Өткен аптада БҰҰ-ның Маңғыстау өңіріндегі даму бағдарламасы қорытындыланды. 2014-2017 жылдарға арналған облыс әкімдігімен бірлескен бағдарлама аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша 27 гранттық жоба іске асырылды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару бағытында 7, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 25-тен астам жоба жүзеге асырылды. Жұмыссыздарды, егде жастағы адамдар мен мүгедектерді бейімдеуге арналған 7 орталық пен шеберхана ашуға қадам жасалды.
Сонымен қатар жоба аясында қаланың тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы саласында автоматтандырылған жүйені қолдану тәсілдері енгізілді. Бұл жүйе электр энергиясын үнемді пайдаланып және ақауларды онлайн түрде бақылауға мүмкіндік береді. Әлгі жүйенің әлемде баламасы жоқ. Бағдарлама аясында 400 мемлекеттік қызметкер кәсіби біліктілігін арттырды, маңғыстаулықтар қолөнер бұйымдарын жасауды меңгерді. Бұлар бағдарламаны қорытындылауға арналған басқосуда айтылды.
Жиналысты кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орыбасары Шолпан Илмұханбетова БҰҰ-ның Маңғыстау өңіріндегі даму бағдарламасының маңыздылығына тоқталса, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел өңірде жүзеге асырылған жобалардың кейбірінен қысқаша ақпарат жеткізді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқару басқармасының сарапшысы Мақсұт Құрықбаев Маңғыстауда жүзеге асырылған істерді оң бағалады.
«Қазақстан Үкіметінің энерготиімділік жөніндегі жобалары» жобасының сарапшысы Айман Шопаева «Маңғыстау облысының қалаларындағы «жасыл» жобалардың нәтижесі» тақырыбында баяндама жасады.
-«Жасыл» экономика немесе көміртекті жобалар дегенді халықтың әл-ауқаты мен экономикалық дамуына кедергі келтірместен, энергияны үнемді де тимді пайдалана отырып, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтудың экономикалық моделі деп түсінуге болады,-деді ол.-2050 жылға дейін дамыған елдердің барлығы көгілдір отынға деген сұранысын 50 пайызға дейін азайтуды мақсат етіп қойып отырғаны белгілі. Біздің еліміздің де өз алдына қойған мақсаты бар. Мысалы, 2025 жылға дейін сұранысты 25 пайызға азайту үшін тиімді технологияларды пайдалануымыз керек. Онсыз мақсатқа қол жеткізу мүмкін болмай қалады. Көміртекті жобалар бойынша, мысалы, қала шаруашылығында орта және шағын бизнесті дамыта отырып, нивестиция әкелуге ұмтылуға тиіспіз. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына инвестиция тарту өте қиын екендігі түсінікті. Дегенмен, бұған инвестиция тарту үшін қаладағы орта және шағын бизнесті дамыта отырып, жаңадан жұмыс орындарын ашу қажет. Сонымен қатар осы жоба нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың халыққа ұсынатын қызметінің сапасы артып, коммуналдық төлемдер төмендейді. Бұл тәжірибе жүзінде біздің жобаларымыз арқылы дәлелденген. Және қоршаған ортаға шығарылатын көмір қышқылдарының да үлесі төмендейді. Қанат қақты жобаларға келетін болсақ, біз осы өңірдегі мемлекеттік мекемелер, яғни, мектептер мен тұрғын үй салаларында да жұмыстар жасадық. Атап айтсақ, Ақтау қаласындағы №3 мектепте, Форт Шевченко қаласындағы Өмірбаев атындағы мектепте, Ақтаудың 3-шағынауданындағы №157 және 9-шағынаудандағы №9 үйлерде энергияны тиімді пайдалануға бағытталған осындай қанат қақты жобалар іске асты. Сондай-ақ Ақтау және Форт Шевченко қалаларының көшелерін жарықтандыру, жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Бұдан әрі А.Шопаева бұл жұмыстарға арнайы тоқталды. Мәселен, № 3 мектепте жылу энергиясын тұтуынуды автоматтандыру пункті орнатылды. Ол арқылы қоршаған ортаның күндегі температурасына байланысты қажетті жылу ғана алып, 1 жылда 70 мегакалория жылу үнемделді. Бұл энергия тұтынуды 30 пайыз азайтып, мемлекеттің қоржынында 300 мың теңге үнемделді деген сөз.
Сонымен қатар мектептегі сынып бөлмелерінің жарықтандырылуын жаңғырту жобасы іске асты. Мектепте әр оқушы партасында 300 люкс жарық болуы керек десек, қазір люкстер 155-тен аспайтын көрінеді. Яғни, балаға қажетті жарық екі есе төмен. Осы жоба аясында кәдімгі шамдарды светодиоттық жарық беру шамдарына ауыстырған соң партадағы жарық мөлшері 400 люксқа дейін артты. Ал тақтада 500 люкстан артты. Сөйтіп, балалардың сабақ меңгеруіне жағдай жасалды. Сондай-ақ люминесценттік шамдарды жаққан кезде жыпылықтау болады, шу болады. Осы шу мен жыпылықтау баланың нерв жүйесіне кері әсерін тигізеді. Статистика бойынша мектепке келген кезде балалар арасында шамамен 7 пайыздайының көз жанарының ақауы болады да, мектепті бітіріп шыққанда 70 пайызға дейін балалардың көз жанарында ақау болады екен. Бұған мектептердегі жарықтандырудың әсері бар екенін айтады мамандар. Осы мектептегі 1017 шамның 65-і ғана ауыстырылып, соның өзінде осы мектептің жарық тұтынуы 20 пайызға азайып, әжептәуір қаржы үнемделген. Егер мектепті түгелімен светодиод шамдарға ауыстырса, жұмсалатын бүкіл энергия қуатының 50 пайызын үнемдеуге болады екен. Осылайша, 600 мыңнан астам теңге мемлекет қоржынында қалмақ.
Сондай-ақ бұл мектепте энергоменеджмент негіздері енгізілді. Мұны энергияны дұрыс тұтынуды үйрету деп түсінген жөн. Энергияны тек қана керек кезде, қажет мөлшерде ғана тұтынар болсақ, артық шығын болмасы анық. Энергоменеджмент негіздерінің сабақтары мектеп қызметкерлері мен оқушыларына жүргізіліп, команда құрды. Команда мүшелері энергия ресурстарын тұтынуды өздері қадағалай бастады. Мысалы, жарықты өшіру, терезені жабу сияқты шаралар бұрынғыдай бей-берекет қалмай, қадағаланатын болды.
Форт Шевченко қаласындағы Өмірбаев атындағы мектепте газ отынын пайдаланатын автономды қазандық бар. Осы жылу беру қазандығы қоршаған ортаның температурасына байланысты қажетті жылуды ғана алатын етіп автоматтандырылды. Нәтижеде жылу энергиясын тұтыну 20 пайыз азайып, 500 мыңнан астам теңге үнемделді. Жарықтандыруды жаңғырту осы мектепте де жүргізілді. Мұндағы ауыз су тапшылығы да шешілді. Бұл мектепте 2004-2005 жылдары ағаш терезелері металпластикке ауыстырылған екен. Бірақ желдеткіш қарастырылмағандықтан бөлмелерді желдету мүмкін болмай қалған. Жоба аясында терезелерді бұзбастан желдеткіштер орнатылды.
Басқосуда Ақтау қаласындағы пәтер иелері кооперативінен Жеңіс Қуанов, биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі БҰҰ даму бағдарламасының сарапшысы Арай Белгібаева және БҰҰДБ аясында жұмыс жүргізген үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сөйлеп, бағдарлама бойынша атқарған табысты жұмыстары туралы әңгімеледі. Есепсіз ысыраптың алдын алу көзделген осынау ауқымды бағдарламадан бастау алған бұл жұмыстар келешекте де жалғасын таппақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32159,32161,32160,32158,32156,32157"]