©
Мамыр айында Маңғыстау өңірінде көгілдір отын бағасы біршама артпақ. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева мәлімдеді. «Баршаға мәлім ҚазГазӨңдеу зауытында ай сайын 14 мың тонна газ көлемі өндіріледі. Зауыт өнімі толықтай ішкі нарыққа жөнелтіледі. Бұл бағытта біршама іс атқарылды. Дегенмен, қазіргі таңда ҚазГазӨңдеу зауыты өте ескірген, күрделі құрылыс жұмыстарына өте зәру. Мамыр айында зауыт аумағында бір жұмаға созылатын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы уақыт аралығында газ өңдеу ісі тоқтатылады. Соның нәтижесінде мамыр айында өндірілетін көгілдір отын көлемі 2 мың тоннаға қысқарады. Сол себепті облыс әкімдігі энергетика Министрлігімен бірлесе атқарған іс-шаралар нәтижесінде Ақтөбе облысындағы «SNPS – Ақтөбемұнайгаз» АҚ тарапынан 2 мың тонна көгілдір отын Маңғыстау өңіріне тасымалданады. Газ тасымалдау ісімен «Keppel сапа» айналысады. Қазіргі таңда өңір кәсіпкерлері ҚазГазӨңдеу зауытынан сұйытылған газ литрін 17 теңгеден алып, 35 теңгеден сатылымға шығарады. Ақтөбе облысынан тасымалданатын көгілдір отын бағасы 35 теңгені құрайды. Бұл орайда тасымалдау, құю әрі тарату шығындарын ескерген жөн. Біз ойлана келе, тасымалданған газ бөлігін Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы мен Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр, Сайын Шапағатов елді-мекендеріне ғана таратуды жөн деп шештік. Жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызының қатысуымен маңызды кездесу өтті. Басқосуға Ақтау қаласынан 36, Мұнайлы ауданынан 56, ал Түпқарағаннан 9 газ құю стансаларына иелік ететін кәсіпкерлер қатысты. Кәсіпкерлер бағасы 35 теңгені құрайтын тасымалданған көгілдір отынды сатып алатындығын жеткізді. Әрі сату барысында газ литрінің орташа бағасы 40 теңгені құрайтындығы мәлім етті. Яғни, жоғарыда атап өткен аймақтарда орналасқан газ құю стансаларында ғана газ бағасы көтеріледі. Әрине, кәсіпкерлердің түсіністік танытқанына дән ризамын. ҚазГазӨңдеу зауытында өндірілетін газ көлемінің 5 мың тоннасы «Қазмұнайөнімдері» АҚ-на жөнелтіледі. Сондықтан «Қазмұнайөнімдер»-не қарасты газ құю стансаларында көгілдір отын бағасы бірқалыпты болмақ. Ақтөбе облысынан тасымалданатын газ өзге өңірлермен салыстырғанда өте сапалы. Сондықтан біздің таңдауымыз Ақтөбе облысына түсті. Баршаның уақытша іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Маусым айынан бастап зауыт бұрынғы жұмыс қалпына қайта оралады. Басқарма тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізіледі», - дейді В.Мұстапаева.Голрох Жеменей