ҚР Премьер-Минстрінің орынбасары-ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметовпен өткен жиында сөз алған өңірдегі шаруалар су тұщытатын қондырғы сатып алу үшін субсидия көлемін ұлғайту, егін шаруашылығымен айналысатындарға құдық қазуға жағдай жасау, көршілес Түркменстан мемлекетінен аруана сатып алуға жәрдемдесу, жем-шөп мәселесін дер кезінде шешу мәселелерін қарастыруды көтеріп, Министрге осы бағытта көмек қолын созуды ұсынды.
- Бұған дейін де бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Елімізде жүзеге асып жатқан «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылықтарын дамытуға бағытталған мүйізді ірі-қарада - «Сыбаға», қой шаруашылығында - «Алтын асық», жылқы шаруашылығында - «Құлан» бағдарламалары жұмыс істеп тұрса, түйе шаруашылығында күні бүгінге дейін бағдарлама жоқ. Осы бағытта «Ойсыл қара» деген бағдарлама қабылданбасқа?! Одан бөлек көршілес Түрікменстаннан күніне 10-15 литр сүт беретін аруаналарды әкеліп, сауын фермалары ұйымдастырылса деген ұсынысымыз да бар. Түрікмен елінің заңы қатал, түрікмен аруанасын «ұлттық құндылығымыз» деп шекарасынан өткізуге қатаң тыйым салған. Осыны Үкімет тарапынан келіссөзбен шешуге болмас па еді? Осы мәселе шешілсе, түйекеш шаруаларымыздың бір көтеріліп қалатыны анық. Шұбат өндірісі де молаяр еді,-деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Жаңабай Сүйіндіков.
Өз сөзінде Министр шаруалар көтерген мәселелер аяқсыз қалмайтынын, тиісті деңгейде шешімін табатынын айтты. Жиын қорытындысы бойынша Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелендіру бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді.
Жиыннан кейін меймандар «Ақтау халықаралық теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында, «Ақ бидай-терминал» АҚ-да болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.