«Көк тудың желбірегенін» тамашаладық
[ 2017 ] 12 мамыр, 05:15 | Жаңалықтар
Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты» және «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірге, Елбасының «Дәстүр мен мәдениет-ұлттың генетикалық коды» деген сөзі негізінде Мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдық мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерінің 25 жылдығына орай ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, композитор Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» атты көшпелі жаңа жоба бойынша республикалық патриоттық концерті өтті.
Жиында Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нури Тумышев,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауық орталығы жанынан құрылған Патриоттар академиясының жетекшісі Ділдәш Рысқұлбекқызы құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан соң жүргізуші:
-Туған жер! Отан! Атамекен! Тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, адамға күш-жігер берер осынау сөзді естігенде алпыс екі тамырыңды идірері сөзсіз. Біздің санамызда жоғарыдағы ұғымдар бір ғана атаумен астасқан. Ол – тәуелсіз Қазақстан! Сан ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен сақталып қалған қазақ елі көптеген қиыншылықтарды бастан кешкен. Қайран бабаларымыға алғысымды айтпасақ, елдігімізге сын!» деп, сахна төріне мерекелік концерттің бас қонағы - «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші Ибрагим Ескендірді шақырды.
Концертті ҚР Мемлекеттік әнұранымен бастаған Ескендір Ибрагим «Әлемде бар қазақта бір Отан бар», «Мәңгілік ел», «Алтын тұлпар», «Аманат», «Оян, қазақ», «Батырлар Ұраны», «Жоргатай», «Ақ Баян», «Қазақпын» термесі, «Жерім Менің», «Қазағым», «Ауылға сағыныш», «Арқа сұлуы», «Мөлдірім» әндерін асқақ рухпен шырқады.
Жаңаөзендік әнші Амангелді Өтешов концерт иесіне қазіргі айтыс шеберлері шығармаларынан құрастырылған «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» жинағын сыйлады.
Көрермендерді «Адай» күйімен арқаландырып, жастардың патриоттық жігерін жанып алуды ұмытпаған автор, өзінің қазақтығын мақтан ететін жерлестері жатқа айтатын бас туындысы - «Көк тудың желбірегеніне» салғанда зал толы көрермен тік тұрып қол соғып, қошемет көрсетіп, жастар көк туды желбірете ұстап, біртуар әнді бірге шырқасты.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
947
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.