©
Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Егемендігіміз бен елдігіміздің символы, абыройымыз бен мәртебеміздің асқағы болған ару Астананың туған күні. Ел болып дүркірете тойлап жатырған ерекше мерекені Қарақия ауданы да салтанатпен өткізді. Дәл қазір Қарақия ауданындағы «Ынтымақ» алаңында аудан көркемөнерпаздарының гала концерті аяқталып, жастарға арналған би кеші жалғасуда. Жиналған қауым ерекше көтеріңкі көңіл күйде. Ару Астана, айбынды Астана – еліміздің жүрегі.
Сондықтан да барша қазақстандықтар бұл күнді ерекше құрметтеп, ыстық ықыласпен тойлайды. Бұл күндері ауданымыздың мемлекеттік мекемелері мен өнер ұжымдарында, кітапханалар мен мектептерде, балабақшаларда әр түрлі іс-шаралар өткізіліп, ертеңгіліктер мен брифингтер, көрмелер мен ойын-сауық сайыстары өтті.
Ал, әкімдік ауласында түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Ұлттық ойындар мен спорттық сайыстарға кілең сайдың тасындай сақа жігіттер жиналып, өз күштері мен ептіліктерін сынасса, алаңда аудан кәсіпкерлері сауда-саттық көрмесін жайып, тойшы қауымға қызмет көрсетті. Аудандық кітапханада «Жаса, жайна, ару қала – Астана», «Ел ордасы - Астана» атты көрмелер жайылып, «Тәуелсіздік тұмары - Астана» атты ақпараттық слайд-шоу ұйымдастырылды. Ал, бүгінгі мерекелік шараға аудан халқы көптеп жиналды. Орталық алаң да мерекеге сай безендіріліп, қоғамдық тәртіп пен өрт қауіпсіздігі қатарлы сақтық шаралары қолға алынған. Көңілді музыка, әсем әуен әуелеп, жиналған қауым да шаттана биледі. Ару Астананың мерейін асқақтатты.
Астана күні биыл ерекше өтіп жатқан сияқты. Өйткені, елорданың дәл төрінде өтіп жатырған ЭКСПО-2017 көрмесінің көрігін қыздырған қауым, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар легі толастар емес. Астананың сәніне сән қосып, ел мерейін тасытқан қосарлы мерекелеріміз құтты, еліміз аман болсын!
Шынар КЕНДІН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="29858,29859,29855,29857,29860,29861"]