Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі
[ 2017 ] 26 мамыр, 13:27 | Жаңалықтар
Қаладағы жұмыссыздық проблемасын шешу, жұмыссыздар санын азайту мақсатында сәрсенбі күні бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге білім, денсаулық саласына қатысты мекемелер, жеке пәтер иелер кооперативі, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы, жеке кәсіпкер «А.Кариева», «Бөлімбетов А.» «Дариға Игсатова», «Бастау Hotel» ЖШС, «Медицина» ЖШС, «Каспий тасжол» ЖШС, «Томирис ЛТД» ЖШС, «МұнайФилдСервис» ЖШС, «БатысГеоСервис» ЖШС, «БиКаДа» ЖШС, «Жаңа серпін» КММ, «Тазалық» МКК-ы және «Қазақстан Халық Банкі» Жаңаөзен аймақтық филиалы өкілдері қатысты. Іс-шараны қала әкімі Елубай Әбілов ашып, жәрмеңке жұмыссыз азаматтарға өз көмегін тигізіп, өзіне ыңғайлы жұмыс табуына және жолдауда жүктелген әлеуметтік жаңғыру жолындағы нақты міндеттерді жүзеге асыруға ықпал бола алатынын атап өтті.
Балзира МАРКАШОВА, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Іс-шараға 43 мекеме 128 бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Ақтау қаласынан «Жаңа серпін» мекемесі арқылы 5 өндірістік мекеме шақырылды. Маңғыстау тұрғындарын Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстары және Павлодар, Қостанай қалаларындағы бос жұмыс орындарына ерікті түрде жіберуге бағытталған жәрмеңке 26 мамыр күні Ақтауда, 27 мамырда Жаңаөзенде өткізіледі. Жолдама алған тұрғындар үй және басқа да әлеуметтік көмектермен қамтылатын болады.
Нұрсұлу ЖҰМАҒАЛИЕВА, Рахат ауылының тұрғыны:
- Бір үйде 10 жан болып тұрамыз. Жолдасым жұмыссыз, бес балам бар. Балаларға және енеме берілетін әлеуметтік төлемдерден басқа отбасымызға кіріс кірмейді. Қала әкімінен бірнеше рет жұмыс сұрап барғынмын. Бірақ, ұсынатын жұмыстары 30-50 мың теңгенің айналасы. Бұл табыспен отбасын асырау мүмкін емес, негізінде бір адам басына 24 мың теңгеден кіріс кіру керек деп білемін. Сол себепті өз жағдайымды жасай алатындай мұнайдан жұмыс сұраймын. Жолдасымның мамандығы бұрғышы, оператор.
Роза АбДУЛЛАЕВА, жәрмеңкеге қатысушы:
- Көптен жұмыссыз жүріп жылдың басында қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөліміне тіркелдім. Міне, бүгін сұрағанымды осы жәрмеңкеден таптым. «Тазалық» МКК-ға жолдама алдым. Барлығына рахмет айтамын.
Айгүл СИСЕНБАЕВА, «Жаңаөзен қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» директордың м.а.:
- Қала әкімдігінің қолдауымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып жатыр. Бұл іс-шараға жыл басынан бері бізде тіркелген 3533 адамның 1522-сін қатысуға шақырдық. Өзіңіз көріп отырғандай келушілер қатары қалың.
Гүлжан МУСИНА, «БиКаДа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, тұтынушыларға қызмет көрсету орталығының бастығы:
- 2002 жылы құрылған «БиКаДа» мекемесі Ақтау, Атырау, Астана қалаларында мемлекеттік мекемелерге, заңды тұлғаларға жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға телекоммуникация және мультимедиялық қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Ғаламтор қызметі, қалаішілік, республикалық, халықаралық байланыс қызметі т.б. қамтып отырмыз. Бүгінгі жәрмеңкеге 5 бос жұмыс орнын ұсындық. Бағдарламашы (программист), байланыс маманы бойынша кабельші, электромонтер. Жиырмадан аса түйіндемені қабылдадық. Ақтауға барғасын қарап, әңгімелесуге шақырамыз. Мекемеде 100-ден аса қызметкер жұмыс жасайды, айлығымыз жақсы.
Ж.АҚБЕРГЕН
1171
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.