Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында орналасқан бірқатар өндірістік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты. Құрылыс барысына көз жүгіртіп, өндіріс үрдісінің жай-жапсары жайлы толық мағлұмат алды.
Алдымен өңір басшысы «QSM Precast Concrete Aktau» ЖШС-не бас сұғып, зауыт өндіріс қуатымен танысты. Кәсіпорын аумағы 8 га жер бөлігін құрайды. Темір-бетон өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорын 28 тамыз күні толықтай іске қосылады деп көзделген. Қазіргі таңда зауыт Құрық порты құрылысына қажетті өнімді дайындаумен айналысуда. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысына қатысты нақты тапсырмаларды жүктеді.
«Келесі жылдың наурыз айына дейін 27 мың дана тетропад шығаруды жоспарладық. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы жасақталды. Зауыт толықтай іске қосылғанда 200-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Жуырда зауыт аумағында жұмыскерлерге арналған нысан бой көтереді. Арнайы кешенде асхана, демалыс орындары мен жатақхана бөлмелері орналасады. Жалпы жоба құны 768 млн. теңгені құрады»,-дейді «Казахсельмаш» ЖШС басқарма төрағасының кеңесшісі Қанат Батырханов.
Облыс әкімі болаттан түрлі өнімдер шығаратын зауыт аумағын да аралап, жұмыс барысын байыппен бақылады. Кәсіпорын аумағы 2 га жер бөлігін алып жатыр. Мекеме іске қосылғанан кейін 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба құны 941 млн. теңгені құрайды. Зауыт жылына 1200 т болат өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын ағымдағы жылы толықтай іске қосылады.
«Зауыт құрылысы сәуір айында басталды. Биыл қазан не қараша айларында толықтай іске қосуды көздеп отырмыз. Жұмысшылар аусыммен жұмыс жасайды. Бір аусымда 15 адам еңбек ететін болады. Болат өнімдеріне мұнай-газ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сұраныс мол»,-дейді кәсіпорын өкілі Асылхан Нихсанов.
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов «Ақтау ЭнергоМаш» ЖШС-іне барып, нысан аумағын аралады. Зауыт трансформаторлар мен электр кабельдерін өндірумен айналысады. Зауыт аумағы 9,8 га жерді алып жатыр. Ал оба құны 9,1 млрд. теңгені құрайды. Өндіріс нысаны жылына 2500 т электр кабельдері мен 1200 дана электр жабыдқтарын өндіреді екен. Облыс әкімі зауыт тынысымен танысып, қызметкерлердің хал-жағдайын сұрап, тілдесті. Зауыт басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ