Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2017 жылы 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту - 84,7%-ға жеткен. 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында 1022 орынға арналған 13 жекеменшік балабақша ашылған.
-Облысымыз бойынша апаттық мектептер жойылды. Үш ауысымды жұмыс жасайтын мектептер саны-5 (1097 бала), оқушы орнының тапшылығы облыс бойынша-5491 бірлікті құрайды. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Ұлттық қор есебінен 4 мектеп құрылысы, республикалық бюджеттен 4 мектеп құрылысы басталды. Жаңаөзен қаласынан 125 орындық жекеменшік «Каспий» зияткерлік мектеп-бақша кешені ашылды. 2016-2017 оқу жылында облыс бойынша 16 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары жаңартылған білім бағдарламасымен оқыды. Жаңа оқу жылында 2, 5, 7 сыныптар жаңа бағдарламамен оқитын болады,-деген облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова аймақтағы барлық мектептер 100% интернет желісіне, оның ішінде кең жолақты интернет желісіне 115 мектеп қосылғанын атап өтті.
2016 және 2017 жылдары 3449 мұғалім «Білім мазмұнын жаңарту» бағдарламасы бойынша курстан өткен. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері - 1600. Деңгейлік бағдарламалар мен білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы бойынша курстан өткен мұғалімдердің жұмысын үйлестіру, барлық мұғалімдерге әдістемелік көмек және қолдау көрсету мақсатында 17 жетекші мектеп белгіленген.
Тағы оқыңыздар: 18 баспамен келісімшарт жасалған
Қазіргі уақытта 572 физика, информатика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін үйрену курсынан өтуде. Олар А1-А2, В1-В2 деңгейлерін игеріп шығады. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап ауыл мектептерінің 300 мұғалімі жергілікті бюджет есебінен қосымша оқытылатын болады.
Венера МИРЛАН