Павлодарда Теміршот Нүкеновті еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында VІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарысқа Ресей мемлекеті мен еліміздің барлық облысынан жиналған 300-ге жуық балуан қатысты. Олардың арасынан облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуандары 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы, 73 келі салмақта Салауат Тоқсанов, +73 келі салмақта Амир Алдабергенов алтыннан алқа тағып, жарыс чемпионы атанды. Одан бөлек 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев күміс медальға ие болса, 48 келі салмақта Айкүн Рахметова, 52 келі салмақта Гүлнұр Нұрғалиқызы, 60 келі салмақта Төрекен Қобыланов қола медальды қанағат тұтты. Қуанышты жаңалықпен балуандарды жарысқа дайындаған белгілі бапкер Жомарт Қобыланов бөлісті.
[caption id="attachment_24263" align="aligncenter" width="640"] Маңғыстаулық балуандар жеңіс тұғырында[/caption]- Жарыс 29-30 сәуір аралығында Павлодарда өтті. Бұл жолы жарысқа 9 шәкіртімді алып келдім. Шәкірттерімнің қарқыны жақсы. 7 спортшым жеңіс тұғырынан көрінді. Үшеуі алтын, біреу күміс және үшеуі қола медальды еншіледі. Енді біз мамыр айында облыс орталығында биыл тоғызыншы рет дзюдодан өтетін халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирге дайындаламыз,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
Жарыстың шешуші күнінде 73 келі салмақта боз кілемге шыққан Салауат Тоқсанов қарсыласы павлодарлық балуанды «иппон» әдісімен ұтып, бапкерлер үмітін ақтады. Жүректі балуан одан кейінгі кездесулерінде де қарағандылық, тараздық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық сында астаналық балуанды айқын басымдылықта 10:1 есебімен жеңіп, чемпионы атанды.
[caption id="attachment_24266" align="aligncenter" width="574"] Бапкерлер Талғат Есекенов пен Жомарт Қобыланов шәкірттерімен[/caption]- Дзюдоға екі жылдан бері қатысамын. Бұған дейін сәуір айында Қызылорда қаласында қазақша күрестен өткен ҚР чемпионатынан және наурыз айында Тараз қаласында дзюдодан өткен республикалық турнирде, 2016 «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирде үшінші орынға ие болдым. Самбодан халықаралық жарыста екінші орыннан көріндім. Алғаш рет халықаралық жарыста алтын медальға ие болып отырмын. Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Жарысқа дайындаған бапкеріме, қолдау көрсеткен ата-анама алғыс айтамын. Болашақта қазақ елінің мақтаныштары Елдос Сметов, жерлес ағаларым Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы сияқты әлемдік жарыстарда топ жарсам деймін. Ол үшін күні-түні еңбектеніп, спортты тастамай айналысатын боламын,-дейді маңғыстаулық Балуан Салауат Тоқсанов.
Венера МИРЛАН