Білім алуға жол ашты
Серпін - 2050 «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасы еңбек ресурстары жетіспей жатқан солтүстік, шығыс өңірлерге талапты жастарды тартып, оларға жоғары білім алуға мүмкіндік туғызып, кейін таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасайтын бағдарлама. Сондай-ақ, жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікті шешіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының білім алуына, кейін жұмысты болуына септігін тигізеді. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша мақсатты грантты мен өткен оқу жылы ұтып алдым. Бүгінде, Теміртау қаласында орналасқан Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті электрэнергетика мамандығының І курс студентімін. Алғашқы оқу жылымды тәмамдауға аз-ақ қалды. Емтихандарды тапсырып болып, қазір өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын. Жалпы, барлық серпіндік студенттерге мемлекет тарапынан тегін білім, ай сайын шәкіртақы, жылына екі рет жолақы секілді т.б. көмектер көрсетіледі. Бұл - мемлекетіміздің жастарға жасап жатқан аса ірі қамқорлығы. Меніңше, мұндай қамқорлықты сезінген жастар таңдаған мамандығын терең меңгеріп, диплом алған соң еліміздің дамуына аянбай қызмет етеді деп сенемін.
Асылбек АМАНБАЕВ ҚМИУ университетінің студенті
«Серпінмен» бірге самғайық
«Серпін» бағдарламасы бойынша елімізде 12500 студент білім алуда. Соның 430-ға жуығы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде. «Серпін» бағдарламасының құрылғанына биыл 3 жыл. Мен бұл грантты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша иелендім. Биыл І курсты тәмамдап, ендігі жылға аяқ басқалы отырмын. Филолог - тіл жанашыры. Өз мамандығыма қызығушылықпен түстім, өйткені мен ана тілімді қастерлеп, бағалаймын. Филолог мамандығын бітірген айтыскер де, әнші де, ақын да, журналист те, тележүргізуші де бар. Яғни, бұл дегеніміз - филолог мамандығының көп салалығын көрсетеді. Филология факультетінде оқитын білім алушыға талап етілетін нәрсе - кітапты көп оқу мен тіл байлығы. Сондықтан, бұл мамандықты бітірген студентке жетістіктердің есігі айқара ашық деп айта аламын. Біздің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында «Серпін» бағдарламасымен 9 студент оқиды. Оның екеуі Оңтүстік Қазақстан облысы, алтауы Қызылорда облысы, біреуі Маңғыстау облысынан. Барлығымыздың арманымыздың жүзеге асуына «Серпін» бағдарламасы ықпал етті.
Мария БАЗАРБАЕВА Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе МӨУ студенті