©
Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің "Боевое братство" қоғамдық бірлестігі Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының жол патрульдік полициясы қызметкерлерімен кездесу өткізіп, екі инспекторды Бауыржан Момышұлының "Батыр шапағаты" медалімен марапаттады. Кездесу полиция қызметкерлері күніне орай, бірлестіктің ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік тапсырысын орындау және облыстық жастар саясаты басқармасының "Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға өз үлесімізді қосайық" атты жобасын жүзеге асыру жоспарына сай ұйымдастырылды. Оған ауған соғысының ардагерлері, зейнеттегі полиция қызметкерлері Бауыржан Оңаев пен Бердіхан Айдынбаев та қатысты. Әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтаған олар, ізін жалғап келе жатқан жастарға ақыл-кеңестерін айтып, еңбегімен көзге түсіп жүрген екі қызметкерге бірлестік атынан "Батыр шапағаты" медалін тақты. Оның бірі - осы жылдың басында "Приморский" елді мекенінде өртке оранған үйден бір отбасының 3 адамын аман алып қалуға қатысқан Ерғали Ысқақов болса, екіншісі - батальон командирінің орынбасары, жас та болса өз ісінің маманы Нұргелді Сапаров.Шахида Жұман