Жеңіс күні қарсаңында Маңғыстау облысының прокуроры Дастан Сартаев Ақтаудың 27-шағын аданында тұратын соғыс ардагері Даражат Қожановтың шаңырағына Отан соғысының 72 жылдығымен құттықтау үшін барды. Даражат Мыңтұрғанұлы 1926 жылы Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында дүниеге келген. Ел басына күн туған кезде, 1943 жылдың наурыз айында жеті жылдық білімі бар жас жігіт әскер қатарына қабылданады. Алдымен Астрахань, Орынбор қалаларында әскери дайындықтан өтіп, сол жылғы қараша айында Мәскеу түбіндегі Кунцево темір жол стансасы жанында орналасқан артиллерияшылар дайындайтын полк мектебінде 1944 жылғы маусымға дейін оқып, содан соғысқа аттанып кете барды. Сол маусым айында Брест қаласына пойызбен келіп, Висла өзенінің жоғарғы тарауына орналасып, 8 күн бойы артиллериялық шабуылда болды. Ал күзде шабуылмен Варшава қаласының үстімен Одер өзенінен өтіп, қалың орман ішінде бүкіл полкпен бірге ақтық шешуші артиллериялық дайындықта болды. Содан 1945 жылғы 16-сәуірде Берлин қаласына тікелей шабуылға шығады. Маршал Жуков басқарған 1-Беларусь майданының №79 атқыштар корпусының құрамында болған ол 1945 жылдың 30-сәуірінде Берлин қаласының қақ ортасына түсті. 8-мамырда олар Магдебург қаласына өтіп, орман ішіне орналасады. Ал ертеңіне, даңқты 9-мамыр күні корпустың парады болып, сол күні бұл полкке №79 Берлин атындағы зениттік атқыштар копусы деген атақ берілді. 1947 жылға дейін Қызыл Әскер қатарында болған Даражат Қожановтың жыл жарымдай уақыты Берлинде өткен. Гвардия лейтенанты деген әскери шені бар ол соғыс жылдарында «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі», «Варшаваны азат ету», «Берлинді басып алу» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін бейбіт еңбек майданына кіріскен Даражат Мыңтұрғанұлы 1947-1955 жылдары «Алғабас», «Чапаев» ұжымшарларында автокөлік жүргізушісі болып еңбек ете жүріп, Атырау (Гурьев) және Қазалы қалаларындағы ауыл шаруашылығы техникумдарын оқып, бітіріп алады. Білікті маман атанған ол «Чапаев» ұжымшарының шаруашылық саласында бас инженер, кейін «Бозашы» кеңшарында қой фермасының меңгерушісі, техника қауіпсіздігінің инженері сияқты көтеген жауапты қызметтерді атқарып, осы жерден зейнет демалысына шықты. Оның өмірлік жары Шархат Бегімқұлова 10 бала туып, тәрбиелеп өсірген «Батыр Ана». Ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене араласып келген ана он саусағынан өнер төгілген шебер де. Оның қолынан шыққан жеті қанат ақ боз үйге Доссор мұнайының 100 жылдығына арналған байқауда бас жүлде берілді. Осы үйде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, халықтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова және басқа танымал тұлғалар қонақта болған. Сонау бір жылдары халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаев та осы кісілердің қара шаңырағынан дәм татқан. 91 жастағы қарияға құттықтау тілегін айтқан облыс прокуроры Д.Сартаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың Құттықтау хатын тапсырып, арнайы сый-сияпаттар ұсынды. Сондай-ақ ол ата мен әжеге демалыс орындарының біріне жолдама беруге уәде берді. Ардагер қарт қонақтарға разылығын білдірді. Алайда, оның балалары жапырағы жайылған майдангер атаның әлі күнге дейін соғыс ардагері ретінде бір бөлмелі пәтер ала алмай келе жатқанын қынжыла отырып жеткізді. Ардагер тұратын пәтер 5-қабатта. Күннен күнге күш-қуаты азайып, қарттық жеңіп бара жатқан қария баспалдақтан түсіп-шығудың қиындығынан далаға шығып, таза ауа жұтудан қалған. Талай фашисті жер жастандырып, Берлинге дейін қуып тыққан ержүрек жауынгерге осы күнге дейін бір пәтердің бөлінбей, бүгінгі ұрпақ алдында еленбеуі мерекелік көңіл-күйді жабырқата түскендей болды. Дегенмен, Дастан Сартаев бұл мәселені қарастырып, егер заңды болса, ардагер қарттың бір арманының орындалуына ықпал ететінін айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА