Ақтауда баласына церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған аналарға тегін массаж курсы ашылды. Курс «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынған. Қор директоры И. Досмұхамбетовтың айтуынша, курсқа Жетібай, Жармыш ауылдарынан, Мұнайлы ауданынан келген 10-ға жуық адам қатысқан.
Аналардың айтуынша, церебралды сал ауруына шалдығып, қимыл-қозғалысы кенжелеп қалған балаларға ай сайын 10 күннен массаж алуы керек. Ауылда маман жоқ, ал ай сайын қаладағы арнайы орталықтарға келіп ем қабылдау қиын.
«10 жастағы қызым ДЦП-ға шалдыққан. Балалары ДЦП-ға шалдыққан аналарға массаж жасау курсы өтетіні туралы әлеуметтік желіден оқып білдім. Жетібай ауылында массаж жасайтын маман болмағандықтан, бұған дейін Ақтауға қатынап жүрдік. Арасында ақылы жасатамыз, арасында арнайы оңалту орталықтарында тегін жасататын едік», – дейді Шынар.
Тағы оқыңыздар: Көрікті үй – қала ажарын ашадыАйгүл есімді мұнайлылық келіншек 4 жастағы баласының қимыл қозғалысын жақсарту үшін Астанадағы балаларды оңалту ұлттық орталығына барып, 24 күндік ем қабылдап келіпті. Ол курстың өтетіні туралы әлеуметтік қызметкерден естіген. Ал, жетібайлық Раисаның 3 жасар баласы ДЦП-ға шалдыққан. Ол массаж курсы туралы басқа балалардың анасынан естіп келіпті. «Мұнда массажды қалай жасау керектігін, нүктелерді қалай дөп табу керектігін көрсетті. Шынын айтсам, ем іздеп әр жақта жүргендіктен, үйде де болмай жатамыз. Кейде тегін жасатқақ, кейде ақылы жасатуға тура келеді. Күніне 1000-1500 теңгеден 10 күн массаждың қанша тұратынын есептей беріңіз», – дейді ол.
Бүгінде Қазақстан бойынша 14 мыңға жуық бала церебралды сал ауруына шалдыққан науқас ретінде тіркелген.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="33638,33644,33639"]