Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен «Достық» үйінде «Ата кәсіпке-бір қадам» аймақтық ауылшаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Отандық өндірістің өрісін кеңейтіп, бизнестің буынын бекітуге бағытталған жәрмеңкеге облысымыздың қала және аудан-ауылдарынан 20-дан аса кәсіпкер қатысты.
Кең залдағы көрмеге ұлттық қолөнер бұйымдарынан бастап, бау-бақша көкөністері, сүт және кондитерлік өнімдердің алуан түрі, тіпті бекіре тұқымдас балықтар да қойылған. Әсіресе, сары қымыз бен ақ шұбат, тіл үйіретін ірімшік, құрт, балқаймақ көрменің төрінен орын алыпты. Нарықтағы бағадан төмен әрі сапалы, экологиялық таза Маңғыстауда жасалған өнімдерге қызығушылық танытқан жұртшылық жәрмеңкедегі сауданы қыздыра түсті. Облыс әкімі А.Айдарбаев бастаған қонақтар көрме- жәрмеңкені аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты. Аймақ басшысы Алик Серікұлы ұлттық тағамдардан дәм татып, қаракөл қойының терісінен тігілген шапанды киіп көрді.
-Аймағымызда ауылшаруашылығы саласын дамытуымыз керек. Бұл саладағы мәселелер мен кедергілер бүгінгі конференцияда кеңінен талқыланады деген сенімдемін. Облысымыздың әр түкпірінен келіп, өнімдерін ұсынған тауар өндірушілерге алғыс айтамын,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Көрмеде облыс әкімі Алик Айдарбаев өңірде орта және шағын бизнесті дамытуға үлес қосқаны үшін бірқатар кәсіпкерлерге Алғыс хат табыстады.
- 2011 жылы «Заңғар-Асу» қоғамдық қоры жанындағы дайындық орталығында ата-бабаларымыздың төрт түлікті тамақ, көлік ретінде пайдаланудан бөлек, оның көмескіленген емдік қасиеттерін жаңғыртуды қолға алдым. Оқушыларым осы тақырып төңірегінде ғылыми жобалар қорғады. Оқушыларыммен бірге аттың қылынан ұлтарақ, таңғыш-массажер, бас киім жасадық. Сонымен қатар емдік шөптерден, жылқының қылынан бронхит, өкпе, тері ауруларына және жөтелге жақпай май, жылма дайындаймын. Бүгін осы көрмеге Маңғыстау ауданынан келіп қатысып, облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алдым, қуаныштымын. Көрмеде ауылдан алып келген өнімдерімнің бірнешеуі сатылып кетті,-деді «Заңғар- Асу» қоғамдық қорының төрайымы Аққалам Дүйсенбаева.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН