Ақтауда 1 960 литр дизель отынын заңсыз сатпақ болған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне қалада белгісіз тұлғалардың заңсыз дизель отынын сатып жүргені туралы ақпарат келіп түскен. 2017 жылғы 14 маусымда Ақтау қаласындағы «3А» шағынауданға қарама-қарсы орналасқан «ОРС-1» базасында Иран Ислам Республикасының үш азаматы алдын ала сөз байласып, шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз екі мың литрге жуық мұнай өнімін, яғни дизельді 211 000 теңгеге сату кезінде ұсталған.
Бұл дизельдік отынның нарықтық құны 272 440 теңге тұрады екен.
Ақтау қалалық сотының судьясы, БАҚ-пен байланысын үйлестіруші судья Айнұр Қызылбаева аталған үш азаматтың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабының 1 бөлігіне сәйкес, мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдап, сақтап, өткізгені үшін 50 АЕК мөлшерінде, 113 450 теңгеден айыппұл салынғанын және олардан мемлекет пайдасына сот шығындары үшін 80460 теңге өндірілгенін айтты. Шетелдік азаматтар бір ай ішінде айыппұл төлеуден жалтарған жағдайда қамаққа алынуы мүмкін.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.