(XVIII-XIX ғасырлардағы Үстірт пен Маңғыстау, Жем бойындағы кейбір тарихи оқиғалар және халық батырлары Дәуімшар мен Құдабайдың жорықтары)
Бақтыбай ЖАЙЛАУ,
педагогика ғылымдарының магистрі, PhD,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау тарихының территориялық тұрғыдан қос тармағы Жем бойы, Жылыой өлкелерімен тығыз байланысты. 1932 жылға дейін Маңғыстауға, яғни Адай уезіне қарап, кейінгі бөлініске байланысты Ақтөбе облысының әкімшілігіне еніп, 1940 жылы халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген аудан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер және XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың басындағы кейбір тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы мәліметтер жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Солардың бірі – Дәуімшар-Құдабай батырлар мен олардың Үстірт пен Маңғыстау, Жем бойындағы жорықтары туралы деректер.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жазған ұсыныстары – аймақтық деңгейде ғана ұлықталып, ұрпақтары тарапынан ғана еске алынып тұратын ұлы тұлғалардың ерлігі мен еңбегін мемлекеттік деңгейде тарихи тұрғыдан лайық бағалауға негіз болды: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс...» [1; 2].
Тарих – таным үшін һәм тағылым үшін маңызды. Арысы – адамзаттың, берісі – ата-бабаларының басынан кешкенін, елі мен жерінде болған оқиғаларды ұрпақтары біліп қана қоймай, олардан үлгі де, сабақ та алуы керек. Осы орайда 1810 жылғы Дәуімшар-Құдабай жорығын жұрт жадында жаңғырту мақсатында маңғыстаулық және ақтөбелік ел азаматтары еске алу шараларын ұйымдастырды. Ол туралы мақаламыздың соңында ақпарат береміз. Алдымен «Дәуімшар-Құдабай деген кімдер?» дегенге шағын энциклопедиялық анықтамалық деректер мен ақын-жыраулардың шығармаларынан және өлкетанушылар мен баһадүр бабалар ұрпақтарының жазбаша және ауызша әңгімелерінен жауап іздейік.
Халық ақыны, ауыз әдебиетін жинаушы, шежіреші Үбіғали Бақтығалиұлы былай дейді: «Әңгімені атадан бастасақ, Адай – Келімберді – Мұңал – Қырықмылтық атанған Шоғы батырдың үлкен ұлы Есекейден – Жарас, одан – Тікенек атты бір ұл туады. Тікенектен: Құттықадам, Қармыс, Сармыс, Бозша, Сексенбай атты бес ұл туып, «Бес Тікенек» аталады. Дәуімшар батыр – Құттықадамның ұлы Қуаттан туған да, Құдайбай батыр – Сармыстың кіші баласы. Яғни, екеуі – бел немере. Қос батыр ер жетіп, ат жалын тартып мінгесін, батыр аталары Құттықадам, Қармыс, Сармыстардың жолын қуып, ел қорғап, патша үкіметінің отарлау саясатына және қоныстас қалмақтардың басқыншыларына қарсы жанын құрбан етіп күрескен халық батырлары...» [2; 73].
Дәуімшар батырдың ағасы Дәуленбердіден тарайтын аталас ұрпағы, ауыл шаруашылығының ардагері Иван Ізімов Дәуімшар қорымының басында бізге ата-бабаларынан жеткен әңгімелерді баяндап берді: «Дәуімшар он төрт жасынан батыл мінезімен, батыр тұлғасымен көзге түскен. Жастайынан жорықтарға шығып, шайқастарға қатысқан. Әруақты кісі болған, айналасындағы адамдарды айбары мен мысы басып, сұсы сескендіріп тұрады екен. Бірде жолаушылап жүріп бір ауылға түскенде, сол елдің ақсақалы, құрметті кісісі құрақ ұшып, алдынан шығып, атынан түсіріп, айрықша қошемет көрсетіпті. Қонақ қылып, кетерінде атына мінгізіп, өзі шығарып салып, қоштасыпты. Оны көрген ауылдастары:
– Оу, Пәленше-еке, сіздің мұныңыз қалай? Дардай ақсақал басыңызбен қаршадай баланың алдына түсіп, соңына еріп, елпеңдеп кеткеніңіз не? – дегенде, қария ойланып тұрып:
– Шырақтарым-ай, мен періштеден ұлымын ба? Бұл бала құр адам емес, өйткені оның атының шылауында періштелер еріп жүр, – деген екен. Қарияның өзі де жүрек көзі ашылған адам болғаны ғой. Әкем Дәндібай: «Бұл батырлар – Құдай алдында ағли шейіт («аһли шаһид») дәрежесіне жатады. Олардың денесін жумай (қанымен жуылады), кебінге орамай, қабірге сауытымен жерлей береді...» – деп айтып отыратын» [3].
Расында да, халық арасында «Кәпірге қару кезенген» деген ұғым бар. Діни сенім-наным бойынша сыртқы жаулардан отанын, елі мен жерін қорғау – джиһад болып есептеледі (бүгінде бұл қасиетті ұғым түрлі террористік-экстремистік ұйымдардың тарапынан бұрмаланып, радикалды бағытта сипат алуда – Б.Ж.). Осы жолда құрбан болғандарды ел қатты құрметтейді. Сондай-ақ әр жылдары Хиуа хандығына қарайтын халықтармен, көбіне түркмендермен соғыстарда шабуылды алдымен қарсы тараптың бастауын немесе олардың бірінші болып оқ атуын күтетін болған. Содан кейін ғана: «Олар діні бір өз бауырларына оқ атты, діннен шықты, енді соғыса берсек болады», – деген пәтуаға жүгінген...
Алашорда арысы – ғалым, қайраткер Халел Досмұхамедұлы 1925 жылы Ташкентте шыққан «Исатай-Махамбет» кітабының алғы сөзі ретінде жазған көлемді зерттеу мақаласында орыстың отарлау саясатына қарсы әр жылдардағы қозғалыстар мен көтерілістер туралы: «Адайдан шыққан Атағозы, Құдабай, Дәуімшар, Сүйінқара, таздан шыққан Өтен, Нарынбай, Төремұрат, беріштен шыққан Құлбарақ, Батырбек, Жапарберді, Кәбіс, Құлшар, есентемірден шыққан Мыңбай, Сұлтангелді, Көктаубай, тағы талай адам ел қорғап, қазаққа дұшпан дегендермен көп жауласқан. Қазақтың адай секілді рулары шындығында патша өкіметі Хиуа мен түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды...» – деп жазады [4; 52-53]. Бұған алда мысал келтіреміз.
Әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы XVII-XIX ғасырларда өмір сүріп, ел намысын қорғаған халық батырлары туралы жазып келіп, былай дейді: «Иса, Досан, Сүгір, Орақ, Дәуімшар, Құдабай сияқты батырлар – патша үкіметінің отарлаушылық саясатына қарсы шыққан халық батырлары. Сыртқы жаулармен елдің жер-суын, атамекенін қорғау, халық тәуелсіздігі үшін күресте ерекше көзге түскен яки сол жолда жандарын құрбан еткен халықтың аяулы перзенттерін астана жұрты ұмытпай, жыр арнап, ән-күйге қосып келеді. Халық батырларының бірқатары тарихи деректерде кездеседі, бірқатары ақындар жырында, шежірелер мен аңыз әңгімелерде айтылады. Олардың бірқатарына замандастары ескерткіш-бейіттер, күмбез-кесенелер тұрғызған...» [5; 286].
Тарихи оқиғаларды зерттеп-зерделеуде қазақтың ауыз әдебиетіне, аңыз әңгімелер мен сол тұстағы ақын-жыраулардың жыр-дастандарына да жүгінеміз. Өйткені олардың негізгі арқауы – өткен тарихымызға арналған.
Дәуімшар мен Құдабай батырларды ең көп жырлаған – «Жорық жыршысы» атанған Қалнияз жырау Шопықұлы. Оның әйгілі «Қожалақ батырға айтқаны» жырында:
Сармыс, Шотан, Ер Жанақ
Қалмақ жаумен шабысқан.
Атағозы, Ер Лабақ
Дұшпанды қуған қоныстан.
Дауымшар, Мыңбай, Құдабай
Патшаға қарсы ұрысқан, –
десе [6; 44-45], «Қоштасу сөздерінде»:
Тартынбай шапқан ерлер-ай,
Қаптағанда жау қалмақ,
Солардың бірі бұрынғы
Белгілі Бегей Қозыбақ,
Тәңіберген, Шотан мен
Сармыс, Есен, Ер Жанақ,
Туын жыққан дұшпанның
Атағозы, Ер Лабақ,
Өзім көрген кешегі
Амантұрлы, Қожалақ,
Балуанияз, Тұрмамбет,
Бердалы, Сүгір, Байбарақ,
Белгілі ерлер және де
Қармыс пен Өмір, Қонайым,
Жылқайдар мен Ер Төлеп,
Қарақай менен Шабайым,
Дауымшар, Рақ, Құдабай,
Бердібек, Досан, Мыңбайым –
Бұлардың бүгін бірі жоқ,
Қара жер жұтқан талайын,
Олар түгіл бүгінгі
Азайып жүр маңайым,
Іні, келін, қарындас –
Қаумалаған ағайын,
Көре алмасам қош болың,
Қалды Алшын, Кіші жүз,
Сегіз арыс Адайым... – деп, есіл ерлердің есімдерін түгел тізбектейді [6, 88-89].
Жыршы-жырау Жалғас Алагөзов орындаған Шалбар Қалнияздың Кете Тәжібай ақынмен айтысында Ұлықұм шайқасы туралы айта келіп, онда ерлік көрсеткен батырлардың аттарын атайды:
Жемнің арты – Ұлықұм, Келмеген дұшпан долы құм. Ұлықұмның бойында Үш жүз аулың шабылды. Дұшпан айдап малыңды, Қыздарың жесір алынды. Қане айтшы, сен Кете,
Сіздің ел сонда не қылды? Аты қазақ ары үшін Біздің елден ер Шырты, Амантұрлы, Күзенбай, Бабықтағы ер Мыңбай, Олжалаған орысты Дауымшар мен Құдабай, Құлыбек пен Төленді, Еснияз бен ер Шабай, Тағы да ерлер бірталай Көлденең Шыңның үстінен Жеті жүз Адай аттанды. Әлмембет салған жолменен, Желбіреген туменен, Әзілбайдың ақ суат Қуып жетіп артынан, Алысты ауыр қолменен, Басқыншы қалың жауменен. Жеті жүз Адай айқасып, Жан берісіп, шайқасып, Тоқтатты жауды жолынан, Жесірді алды қолынан. Айырды малды алдынан... [6, 140-142].
Бұл жыр-деректе айтылған оқиғалар да тарихи тұрғыдан зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.
1870 жылғы Иса-Досан көтерілісі күшпен басып-жаншылған соң, Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы, Ғафур Қалбыұлы бастаған Адайдың жетпіс биі мен старшыны, ел азаматтары пана сұрап, сол кездегі Хиуа ханы Атажанның алдына барып кеңес құрады. Олардың ішінде Қалнияз да болған. Сонда ақынның Атажан ханға айтты деген жырында мынадай жолдар кездеседі:
Мен жайымды білдірсем,
Түсінерсің себебін.
Сахыра жайлау, кең қоныс –
Еркін өскен ел едім.
Бұл күндері болғанда,
Болмай тұр менің дегенім.
Дауымшар мен Құдабай –
Жығылғасын өренім;
Исатай мен Махамбет –
Қолға түсіп қорланып,
Құлағасын тіреуім.
Досан мен Иса – түлегім,
Көріп келген ел едік
Ақ патшаның әлегін...
Ар жағым – Алаш ұранды
Ел едік байтақ құралды.
Құралым тарқап бүгінде
Көрдік қиғаш заманды.
Атақоныс Маңғыстау
Орыс алып даламды,
Туын жығып ерлердің
Жылатып қатын-баламды,
Орыстан қашып ығыстап
Келіп едік жеріңе
Сағалауға панаңды.
Өзімсініп келгенде
Қимайсың ба қараңды?
Хан көтерген қазақпыз
Шыңғыс хан – арғы бабаңды... [6, 65-66].
Осы кеңестен кейін Атажан хан қазақтарды Хиуа жеріне қоныстандырады. Оның да өз есебі бар еді. Ресей Хиуаға жорық ұйымдастырса, қазақ батырларын қалқан қылып, қарсы қоюды ойлаған. Ол ойы жүзеге де асады. Досан бастаған халық батырлары соңына дейін күрескенімен, Ресей 1873 жылы Хиуаны да басып алып, өзіне қаратады. Жоғарыда Х.Досмұхамедұлы: «Қазақтың адай секілді рулары шындығында патша өкіметі Хиуа мен түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды...» – дегені сондықтан. Бұл кезеңнің өзі жеке тақырып болғандықтан, қысқаша әрі жалпылама мағлұмат беріп отырмыз. Ал, Қалнияз жырау ауылымен бірге одан әрі Тескентау асып, Ауған барып, кері қайтарда Тәжікстан жерінде тұрақтайды, сол жақта өмірден өтеді...
Бұдан жиырма бес жыл бұрын өлкетанушы, қаламгер Ізбасар Шыртанов «Маңғыстау» газетінде жарияланған «Кім кетіп, Маңғыстауға кім келмеген?» атты мақаласында: «Кей деректерде Шерқала оқиғасы Құдабай, Дәуімшар есімді батырларға байланысты айтылады. Шерқала тауы Маңғыстау ауданының территориясында. Аңыз бен дастан мағынасы бірін-бірі қайталайды. Өтірік деп көріңіз. Өтірік деуге кімнің батылы барады?!» – деп жазады [7, 3].
Осы мақаласында Мұрат Мөңкеұлынан мысал келтіреді. Ақын «Өлім» деген термесінде батыр да, би де ажалдан құтыла алмайтынын, бірақ олардың ерлігі мен сөзі өміршең екенін айтады:
Ер өлмейді демеңіз,
Тал түсте Қыдыр дарыған,
Уызында жарыған,
Инедей қарны ашпаған,
Еңменіп жерді баспаған,
Тақыр жерде тайласқан,
Еменнен найза сайласқан
Беріштен шықты Ағатай!
Алақандай Нарынды
Бұйрат қылып қақ жарған
Махамбет пен Исатай!
Жетірудың ішінде
Есет пенен Бөкенбай!
Сегіз арыс Адайда
Дауымшар мен Құдабай!
Сейілханды бостырды,
Қайратына шыдамай!
Бұрынғы өткен ерлердің
Қайратын айтсам мынадай! – [8, 58].
Ал, сол ерлерді еске алып шығарған «Батырларды жоқтау» деген жырында:
Адайыңды мақтасам,
Дәуімшар мен Құдабай,
Алдына келген дұшпаны
Жапырылды шыдамай.
Бұрынғы өткен ерлердің
Қайратын айтсам мынадай... – деп сүйсінеді [8, 82].
І.Шыртанов жазған Шерқала шайқасына қатысты дерегіне де Мұрат пен Жылқышы ақынның 1860 жылы болған айтысында М.Мөңкеұлының айтқан сөзі дәйек болады:
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Жүйрік бол, жүйрік болсаң не қылайын?
Түскенде қырық күн тұман Шерқалаға,
Жүріпті қосшылыққа Телібайың.
Бар болса бір сырғияң батыр дейсің,
Мініпті Көбек байдан аттың майын.
Түрікпенді Шерқаладан төрт бостырған
Адайдың естіп едің бе Құдабайын?
Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір,
Бірінен бірі өтеді ақ сұңқардай,
Құлбарақ, батыр өтті Дауымшардай... [8, 112].
Белгілі ер Бегейдің ұрпағы Қалым жырау Тұманұлы да бұл батырлардың ерлігін дәріптей түседі:
Дәуімшар мен Құдабай
Патшаның әмір жарлығы –
Қазаққа қылған зорлығы
Көңілге жүрген ұнамай.
Сол себептен қос батыр
Қазақ елі ары үшін,
Атақоныс жер үшін,
Аянбай жұмсап бар күшін
Жауға шапқан шыдамай.
Қос батырдың найзасы
Желкесінен тигенде,
Қарсыласқан жауының
Бастары кетті домалап,
Кеудесі қалды құлап-ай.
Қалмақпен де соғысып,
Жесір алып олжалап,
Шайқасып өтті бұл Адай... [2; 77].
Ежелгі жыраулардың соңғы сарқыты Сүгір Бегендікұлы «Мүштәрих» сөзінде:
Дұшпанға қарсы шауып олжа алған
Сармыс батыр, Дәуімшар-Құдабайым.
Халқының қамын ойлап Төле молда,
Түркменмен тату еткен бұл Адайын.
Моласы осылардың Жем бойында,
Барғанда дұға етің, сіз ағайын! –деп, ерлік пен елдікті, парыз бен қарызды еске салады [9; 218].
XIX ғасырдың басы – қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билігі әлсіреген кезең еді. Хандарды орыстың патша үкіметі тағайындай бастап, олардың қызметін де бақылап отырды. Хан деген лауазымы болғанымен, өкілеттілігі шектелген. Тиісінше, осы кездегі зор тарихи міндет халық батырларына тиесілі болды. Олар елді басқыншы жаулардан қорғап, мемлекеттің бірлігі мен территория тұтастығын сақтап, ішкі-сыртқы саясатпен қатар айналысып, би деңгейіне де көтерілді. Осы кезеңдегі ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлардың саяси, әлеуметтік мәртебесінің күшеюіне ықпал етті. Сондықтан ел басына күн туған сәттерде саяси басымдық батырлар қолына өтті. Олардың туының астынан табылу жаужүрек жұрттың жауынгер ұландары үшін зор мәртебе болатын.
1812 жылы Александр І патшаның жарлығымен Кіші жүз екіге бөлінгенде: Ішкі ордада – Бөкей, Жайықтың сол жағасынан шығыс жақтағы өңірде Шерғазы хан болып жарияланғаны белгілі. Өлкетанушы ғалым, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев «осы оқиғалар қарсаңындағы тарихи құжаттарда Дәуімшар батыр Қуатұлы үлкен саясатқа араласып, өз жақтастарымен бірге халық өкілдері ретінде Шерғазы ханның билікке келуіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткені туралы деректер барын» айтады.
Ал, бүгінге дейін айтылып-жазылып жүрген деректерге сүйенсек, Дәуімшар мен Құдабай батырлардың соңғы жорығы шамамен 1810 жылдың күз айларында болған. Қатарына ағылшын сарбаздарын да қосып алып, барлау жұмыстарын жүргізіп, отарланған жерлерді игеруді жоспарлаған Ресей патша үкіметінің әскеріне қарсы аттанған. Жем бойында беттесіп, алғашында алыстан атысып тұрған екі жақ бір-бірінің қару қуатын байқайды. Бұлардың бес қаруы белінде: қылышпен кескілесіп, айбалтамен шабысып, найзамен шаншысып-түйресіп, шоқпармен соғысып, садақпен атысуға әбден машықтанған, тіпті білтелі мылтықтары да бар Қырықмылтық ұрпақтары бастаған батырларға бәрібір орыс отрядының отты қаруы басым екені білінеді. Өйткені олар зеңбірекпен қаруланған. Бір мезгілде жаңбыр жауады... Сол сәтте батырлар ақылдасып: «Зеңбіректің білтесі мен оқ дәрісі су тигенде от алмай қалып, атылмауы мүмкін. Келіңдер, біз осы жолы патша әскерінің үстіне атой салып араласып, найзаласып, қылыштасып жеңіске жетеміз», – деп лап қояды. Патша әскері өздеріне қарай шауып келе жатқан аламанға зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырып, қырғынға ұшыратады... [2, 79].
[caption id="attachment_33396" align="aligncenter" width="686"] Көрнекі сурет[/caption]«Батыр – аңғал, ер – қамсыз» деген сөз бар. Жауынгерлік дала заңын ұстанған батырлар аңғалдығынан ақкөздікке салып, қамсыздығынан зеңбіректің добына, мылтықтың оғына ұшырап, қапыда қаза табады. Бас сардар Дәуімшар мен інісі Құдабай батырлар арманда кетеді. Әділетсіз соғыста – қара күшті қару жеңеді. Екі жақтан да көп кісі өледі. Сүгір жырау Бозша Көбейсін Жұмағазыұлына арнаған толғауында осы соғысқа қатысқан Бозша Жанықұлұлы Өтеміс батырды жырға қосады:
Ашайын сөздің тиегін,
Дәуімшардың жауда өлген
Өтеміс алған сүйегін.
Кем деп ешкім айтқан жоқ,
Өтеміс ердің бұ жерін... [9; 170].
Соғыс басылған соң өлген адамдарды жинап жүргенде аттың екпінімен ойпаңдау жерге құлап түскен Құдабай батырды бауырлары тауып әкеліп, Дәуімшар ағасына жақын маңға – Сармыстың өзге де ұлдары жатқан молаға жерлейді. Содан бері бірі «Дәуімшар», бірі «Құдабай» моласы атанып кеткен. Екеуінде де екі батырдың әулеті, туыстары мен ұрпақтары жерленген.
Дәуімшар батырдың бауыры Дәуленбердіден дүреген аталас ұрпағы – Байғанин аудандық техникалық колледжінің шеберхана меңгерушісі Жұмабай Байғабылұлы былай дейді: «Шоғы батырдың ұрпақтары Жемнің бойын жағалап, қыста Сам құмына дейін, жазда Қайыңды, Алтықарасу, Кенжалы деген жерлерге дейін жайлаған. Біздер осы өлкенің жергілікті тұрғындарымыз. Ата-бабаларымыз: «Патша жарлығына бағынбаймыз, орысқа қоныс бермейміз!» – деп қарсы шыққан. Соның нәтижесі болуы керек, «Халықтың мұндай шабуылдарына көндіге алмаймыз», – деп орыс-ағылшын барлау экспедициясы кері қайтқан. Дәуімшар, Құдабай аталарымыздың өздері өлгенімен, олар жеңілген жоқ. Бабаларымыздың бұл ерлігін кейінгі ұрпаққа айтып, насихаттап жүреміз. Өйткені ол бодандыққа мойынсұнбауға, азаттыққа ұмтылуға үйретті» [3].
Енді әр аймақтың энциклопедияларын парақтасақ. 2008 жылы жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясында шағын дерек берілген: «Дәуімшар батыр 1770-1810 жылдары өмір сүрген. Мұңалға кіретін Шоғы (Қырықмылтық) руының Есекей тармағынан. Оның өмірі, ерлік жолдары Үстірт, Жем, Сағыз аймақтарымен тығыз байланысты. Осы өңірді басып алуға тырысқан қалмақ, башқұрт, хиуалықтардың бетін қайтарып, ұрпақ алдында өшпес ерлік үлгілерін қалдырған. Х.Досмұхамедұлы Дәуімшардың батырлығын жоғары бағалап, оны Атағозы, Сүйінғара, Өтен, Нарымбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, Көктеубай сынды ерлердің қатарында атаған. Моласы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс аулынан оңтүстік-батысқа қарай 37 шақырым жерде, «Дәуімшар қорымы» деп аталады. Басына кесене тұрғызылған...» [10, 257].
Қалмақ – әуелден қазақтың ата жауы саналады, екі елдің ғасырлар бойғы соғыстары Дәуімшардың дәуірінде де жалғасуы заңдылық. Ал, Ресей бодандығындағы башқұрт полктерімен соғысу себебі – Орынбор генерал-губернаторы, адмирал И.И. Неплюевтің 1744 жылы бастаған қазақ халқын атақонысынан ығыстыру туралы ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүзеге асқан жобасының жалғасы еді. Оның негізгі мақсаты – қазақ шекарасына тұрақты әскери бөлімшелерді орналастырып, башқұрттарды қазақтарға қарсы айдап салу. Бұл міндетке қалмақ, башқұрт қана емес, орыс-казак әскерлері де жаппай жұмылдырылды. Алайда олар қазақ батырларының тегеурінді қарсылығына ұшырап келді.
2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында: Дәуімшар қорымы туралы мәлімет бар: «XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қойылған 200-ден астам ескерткіштерді қамтитын бұл зират Адайдың Қырықмылтық бөлімінің батыры Дәуімшар есімімен аталады. Аңыз әңгімелерге қарағанда мұнда қалмақтармен соғыста қаза болғандар жерленген. Екінші бір мәліметте Дәуімшардың бастауымен қазақ жасақтары кезінде ағылшындар экспедициясымен қақтығысып, содан көп адам қаза табады. Бұл 1810 жылы болған. Осы ұрыста қаруы аса көп ағылшындар оғынан Адайлардың көп адамы шейіт болады, келімсектер жағынан да шығын болады. Ағылшындардың моласы қауымның етек жағында жатыр...» [11, 372-373].
Қазір Астана қаласының тұрғыны, тарихшы, өлкетанушы, саяхатшы Сәрсенбай Ерқасымов тоқсаныншы жылдардың соңы мен екімыңыншы жылдардың басында Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясында бас маман болып, ғылыми зерттеу бағытында көптеген жұмыстар атқарған. Оның сипаттауынша: «Дәуімшардың моласы сол заман үлгісі бойынша шариғат заңына сәйкес салынған. Жалпы формасы төрт құлақты, төбесі ашық, қабырғалары саманнан қаланған. Құбыла тұсында қызыл күрең тастан қазақы оюмен өрнектелген құлпытас орнатылған. Құлпытастың жоғарғы жағындағы символ – мұсылмандар белгісі екені айқын көрініп тұр. Кеңес үкіметі тұсында зияратшылар кириллица әріптерімен жазылған цемент құлпытас орнатып, шүберек байлау үшін 4-5 метр ағаш сырық қадаған. Ескерткіштің ішіне кіретін есігі оңтүстік бетінде, «П» үлгісінде арнайы өңделіп дайындалған тастардан қаланған. Екі ғасырға жуық уақыт бойы күн, жел, жауын-шашын сияқты табиғи құбылыстарға төтеп беріп, әбден мүжіліп, бастапқы формасын жоғалта бастағанда, 2000 жылы маңғыстаулық ел азаматтары жанашырлық танытып, бейітті одан әрі бұзылудан сақтау үшін Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясына консервация жасау туралы архитектуралық жобасын ұсынған. Ол жоба мақұлданып, 2001 жылы ескерткіштің сыртын қоршай отырып, Маңғыстаудың тасымен моланы жаңартып, қазіргі ескерткішті салған.
[caption id="attachment_33397" align="aligncenter" width="3439"] Дәуімшар батыр бейіті (фото С.Ерқасымовтың жеке архивінен, 1998 жыл)[/caption] [caption id="attachment_33398" align="aligncenter" width="711"] Дәуімшар батыр бейітінің қазіргі көрінісі[/caption]Қазақстанның батыс өңірлерінің тарихи-мәдени ескерткіштерін көңіл қойып зерттеп жүрген ғалым Серік Әжіғалиев менің жаяу саяхатқа шығатынымды біліп, мынадай ой айтқан: «Егер Дәуімшар қорымын зерттей қалсаңыз, ескерткіштердің қаншасына батысқа, қаншасына оңтүстікке, қаншасына солтүстік батысқа қарап тұрған құлпытастар орналасқанынана назар аударыңыз», – деген болатын. Сапар барысында өз зерттеуімше пайымдап қарасам, марқұмдардың сол замандағы жылдың қай мезгілінде өмірден өткендігін анықтауға болатынын аңғардым. Келген қорытындыларымды С.Әжіғалиевке баяндадым», – дейді С.Ерқасымов. Ол бұл зерттеу тәжірибесін Дәуімшар қорымының басында біздерге де түсіндіріп берді. Толық нәтижесін болашақта өзінің ғылыми еңбегінде жазатынын айтты.
2011 жылы жарық көрген «Айбын» энциклопедиясында: «Дауымшар Құттықадамұлы – Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ жерінің тұтастығын сақтауда көрсеткен ерлігімен, табандылығымен танылған батыр. Кіші жүз құрамындағы Адай тайпасынан шыққан. Әкесі Құттықадам Тікенекұлы қалмақтармен шайқасқа қатысқан. Орталық Үстіртте, Білеулі керуен сарайынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде жерленген. Дауымшар батыр жөнінде нақты деректер аз. Х.Досмұхамедов өз еңбегінде оны Атағозы, Сүйінғара, Өтен, Нарынбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, т.б. атақты батырлармен тең қояды. Халық арасында Дауымшар батыр туралы Жемнің сол жақ жағалауында – кейбір мәліметтерде орыстар, енді бірінде ағылшындардың экспедициялық отрядымен болған ұрыста қаза тапты делінген. Батырдың бейітіне қару мен ат бейнеленген құлпытас орнатылған...» [12]. Дәл осы дерек 2014 жылы шыққан «Қазақ көтерілістері» энциклопедиясында барынша нақтыланып берілген (анықтамалық авторы – С.Е. Әжіғалиев) [13, 180].
«Ақтөбе» энциклопедиясында «Дәуімшар батыр», «Дәуімшар қорымы» деректері қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде жарық көрген «Каспий қайраңы. Тарих тағылымы» кітабынан алынғанын көрсеткен [14, 269-271]. Бәрінде батырдың тегі «Құттықадамұлы» деп жазылған. Негізі Дәуімшардың әкесі – Қуат. Құттықадам – батырдың атасы. Сондай-ақ бірде «Дәуімшар», бірде «Дауымшар» деп жазыла береді. Ол – қазақ сөздеріндегі дауысты дыбыстар негізінен не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып келетін заңдылығына байланысты. «У» дыбысы айтылуына қарай әрі жуан, әрі жіңішке дауыстылар тобына жатады. Демек, екі нұсқасы да қате емес.
Енді бір ең өрескел қателік: «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Дәуімшар мен күйеу баласы Құғабай (?) батыр майдан даласында қаза тапқан...» деп жазылған. Одан кейін шыққан «Айбын» энциклопедиясында: «Шайқаста қаза тапқандардың барлығы, соның ішінде қарсыластарының басым күшінен сескеніп, шайқасқа қатысудан бас тартқаны үшін (?) Дәуімшардың өз қолынан қаза тапқан Құдабай батыр да (?) сол жерге жерленіп, ол жер «Дәуімшар қорымы» (?) аталып кеткен...» деген қате деректер бар. Дұрысы – батырдың есімі Құдабай, ол – Дәуімшардың бел немере інісі және Дәуімшардан кейін өлген. Ал, жорық кезінде жаудың қаруы күшті екеніне көзі жеткен соң шабуылға шығудан бас тартқан күйеу баласын Дәуімшар батыр өз қолымен өлтіргені рас. Бірақ ол да іргелі рудың белгілі батыры болғандықтан, ел ішіне іріткі салмау үшін аты аталмайтын. Сондықтан бүгінгі зерттеушілер жаңылысып, жаңсақтыққа жол берген. Дәуімшар мен Құдабайдың өздері – ата-бабаларынан батыр атанып келе жатқан, ауыр жараланса да ұрыс даласын тастамаған қара берен батырлар. Тіпті, ресми түрде ең алғаш жарияланған Қазақ ССР энциклопедиясында да Құдабай туралы мұндай дерек жоқ (анықтамалық авторы – И.Н. Степнова) [15, 192-193].
Бізбен бірге Құдабай қорымының басына зияраттай барған өлкетанушы, Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақтөбе облысы әкімінің қоғамдық кеңесшісі Ибраһим қажы Ермекбаев былай деді: «Мұндай жаңылыс әңгімелер өте көп болады. Кейде тарихи тұлғалардың өзі уақыт өте келе мифтік тұлғаға айналып кетеді де ол туралы айтылатын аңыз-әңгімелер көбейеді. Құдабайды бүгінгі халық Дәуімшардың күйеу баласы деп қателесіп жүр. Бұл қорымның өзі картада «Кузябаймола» деп тұр. Кезінде орыстардың қолмен жазған жер атауларын қайта көшіргенде «д» әрпін «з» деп жазып жіберген орфографиялық қате. Қазір ҚР Үкіметінің жарлығы бойынша Байғанин ауданында қасиетті, киелі орындар деп есептелетін – Дәуімшар, Қарасақал қорымдары, Сүндеттің тамы және Асан-Қожа қорымы мен Тоқпанның тамы. Бұлардың барлығы – мемлекет қорғауында».
Зерттеуші Сәрсенбай Ерқасымов бізді ел аузында «Орыс мола» атанып кеткен аймаққа апарып аралатты (кеңестік әскери картада «кладб. Русская могила» деп жазылған). Онда өздерін топограф ғалымдармыз деп таныстырғандар – қазақ жерін картаға түсіріп, империяның есебіне алуға арнайы жіберілген әскери топ, орыс-казак және ағылшын сарбаздары, ауыр артиллериямен аттанған адютанттар, офицерлер, т.б. әскери шенді кісілер екені анықталған. Жарты ғасырдан соң – 1861 жылы Санкт-Петербургте шыққан жер реформасына алғышарт ретінде бекініс салуға ыңғайлы жерлерді анықтап, ол жерлерді игеріп, жаңадан қоныстандырған орыс-казактардың өзін-өзі асырауы үшін шаруа ретін қарап, тіпті жергілікті халыққа мал бақтырып қойып, солардың есебінен күн көру саясатын көздеген [3]. Қызығушылық танытып, зерттеуге құлықты тарихшылар болса, Орынбор облысындағы мемлекеттік архив (ГАОО) пен Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінен (РГВИА) патша үкіметінің кеңселеріндегі сол жылдарға тиесілі кіріс-шығыс хаттар мен хаттамалардан, рапорт-баянаттардан дерек іздеуге болады. Ол сапарға кімдер шыққанын, нақты міндеті мен не мақсаты болғанын, кімдер қаза тапқанын, қандай қару қолданғандарын, т.б. мәселелерді анықтау қиын емес. Ал, біз аталмыш энциклопедияларда жазылған Құдабайға қатысты қатенің қайдан, қашан, кімнен шыққанын да анықтадық. С.Ерқасымов 1997, 1999 жылдары Дәуімшар қорымының топографиялық сызбасын жасаған кезін еске алды:
«1997 жыл. Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бас маманы болып қызмет етіп жүрген кезім. Маман ретінде өзіміз зерттейтін өлкенің тарихы мен ондағы ескерткіштер туралы жергілікті тұрғындардан да деректер алып тұратынбыз. Осы мақсатта Байғанин ауданы, Қаражар ауылының тұрғыны Жаңбыров Нұрлан деген ақсақалдың ауызекі әңгімесінен Құдабай батыр туралы жазып алғаным бар. Оған бірнеше сұрақ қойып, соның бірінде: «Дәуімшар қорымының оңтүстік батыс бағытындағы бір шақырымдай жерде ақ бейіт көрініп тұр. Ол кімдікі болды екен?» – дегенімде, Нұрлан ақсақал: «Ол ескерткіш – Дәуімшар батырдың күйеу баласы Құдабайдың моласы», – деп жауап берді. Сол жолы экспедиция күнделігіне де осы мәлімет жазылды...»
Осымен бұл мәселе де анықталды. Өткен іске, кеткен қателікке өкінгеннен ештеңе өзгермейді. Ендігі міндетіміз – қолда бар деректерді аталмыш энциклопедиялардың редакторларына, авторларына жолдап, келесі басылымдарда толықтыру мен түзету енгізіп, жаңа редакцияда жариялануын қадағалау.
1810 жылғы орыстың отарлау саясатына қарсы соғысқан Жем бойындағы Дәуімшар-Құдабай жорығы – кейінгі 1836-38 жылдардағы Жайық бойындағы Исатай мен Махамбеттің, 1870 жылғы Үшауыздағы Иса мен Досан бастаған көтерілістердің басында тұрды. Ортақ тарих..., ұқсас тағдырлар... Бірақ өз заманында бірге жүріп, арқа сүйесіп, иық тіресіп соғысқан егіз ерлерді бүгінгі біздердің бөлуіміз – тарихи әділетсіздік болар еді. Дәуімшардан Құдабайды бөлу – Исатайдан Махамбетті, Исадан Досанды бөлгенмен бірдей. Құдабай қорымының кеңестік әскери картада «кладб. Кузябаймола» (жанында «кладб. Даумшармола») деп жазылған күйінде ғана бүгінге дейін есепке алынбай қалып, мемлекет қамқорлығына өтпеуі, археологиялық қазба, ғылыми зерттеу жұмыстарын қажет етіп тұрғаны – осындай ой түюге мәжбүрлейді.
[caption id="attachment_33399" align="aligncenter" width="573"] Кеңестік әскери карта[/caption] [caption id="attachment_33400" align="aligncenter" width="578"] Мемлекет қорғауына алынған Дәуімшар қорымының картасы[/caption]Құдабай – Шоғыдан шыққан шынжырлы батырлар әулеті, яғни батырлар династиясын жалғаушы (Шоғы батыр – Есекей батыр – Жарас батыр – Тікенек батыр – Сармыс батыр – Құдабай батыр). Шежіреге көз жүгіртіп отырсақ, әр жылдары Құдабай батырдың есімі кейінгі туған ұлдарға көп қойылған екен. Тек кітапқа кіргендерінің өзі: Ақжігіт тақтасында – Қуандықұлы Құдабай, Сатақта – Қалниязұлы Құдабай, Темір тақтасында – Сүйінбайұлы Құдабай, Айкөшекте – Боранбайұлы Құдабай, Бөгежанда – Мұхамбетұлы Құдабай, т.б. Ал, басқа руларда Сармысұлы Құдабай батырдың құрметіне аты қойылған қаншама ұлдар туғанын санап шығу мүмкін емес. Осылардың ішінде Бөгежан бөлімінің бүгінгі ұрпағы, атыраулық азамат, кәсіпкер, қоғамдық белсенді Құдабай Мұхамбетұлы Қаржауов бізге өз атының қойылу тарихы туралы айтып берді:
«Атымды әжем Бибіхан Базарбайқызы қойған. Оның руы – Алаша. Нағашы атамның ағасы Назарбайдың Молдабай, Құдабай деген ұлдары, яғни әжемнің немере інілері бар. Байырғы атақонысы – Ақтөбе облысы Байғанин ауданында табан аудармастан тұрып келеді. Әжем тоғыз жасымда өмірден өтіп, өзінен сұрай алмадым. Кейін кәрі нағашым Құдабай ағама әзілдеп:
– Менің төркіншіл әжем, сіздің бауырмал апаңыз есімімді сіздің, яғни өзінің інісінің құрметіне қойыпты ғой?» – десем:
– Әй, жиенжан-ай, негізі менің де, сенің де атыңды осы өзіміз тұратын Жем бойындағы Жарқамыс ауылына жақын маңда өмір сүріп, сыртқы жауларға қарсы күрескен Дәуімшар, Құдабай батырлардың құрметіне қойған. Ол – өз атаңның аты, біліп жүр! – деген еді. Содан бері мен батыр бабаларым туралы мәліметтер жинап жүретін болдым...»
Дәуімшар қорымында жерленген тарихи тұлғалардың бірі – Рақ батыр. Сүгір жырау толғауында:
Түгелде аты шыққан Рақ батыр,
Аққұйрық атын мініп жауға шапса –
Қайырлы болады екен соңы ақыр... –
деп жырлаған [9, 217] Шоғы шежіресінде Түгел тақтасынан тарайтын халық батыры Рақ Есетұлы да осы қорымда қаруластарымен қатар жерленген. Жастайынан қалмақ шапқыншылығы мен Хиуа басқыншылығына қарсы тұрып, қанды жорықтарға қатысып, қаһармандық танытқан ол – оққағары бар, қасиетті кісі болыпты. Қанша қақтығыстарға қатысса да, жараланбай аман шығады екен. Дәуімшар мен Құдабай бастаған жорық кезінде отыз алты жаста болған. Құлпытасында «Адай руы Қырықмылтық тайфасы Жарылғап баласы Түгел баласы Есет баласы Рақ батыр, уфат 84 жасында, 1858 жылда. Қылдырды кіші баласы Сүйірбас», – деп шағатай тілінде жазылған жазу бар...
«Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз... Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі...» [1; 2].
Елбасы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Дәуімшар мен Құдабай қорымдары бірге енуі тиіс. Ол үшін аймақтар арасындағы мәдени-рухани қарым-қатынасты күшейтіп, өлке зерттеушілері бірлесе жұмыс жасауы керек. Осы мақсатты көздеген маңғыстаулық және ақтөбелік ел азаматтары 2017 жылғы 29-30 маусым күндері Дәуімшар батыр қорымында ас беріп, баба бейіті басында он алты жыл бұрын салынған түнек үйді толық жөндеуден өткізіп, кейбір ескерткіштердің жанына құлпытастарын қайта орнатты. Маңғыстау облыстық маслихатының депутаттары Мақсат Ибағаров, Жаңбырбай Дәрменов пен Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Ісенбай Қалдаманов ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болды.
[caption id="attachment_33401" align="aligncenter" width="496"] Ж.Дәрменов, Б.Жайлау, М.Ибағаров[/caption]Қонақасы күні кешкісін басталған өнер кешінде таңға дейін бес жүйріктің жыр-терме, толғаулары, жеті қайқының ән-күйлері мен Шоғыдан шыққан ақын-жырау, күйшілердің сөз өнері мен саз өнері мұралары тыңдаушының құмарын қандырды.
Ертеңіне ұлттық спорттық шаралар – аламан бәйгемен басталды. Үміткерлер бағы мен бабын сынады. Шабандоздар атқа қонды, жанкүйерлер тақым қысты. Көпшілік қиқулап, қазанаттарға қанат бітірді. Ебейті елді мекені баптап қосқан «Жирен қасқа» атты жүйрігі иесіне бас жүлдені жеңіп алып берді.
Көпшіліктің арқасын қоздырған, таласты-тартысты өткен бәсекелердің бірі – қазақ күресінен Дәуімшар батыр Қуатұлы атындағы турнир болды. Шоғы батырдың ұрпағы, Байғанин аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы, самбодан Азия чемпионы, түйе палуан Баубек Бердіғалиевтің бағы жанып, бас жүлдені жеңіп алды.
Ата-бабалар рухына арналған шаралар – салтанатты митингке ұласып, Дәуімшар-Құдабай бастаған батырлардың ерлік істері туралы тарихи, әдеби бағытта баяндамалар оқылды.
Осы іс-шаралардың абыроймен, жоғары деңгейде өтуіне Шоғы батыр ұрпақтарынан құралған ұйымдастыру алқасының әрбір мүшесінің еңбегі зор. Бас қосып, бастама көтеріп, қонақ күтіп, тізе бүкпей қызмет еткен маңғыстаулық және ақтөбелік барша азаматтарға алғыс жарияланды.
Дәуімшар-Құдабай батырлар туралы зерттеу мен деректер жинау жұмыстары әлі де жалғаса береді. Егер ол жерлер танымдық мақсатта туристік мекенге айналдырылса, ұрпақ жадында қайта жаңғырары сөзсіз. Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков бұл бастамаларымызға қолдау көрсетіп, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұловаға «Құдабай қорымын мемлекеттік қорғауға алу, қазба және зерттеу жұмыстарын жүргізу, онда жерленген тарихи тұлғаларды анықтау, «Қазақстанның киелі жерлері» картасына Дәуімшар қорымымен қатар енгізу мәселелерін іске асыруға тиісті мекемелерге ықпал етуін» сұрап арнайы хат та жолдады.
[caption id="attachment_33402" align="aligncenter" width="1920"] Құдабай батыр қорымы[/caption]Ақтөбе облысы Байғанин аудандық өлкетану музейінің директоры Ләззат Жаулина: «Музейімізде «Дәуімшар батыр» экспозициясы жасақталған. Ұрпақтарына айтқымыз келетіні – батырдан қалған қандай да бір мұралары болса, экспонат ретінде бізге ұсынса дейміз. Қазір жалпы қорым және ондағы тарихи ескерткіштердің суреттері, сондай-ақ бірді-екілі бұйымдары бар. Экскурсоводтарымыз батырлардың өмірі мен ерлігі туралы жалпылама мағлұмат береді. Болашақта оны ұрпақтары ұсынған мұралармен толықтырып, жүйелеуге ынталымыз», – дейді [3]. Оның бұл өтінішіне орай, Шоғы батыр ұрпағы – алматылық жеке кәсіпкер, белгілі меценат Оңғарбай Бәлкебаев атажұрттағы музей қонақтары мен жастарға жауынгерлік рухты сезіндіретін «Ер қаруы – бес қару» атты ұлттық қолөнер бұйымдарынан жасақталған коллекция ұсынатынын айтты.
Бұл мәселелер Елбасы тапсырмасынан туған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында жүзеге асқанын қалаймыз. «Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жоба әзірлеуі керек. Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда: 1. «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет; 2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек; 3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс» [1, 2].
Осы бастамаға атсалысуға жалпы халықтың да мүмкіндігі бар. Мемлекеттік саясат пен идеологияға бұқараның қолдауы қосылса – ұлттық ұпайымызды түгендеуге серпін болмақ. Ендеше, бұл мақсат-мұратқа әрбір естияр азамат үлес қосуға ұмтылғаны жөн.
Пайдаланылған әдебиеттер: