Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болып, өңірде өткен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күндерін қорытындылады.
Министрлік қызметкерлері 11-15 тамызда Түпқараған, Мұнайлы аудандарында, Жаңаөзен, Ақтау қалаларында жұртшылық өкілдерімен кездесіп, еңбек және әлеуметтік саланың өзекті мәселелері хақында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс сапары барысында Светлана Жақыпова мен облыс әкімі орынбасары Шолпан Илмұханбетова Ақтау теңіз портында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Бір топ «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасының қатысушылары мамандық меңгеру, жұмысқа орналастыру бағытында елімізде жасалып отырған қолдаудың жастарға мүмкіндіктер ашып отырғандығына өз өмірлерінен мысалдар келтірді.
-Осы бағдарламаның арқасында төрт баламды бағып, алаңсыз жұмыс істеп жатырмын. Ресейде оқып, докер-механизатор мамандығын меңгердім, - деп жас жігіт Қонысбек Телмұхамедов ризашылығын жеткізді.
Еркін пікір алмасу барысында вице-министр «Жаңа серпін» бағдарламасының мақсаты, жүзеге асыру тетіктері, жұмысшы мамандығын қажет ететін өңірлерге қоныс аударудағы , керекті кәсіптерді меңгеру үшін оқытудағы жеңілдіктері, бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер жайында баяндады.
Үкіметтің қолданыстағы бағдарламалары жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Облыста «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында былтыр 7 мың адам еңбекпен қамтылса, жыл басынан бері 4 мыңға жуық тұрғын (69%) тұрақты жұмысқа орналасқан. Халықтың жұмыспен қамту орталықтарына сенімі артуда. Айталық, 2015 жылы орталыққа 60,5 мың адам хабарласса, 2013-2014 жылдардағы кезеңдегі көрсеткіш - 28,5 мың адам ғана өтініш білдірген. Биыл жұмыспен қамтылған халық саны 17,4 мың адамға өсіп отыр.
-Дегенмен, мемлекет тарапынан жасалар қолдау-көмектің мүмкіндігін пайдаланбай жүргендер әлі де көп. Біз аймақтарға шығып, халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мұндай жұмыстар өңірлерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі күндерін өткізу арқылы оң нәтиже береді деп ойлаймын. Үкіметтік бағдарламаларға жұртшылық көбірек тартылса мақсаттың орындалғаны, - дейді Светлана Кабекенқызы.
Бұдан кейін вице-министр жұмыс берушілермен кездесті. Мұнда тиісті сала басшыларының жалақы төлеу, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарға қатысты ақпараты тыңдалды. Жыл басынан бері облыстағы 52 кәсіпорын бойынша 356 жұмыскер алдында 84 миллион теңгеден астам жалақы бойынша берешек анықталып, еңбек инспекторларының араласуымен толық төленді.
Ағымдағы жылдың 1-шілдесінде Маңғыстау облысы бойынша міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек 210,4 миллион теңге болса, жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда (254,5 млн.тг.) 44,1 миллион теңгеге төмендеген. Сол сияқты әлеуметтік аударымдар бойынша берешек 76,3 миллион теңгені құрап, жыл басымен салысырғанда (95,3 млн. тг.) 19,0 миллион теңгеге азайған. Шара барысында еңбек заңнамасы талаптарын сақтаудағы жақсы нәтижелерімен көрінген «Маерск Ойл Қазахстан», «Арман» БК, «Вагенборг» кәсіпорындарына сенім сертификаты табыс етілді.
Жұмыс берушілермен өткен мәжілісте өңірдегі бала туудың жоғары көрсеткіштері, қоныстанушылардың көптігі, өндіріс орындарының мүмкіндіктері еңбек нарығының ахуалына оң ықпал ететіндігі айтылды. Вице-министр жалақыға берешектің жоқтығы жақсы көрсеткіш екендігін атап өтті. Жалпы облыста 143 мыңнан астам адамның мәртебесі анықталмаған. Бұл өңір халқының 22,7 пайызы. Алдағы уақытта 82 мың адамның әлеуметтік мәртебесін анықтау қажет. Мұндағы мақсат-міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен өзара байланысты жандандыру. Жұмысшылардың құқын қорғау белсенді жұмысты қажет етеді. Жұмыссыз жүрген әр адам есепке алынуға, еңбекке тартылуға тиіс.
Сапар барысында Светлана Жақыпова «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысымен, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Түстен кейін аймақ активімен өткен мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова ашып, әкімдіктің қолдауымен іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілермен бірлесе атқарылған жұмыс нәтижелері, кәсіпкерлікті қолдау бағытында бюджет қаражатының жұмсалу көрсеткіштері төңірегінде қысқаша мәліметтер келтірді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Маңғыстау облысындағы күндерін қорытындылаған Светлана Жақыпова сапар нәтижелері, Маңғыстау облысында жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жетістіктері мен олқы тұстары, үкіметтік бағдарламаларды іске асырудағы басшылыққа алынар бағыттар жайында баяндап, алда тұрған басты міндеттерді атап өтті.
Болат ҮМБЕТОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32775,32776,32774,32777,32761"]