©
Жаңа бүр жарған балғын бәйшешектей балауса сәби жаны нәзік, тәні талдырмаш келеді. Қазақ нәрестені қырқынан асқанша «құс қанатының лебінен» қалқалақтап, күн көзі, жел өті мен жер сызынан қорғаған. Бар ықылас-пейілін төгіп, назар-ниетін аударған. Дүниеге жаңа келген сәбиге ерек күтім қажет. Құрақтай нәзік жанға ем-дом жасау, балғын бөбекті мәпелеп, бабын табу білікті дәрігер қолынан ғана келер іс. Педиатр-дәрігерлерге артылар міндет жүгі ауыр. Себебі, олар жас өмір жебеушісі, сәби жүрегін алақанында аялаушы жандар.
[quote arrow="yes"]Алтын Әбдірахманова сәби денсаулығының сақшысы ретінде қырық жылдан аса еңбек етіп келеді. Сонау ел-жерді жұт жайлап, ауру-індет етек алған нәубет жылдары атажұрт, төл мекенін тастап, тамыр-түбірін үзіп, сан тарапқа бытыраған қаймана қазақ мекен еткен Түрікменстан өңірінде туып-өскен, балалық шағы мен жалыны мол жастық жылдары жат елде өткен. Алтын апаның әкесі Қоңырбай Әбдірахманов Ақкеттікте дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан соң ХІІК (НКВД) құрылымында қызмет еткен, бертін келе МКҚ (КГБ), ІІМ, құқық қорғау саласында еңбек етіп, майталман маман атағын иеленген жан. Ертеде Кенингсберг, қазіргі Калинингрда қаласында коммендант қыметін атқарған. Әкесінің інісі Бекей Әбдірахманов есімі «Тағзым» естелік кітабына енген. Ал анасы Қалы Қошанова тыл ардагері, ата жұрты Сенек, аштық жылдары Қошобада тұрақтаған. Жас күнінде медицина ілімін игерген Қалы әже зобалаң-зұлмат заманда майдан шебінде кеудесін оққа тосқан жауынгер-сарбаздар жанын ажалдан арашалаған, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңнің бұлыңғыр тұстарын бастан өткеріп, көппен бірге тер төгіп, бел бүгіп табанды еңбек еткен жан. Қалы мен Қоңырбайдан жеті бала өрбіген. Алтын апа солардың ортаншысы. Анасынның кәсібін жалғастыруды мұрат тұтқан Алтын апа 1974 жылы Ашхабад қаласындағы Түрікмен Мемлекеттік медицина институтын дәрігерлік іс мамандығы бойынша үздік тәмамдаған.[/quote]
«Советтік Үкімет сан түрлі саланың «сүт бетіне қалқыған қаймағын» Сібір айдатып, сергелдеңге салғаны, көкірек көзінде сәуле түсер саңылауы бар саналы, зиялы қауымның көзін құртуға қаскөйлік әрекеттер жасағаны белгілі. Маған репрессия құрығына ілігіп, жер аударылған ленинградтық оқытушы-профессорлар құрамы дәріс берді. Олардың қатарында Правиков, Венчиков, Синельников сынды білікті ұстаздар бар. Институттың алғашқы курсынан бастап жедел жәрдемде жұмыс істедім. Жоғары оқу орнын тәмамдап, балалар ауруханасына жансақтау бөліміне қызметке тұрдым. Білікті педиатр атануда үлкен еңбек өтілі маңызды рөл ойнайды. Қазіргі таңда жас мамандар тәжірибеге, білгір дәрігерлердің ақыл-кеңесіне зәру. Жоғары оқу орындарында алатын теориялық білімі жеткіліксіз. Мықты дәрігер болу үшін тәжірибе ауадй қажет»,-дейді Алтын Қоңырбаева.
Алтын апа 1978 жылы Маңғыстау өңіріне қоныс аударып, облыстық балалар ауруханасында, Ақтау қалалық балалар емханасында қызмет етеді. Сәбилер мен бүлдіршіндердің, жасөспірімдердің денсаулығын жіті қадағалап, сырқаттанып қалса ауруынан айықтырады. Нәрестені мазалаған не нәрсе екендігін дөп басып, дәл табатын Алтын апа кәсіби білікті маман ретінде өз ортасына сыйлы. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатып, сәби күтімі, тазалық ережелері, алғашқы медициналық көмек түрлері жайлы әрдайым хабардар етеді. Қазіргі таңда білікті дәрігер «Interteach» халықаралық клиникасында жұмыс істейді.
«Қазіргі таңда нәресте өлімі, туа біткен ақауы бар балалар саны артып келеді. Туа біткен ұршық буынының дисплазиясы, жүрек ақауы көптеп кездеседі. Сонымен қатар, ас қорыту жүйесі аурулары, қаназдық, лимфа түйіндердің ұлғаюы, несеп құрамындағы өзгерістер сынды факторлармен тіркеуде тұрғандар көп. Жаз маусымында жұқпалы жедел ішек аурулары, ал қыс мезгілінде күрт өсетін жедел респираторлы вирустық инфекциялар жиі кездеседі. Ең алдымен, болашақ ана өз денсаулығына аса мұқият болғаны жөн. Аяғы ауыр ана үшін салғыртыққа жол жоқ. Себебі кез келген зиянды әрекет іштегі бала денсаулығына нұқсан келтіруі мүмкін. Нәрестені өмірге әкелген соң, ана мойнына зор жауапкершілік жүтеледі. Ал біз үшін, ана мен бала денсаулығы ең маңызды жайт. Сондықтан кез келген аурудың алдын-алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ата-аналармен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату педиатр кәсібінің міндеті»,-дейді білікті маман.
[quote arrow="yes"]Жарты ғасырға жуық ғұмырын медицина саласына арнаған білгір маман заман ағынымен алға адымдауды естен шығарған емес. Материалдық-техникалық базасы халықаралық стандартқа сай келетін ауруханада медициналық құрылғылар тілін білу шарт. Алтын апа да заман талабына сай компьютерлік бағдарлама мен басқару мүмкіндіктерін еркін меңгерген. Үлкен-кішіге үлгі бола білген педиатр-дәрігер жастарға әркез қамқорлық танытады. Алтын апа жас мамандардан ақыл-кеңесін аямайды, жұмыстас-кәсіптес іні-сіңлілерін педиатр ісінің қыр-сырына үйретеді.[/quote]
Алтын апаның қызы Миргүл де медицина саласының маманы. Нәзік жанды бойжеткен ҚР ҰҚК БҚ 2023 әскери бөлімшесінде дәрігер қызметін атқарады. Ал апасы Орынжан денсаулық сақтау ісінің үздігі әрі Н.И.Пирагов атындағы медаль иегері. Сан жылдар бойы денсаулық сақтау саласына адал қызмет еткен апалы-сіңлілі туыстар бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңда Алтын мен Орынжан Әбдірахманованың жеке кабинеті жұмыс жасайды. Облыстың сан түкпірінен, тіпті еліміз бойынша өзге қалалардан дертіне дауа іздеген жандар білікті педиатр көмегіне жүгініп жатады. Бұның өзі тәжірибесі зор, кәсіби білікті маманның өз ісінің үздігі екендігіне дәлел болмақ.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ