Маңғыстау автогаз бекетінде көлік жүргізушілері бірнеше сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Олардың айтуынша, «Қазмұнайгаз» бекеттерінде кезек өте көп, ал жанармай жоқтың қасы. «Жеке автогаз бекеттеріне келсек, мұнда да газ таусылып қалған. Жанармай құйып алу үшін 4-5 сағат күтіп тұруымыз керек», - дейді ашынған көлік иелері. Естеріңізде болса, наурыз айында да тұрғындар қала іші және қала маңы бекеттеріндегі ұзын-сонар кезекке тұратынына шағымданған болатын. Онымен қоймай, ел арасында газ жоқ деген ақпар тарап кеткен. Мұның себебін Маңғыстау кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Бекқали Жұбанов былай деп түсіндіреді: «Көктем келісімен Ақтауда маусымдық жанармай қажеттілігі туындайды. Басты себеп – жанармайдың тапшылығы, оның үстіне қазір газбен оталатын көліктер саны көбейген». 1 мамырдан бастап Ақтау қаласындағы, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы автогаз бекеттеріндегі газ бағасы 5 теңгеге қымбаттайды деп жоспарлануда. Маңғыстау кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, Қазақ Газ Өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты, мамыр айында ішкі рыноктағы өнім көлемін екі мың тоннаға қысқартады. Сондай-ақ, автобекеттерде уақытша газдың құны көтерілетін болады.