1-2 мамыр күндері қасиетті Тараз қаласында жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 1999-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен байрақты бәсекеге еліміздің Астана мен Алматы қалаларынан және 12 облыстан 340 самбошы қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Маңғыстаудың намысын қорғаған 13 спортшының 5-еуі жеңімпаз атанып, аймақ абыройын асқақтатты. Қуанышты жаңалықпен экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев пен облыстың жасөспірімдер арасында самбодан аға бапкері Ерлан Серіков бөлісті. Дүбірлі додада 70 келі салмақта облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуаны Елнұр Қоянбай алтын медальға ие болып, ҚР чемпионы атанды. Сондай-ақ 70 келі салмақта «Жыңғылды спорт интернатының» балуаны Жалғас Қаспаев пен +75 келі салмақта облыстық «Жас Батыр» спорт мектебінің шәкірті Гүлнұр Максетова күміс медальді еншіледі. 75 келі салмақта «Жыңғылды спорт интернатының» балуаны Қанағат Қойжан мен +87 келі салмақта облыстық «Жас Батыр» спорт мектебінің шәкірті Мұхаммед Зұлқарнаев қола медальға қол жеткізді. Жеңімпаз атанған балуандар 18-31 мамыр аралығында Түркістанда өтетін оқу жаттығу жиындарына қатысып, дайындықтарын пысықтамақ. Одан кейін маусым айында Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына және Сербияда өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. - Балуандарымыздың осындай үлкен жетістіктерге жетуіне жағдай жасап, қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына, облыстық самбо федерациясына және облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына алғыс айтамыз. Жыңғылды ауылында самбо мен дзюдоның дамуына атсалысып жүрген Сәкен Төребаев ағамызға ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы «Жыңғылды спорт интернаты» аз уақыттың ішінде бірнеше республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды. Соңғы жетістіктерге тоқталар болсам, жақында дзюдошымыз Салауат Тоқсанов Павлодарда өткен халықаралық турнирде чемпион атанса, облыс орталығында өткен халық батырлары Иса-Досан жүлдесіне арналған дзюдодан республикалық турнирдің екінші күні командалық есепте «Жыңғылды» спорт интернатының спортшылары екінші орынды еншіледі. Бүгінгі жарыстың қорытындысында Жалғас Қаспаевқа күміс жүлде және Қанағат Қойжанға қола медаль бұйырды. Бұл-күні-түні еңбектенген бапкерлер еңбегінің жемісі, спортшыларымыздың мықты дайындығының нәтижиесі,-дейді облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев. Жарыста 70 келі салмақта белдескен Елнұр Қоянбай оңтүстік қазақстандық, қызылордалық балуандармен кездесуінде бірден шабуылға көшіп, кілем иесі кім екенін көрсетіп бақты. Қос балуанды да айқын басымдылықпен жеңіп, тараздық, батыс қазақстандық балуандарды да тізе бүктіріп, финалға жолдама алған. Финалда жыңғылдылық балуан Жалғас Қаспаевты айқын басымдылықпен жеңіп, самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы атағын қанжығасына байлады. - Самбоға 10 жасымнан бастап қатысамын. Бұған дейін бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарда топ жардым. Бұл жолы да бапкерлер үмітін ақтап, ҚР чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Жарысқа дайындаған бапкерлерім Манарбек Бисекенов пен Ерлан Серіковке алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел үмітін ақтап, әлемдік жарыстарда елімнің намысын абыроймен қорғауға жұмыстанамын,-дейді самбодан ҚР чемпионы Елнұр Қоянбай.
Венера МИРЛАН
https://youtu.be/J_g6kth2UNg