©
Міне, оқушылардың жазғы демалысы да соңына таяп келеді. Балдырғандардың жазғы демалысын көңілді де қызықты етіп өткізген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кәсіптік одағының қарамағындағы «Алау» сауықтыру орталығы биылғы маусымын аяқтады. «Алау» лагерінің жабылу рәсімі салтанатты түрде өтіп, шараға демалушы балалар мен ата-аналар, демалыс орнының ұжымы мен БАҚ өкілдері қатысты. Биыл «Алау» сауықтыру орталығында Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен келген 1 300 бала бес лекте демалып, алдағы оқу жылын ерекше көңіл-күймен бастағалы отыр. Теңізден ескен кешкі самал жиналғандардың бойын сергітіп, балалардың жанды жадыратар тәтті күлкісі мерекенің сәнін аша түсті. Әсем безендірілген сахнада «Алау» лагерінің демалушы балалары мен тәрбиешілер кезекпе-кезек өнер көрсетті. Бірі ән салса, екіншісі би билеп, енді бірі флеш-моб ұйымдастырды. Салтанатты шараны «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Талғат Айдынов ашып, жылы лебізін білдірді. Балалардың денсаулығы мықты, көңілі шат болса, ата-ана үшін сол – қуаныш. Бүлдіршіндерге ұмытылмас демалыс сыйлағаны үшін лагерь басшылығына ата-аналар да рахметін жаудырып жатты. Мерекелік кеш теңіз жағасында алау жағумен аяқталды. Балалардың уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтуды көздейтін «Алау» сауықтыру лагері 1987 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының және жұмысшылардың күшімен салынған. Осы 30 жылдың ішінде «Алауда» 30 мыңға жуық бала демалған. «Бүгінде сол балалардың өзі ата-ана атанып, енді олардың балалары «Алауда» демалып жүр. Былтырдан бастап жұмысшылардың немерелерін де қабылдай бастадық. Бүлдіршіндерге демалыстың қатты ұнайтыны сонша, қайта-қайта келгісі келеді. Балалар бойына күш-қуат жинап, мектепке жақсы көңіл-күймен барады деп ойлаймын», – дейді «ММГ» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов. Мұнда балалар күніне 5 мезгіл тамақтанады. Олар Ақтау қаласының көрікті жерлерін, мұражай мен ботаникалық бақты аралап, кинотеатрларда, ойын-сауық аттракционында алаңсыз демалып, көңіл көтерген. Одан бөлек, бекіре фермасы, түйеқұс шаруашылығы, жылқы фермасының жұмысын көріп, түрлі сала қызметкерлерімен кездескен. «Лагерьдің қатты ұнағаны сонша, екінші жыл қатарынан келіп отырмын. Лагерьде жаңа достар таптым. Бассейнге, мұз айдынына, шағын зоопаркке бардық. Маған бәрінен де «пародия күні» қатты ұнады. Бұл күні әнші Psay болып киініп, пародия жасап, бас жүлдені жеңіп алдық», – дейді 12 жастағы Дания Шотанова. «Алау» сауықтыру лагерінде балалардың шығармашылық, танымдық қабілетін шыңдай түсу үшін түрлі көңілді шаралар ұйымдастырылып, үйірмелер жұмыс істейді. 13 жастағы Әділет Уәли «Алау» сауықтыру лагерінде ашылған фотостудияда да фотоөнердің қыр-сырын үйренген. «Жетекшіміз фото, видео түсіруді үйретті. Лагерьде болатын түрлі шараларды түсіріп, монтаждап, интернетке жүктеуді меңгердім. Маған бәрінен де концерт түсіру ұнады. Болашақта фотограф болғым келеді», – дейді ол. «Алау» лагеріне алғаш рет келіп тұрған 9 жасар Ақерке Сездіханқызы би үйірмесіне жазылған. «Ұстазымыз бізге үнді биін үйретті. Басында қиын болды, би қимылдарын ұмытып қалып жүрдім. Бірақ артынан үйреніп алдым, билеген қатты ұнайды», – дейді ол. «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген аталы сөзді еске ұстаған «Маңғыстау мұнай газ» акционерлік қоғамы әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп келеді. Биыл компанияның ұйымдастыруымен барлығы 1 869 бала жазғы демалысын мазмұнды да мағыналы етіп өткізген. Яғни, «Алау» лагерімен қатар, компания 569 баланы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінде орналасқан демалыс орындарына жіберді. Өңіріміздің табиғаты – қатал, өндірісте жұмыс істеу оңай емес, сондықтан компания ең алдымен өндірісте жүрген мұнайшылардың, көпбалалы отбасылардың балаларына жағдай жасауды міндет етіп алған. «Қостанай облысындағы Бурабайда 303 бала демалса, биыл алғаш рет Шымкент қаласындағы «Машат Арасан» орталығында 266 бала демалып қайтты. Балалар өте байқампаз, табиғатқа құмар келеді. Олар басқа өңірлердің Маңғыстаудан ерекшелігін, ауа райының өзгеше екенін, бізде кездеспейтін ағаштар мен жануарлардың бар екенін айтады. Демалыстан алған әсерлері шексіз. Бұл жақсы дәстүрді одан әрі де жалғастыратын боламыз», – деп атап өтті «ММГ» АҚ бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрсерік Күдереев. Бүгінде өңірімізде туризм кластеріне ерекше көңіл бөлінуде. Ақтау теңіздің жағасында тұрғанымен ерекшеленсе, Маңғыстау облысында еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің басым бөлігі орналасқан. – Болашақта «Алау» лагерінде демалып жатқан балаларды Маңғыстаудың тарихи орындарына апару да ойымызда бар. Бәлкім, тарихи ескерткіштерді өз көзімен көргеннен кейін балалардың ішінен болашақ тарихшылар, өлкетанушылар шығар, – деді Нұрсерік Қадырсізұлы. Расында, биылғы жаз «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы қызметкерлерінің балалары үшін өте ерекше болды. Өйткені компанияның демеушілігімен 2000 бала ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалап, тарихи сәттің куәсі болып қайтты. Компанияның әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекші маманы Ұлбике Сариеваның айтуынша, балалар ЭКСПО-дағы павильондарды ғана аралап қоймай, Астана қаласына да экскурсия жасаған. Тағы оқыңыздар: «Ақбөбекте» қызықты акция өтті – Балалардың қуанышында шек жоқ. Ата-аналар бүлдіршіндердің жаңа технологияларды көріп, бүкіләлемдік деңгейдегі шарадан ұмытылмастай әсер алғанын, өмірге деген көзғарасы өзгергенін айтады. Баласы ЭКСПО-ға барып келген бір ана қатты әсер алғаны сонша, Астанадан келгеннен кейін төрт күн бойы сөйлемегенін, содан кейін ғана фотоларын көрсетіп, көрмеде көрген қызықтарын, көңілге түйгенін айтып тауыса алмағанын айтып келді, – деді ол. Осылайша, отызыншы рет есігін айқара ашқан сауықтыру лагері биылғы маусымын аяқтады. Жаймашуақ жаз соңына таяп, күлімдеген алтын күз өз кезегін күтіп тұр. Жағада алау жаққан балалар «Алауда» жолықтырған достарымен қимай қоштасты. Ал «Алау» сауықтыру лагері балдырғандарды келесі жылы да асыға күтеді.Камшат ОҢҒАЛТАЙ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="33659,33663,33665,33658,33660,33664"]