімізде біз әрқашан сіздерді көруге қуаныштымыз, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Еліміздің әр өңірінен келген 300 спортшы топ жару үшін барын салған еді. Бас жүлдеге автокөлік тігілді. Тартысты сайыс қорытындысы бойынша Астана қаласы үздік топ атанды. Астанадан келген төтеншеліктерге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Ал екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы иеленсе, Маңғыстау үздік үштікті қорытындылады.
Айта кетейік, енді чемпионат жеңімпаздары халықаралық аренада ел намысын қорғайды.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="33778,33779,33780,33781,33782,33783,33784"]