©
- 2016 жылдың 1 қаңтарынан азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа моделі енгізілгені белгілі. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 28% дейін көтеріледі.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, «шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға» айналған мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жалақысы 31.12.2015 №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің қаулысында бекітілген лауазымдық жалақысы мен үстемақы көлемінен кем болмайды.
«Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіби одағы» ҚБ Маңғыстау облыстық филиалы мен денсаулық сақтау басқармасы арасында 2015-2017 жылдарға арналған Облыстық келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілгенін Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектібаев атап өтті.
«Жалақының жаңа моделін енгізу үшін 1174,1 млн теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 919,1 млн теңге, жергілікті бюджеттен - 255 млн теңге бөлінді», - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектібаев.
ҚазАқпарат