©
Кеше редакциямызға Ақтау қаласының тұрғыны қоңырау шалып, ауыр халде жатқан шетел азаматына көмек керектігін хабарлады. Айтуынша, азамат қаладағы құрылыстардың бірінде жұмыс істеген, алайда қазір әлсіз күйде көшедегі жеміс-жидек сататын дүңгіршектің бірінде жатыр екен. Оқиғаның мән-жайын білмекке, жол бойындағы дүңгіршекке біз де жол тарттық.
Шығыс-2 шағын ауданы 21 үйдің жанында бізді орта жастағы әйел мен ұлы күтіп алды. Артынша бізге хабарласқан Жаннат Абутаева да келді.
Аталған мекен-жайда Нұрсейітовтер отбасының шағын жеміс-жидек сататын нүктесі бар екен. Сұрастырып білгеніміз бойынша, көмекке зәру Руслан жиырма күннің көлемінде осында жатыр. Тұрғындар оның Қарақалпақстан Республикасының азаматы және оларға ешқандай жақындығы жоқ екенін алға тартты. Ендеше мұнда қалай тап болғанын, қалай кездескенін сұрадық.
-Бұл кісі ешқандай жақынымыз да, танысымыз да емес. Осында тамақ сұрап келетін. Сұрастыра келе, далада қалған кісі екенін білдік. Құжаттары жоқ, денсаулығы да нашар. Кейін көрінбей кеткен соң балам іздеуге шықты. Сөйтіп қоқыстың жанында жатқан жерінен тауып алып келді. Содан бері жағдайымыз келгенше ас-суын беріп, қарап жатырмыз. Денсаулығы нашар болған соң балам «Ча-Кур» клиникасына апарып та тексертті. Онда айтқаны, денесіндегі ылғал азайып кеткен, тамырлары дұрыс жұмыс істемейді деді. Қанша уақыт тамақтанбай, су ішпей, далада жатып қалған. Содан тапқан ауруы шығар, ол жағын білмедік. Дәрілерін, емдерін қабылдап жатыр. Ақылы мейірбике әкеліп, инелерін салдырып жатырмыз. Жақсы болатын шығар деген үміттеміз, - деді Гүлнар Нұрсейітова.
Қайырымды жандар алғашында оны өз үйлеріне әкеліп, қарайласқан.
-Бірақ бұл кісіде өкпе ауруы бар екен. Үйде балаларым, келінім мен немерелерім бар. Сондықтан оны үйде ұзақ ұстай алмадық. Басқа апаратын жеріміз болмағандықтан, осында әкелуге мәжбүр болдық, - деді Гүлнар ана.
Оның жеміс сатып алуға келген жандардың бәріне айтып, қол ұшын беруді сұрап жүргеніне де біраз болыпты. Редакциямызға хабарласқан Жанат та сондай тұтынушылардың бірі екен. Русланның жағдайын көріп, ол да көмектесуге бел буған.
-Мен де осы жерден өтіп бара жатып тап болдым. Бұл кісінің ешкімі де емеспін. Адам болғаннан кейін бәріміз де көмектескіміз келеді. Алдымызда Құрбан айт келе жатыр. Ең біріншіден, осы Нариманға рақмет. Қанша күннен бері бағып-қағып жатыр. Қолдан келгенше біз де көмектсекіміз келеді, - дейді ол.
Русланның өзінің айтуынша, Қазақстанға 2016 жылдың мамыр айында келген. Мақсаты – жұмыс істеп, қаражат табу. Дегенмен мұндағы уақытының жартысына жуығы науқастанумен өтіпті. Құжаттарын жоғалтып алғанын айтады. Сол себепті ешқандай аурухана оны емдеуге құлықсыз. Отанына да қайту қияметке айналған. Жақында Нұрпейісовтер отбасы секілді қайырымды жандарға жолығып, қазір солардың қамқорлығын көріп жатыр еді. Ендігі арманы – еліне қайтып, қарт ата-анасының жанына бару болатын.
[caption id="attachment_33208" align="alignnone" width="1200"] Руслан жатқан дүңгіршек[/caption]Біз бұл мәселе бойынша көші-қон полициясы басқармасына келгенімізде: «Құжаттарын Өзбекстан елшілігіне барып ала алады. Біз ол кісіні тек сонда бағыттайтын анықтама береміз» деген жауап алдық. Нариман да Русланды ертіп мұнда құжат мәселесімен келгенде дәл осы жауапты естіпті. Алматы қаласында орналасқан елшілікке баратын Русланда хәл болса, біз де қуанар едік. Бірақ өзі айтқандай, 5 қадамнан артық жүруге шамасы жоқ, уақыт өткен сайын тыныс алуы да қиындай берген. Сондай-ақ, көші-қон полициясы басқармасынан Русланның аты-жөні жүйеде (база данных) тіркелмегендігін білдік.
https://www.youtube.com/watch?v=OgXfTjj_rHw&feature=youtu.be Русланның журналистерге пікір білдіруге шамасы келмеді. Ұзақ сөйлеуге әлі келмейтінін айтып, көп сұрақ қоймауымызды өтінді.Русланның мұнда қарайласар жақын-жуығы, туысы жоқ екен. Дегенмен оның жанашыр тілеулестерінің барын да аңғардық. Бірді-екілі бірге қызмет еткен достары, таныстары қаражат жинауға, еліне оралуға көмектесуге ниетті екенін байқатты.
-Қарақалпақстанның Төрткүл ауданының тумасы. Сонда ата-анасы, бауырлары тұрады. Жаңа жылдың алдында да сырқаттанып қалып, ауруханаға апарғанбыз. Сонда Русланның денсаулығының мүлдем нашарлап кеткенін айтты. Өкпе ауруы барын сонда білдік, - дейді ауылдасы Руслан.
Тағы оқыңыздар: Шекарашылар мерекесі
Бұдан соң біз «Мейірім» қоғамдық бірлестігіне хабарластық. Олар Русланның мәселесін жан-жақты қарастырып, емделуі, құжаттарын қалыпқа келтіру секілді жұмыстарды қолға болатын. Бірлестік жұмысына белсене кіріскен сәтте Русланның жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Бұл жолы да оған аурухана төсегі оңайлықпен бұйырмады. Дегенмен сонда жарты күн жатқаннан кейін біз оның ана өмірге аттанып кеткені жөнінде суыт хабар алдық...
ПС: Русланның көшеде ит-құсқа жем болмай, аурухана төсегінде көз жұмғанына шүкір еткеннен өзге амалымыз жоқ. Ол Гүлнар апайға ас сұрап келмегенде, ұлы Нариман оны қоқыстан тауып әкелмегенде жағдайы қалай боларын қазір болжай да алмаспыз... Мейірім танытып, үйінен жылы орын беріп, тамақтандырған Нұрсейітовтер отбасының бұл қайырымды ісі бәрімізге үлгі боларлықтай-ақ. Ана дүниеге аттанғанға дейін жанында болып, түнімен аурухана есігін күзетті. Енді арулап, соңғы сапарға да өздері аттандырмақ...
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Ескерту! Суреттер мен бейнежазбалар Руслан қайтыс болардан бұрын түсірілген