©
Бейсенбі күні, Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен облыс активі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады.
Жиында алғашқы сөз тізгінін алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов Елбасының мақаласындағы маңызды мәселелерді қозғап, қазақ ұлтын әлемнің таңдай қақтыратын 30 озат мемлекеттің қатарынан шығару үшін дүрбелеңге толы дүниеде саяси реформалар мен экономикалық жаңғырудан бөлек ұлттың бойында жаңа дәуірге сай жағымды қасиеттерді дарытып, ұлттың рухани кодын жоғалтпау қажеттілігіне тоқталды.
- Елбасы дәл қазір қазақ қоғамы үшін өзекті мәселелердің шешімді жоспарын ұсынды. Бұл маңызды құжат – елді жаңа деңгейге көтеретін яки халыққа рухани серпіліс әкелетін жаңа бағдарлама! Дәл қазір бізге серпіліс керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген салмағы ауыр, мағынасы мол сөздері бүгінгі бастаманың маңыздылығын меңзейді. Әлемдегі ұлт пен ұлыстар мемлекеттіліктің қандай формасын құрып өмір сүрсе де, ұлттық сана мәселесі ешқашан өзектілігін жоғалқан емес. Елбасы жаңа ғасырдағы ұлттық сана туралы сараптай келе, рухани жаңғырудың ең басты қуат көзі – ұлттық код деп білді. Бұл рухани қазынамызды жоғалтпаған жағдайда біз Мәңгілік елге айналамыз. Демек, рухани код – Мәңгілік ел идеясының темірқазығы, өзегі,-деді аймақ басшысы.
Оның сөзінше, Елбасының прагматизмге ерекше ден қоюы да тегін емес. Бұл ұғым табиғат байлығын төкпей-шашпай пайдаланудан бастап, адами ресурс, ақыл-ой еңбегін, шығармашылық қуат, саяси прагматизмге дейінгі аралықты толық қамтиды.
- Ақтау – Қазақстанның жалғыз теңіз қақпасы. Елбасы жақында келген ресми іс-сапарында Ақтау қаласының дамуына қатысты тапсырмалар бергені естеріңізде болар. Арнайы жағажай, туризм инфрақұрылымы, сервисті дамыту секілді міндеттер қойды. Айрықша еңбек нарығын трансформациялауға көңіл бөлді. Біздің берекелі болашағымыз және сарқылмас байлығымыз – ұлан-ғайыр жеріміз! Егістік шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту – теңдессіз байлыққа апарар кепілдеме. Міне, осы шараларды іске асырған кезде ұстамдылық, үнемшілдік, тазалық стандарттарын енгізу бірінші кезектегі мәселеге айналады. Сондай-ақ мемлекет басшысы ұлттық код болмаса, ұлттық мәдениет сақталмаса, алға ілгерушілік, жаңғырту болмайтынын атап өтті. Сондықтан ұлттық мәдени-рухани жәдігерлерімізді жаңғырту, мұраларымызды түгендеу, ізгіліктерімізді ұлықтауға байланысты кешенді, жүйелі жұмыстар атқарылатын болады,-деп ақтарыла сөйледі Ералы Лұқпанұлы.
Маңғыстау әкімі өз сөзінде мақаладағы басты бағыттарға тоқталып, білімнің биік белестерін бағындыруға шақырып, бұқаралық сананың саяздығы, жүректің рухани кедейлігі, жаңашылдыққа, тіл білуге ұмтылмауы, кертартпа мінезге салынуы ұлттың рухани жаңғырудың орнына рухани құлдырауға апаратынын жеткізді. Сонымен қатар өңір басшысы латын әліпбиіне көшу жұмыстарын тілге тиек етті.
- Латын әліпбиіне қайта көшу - бұл қазіргі заманға сай аса қажеттілік екені сөзсіз. Бұған интернет желісін белсенді қолданушылар дайын екеніне сенімім мол! Бірінші – интеграция, екінші – технологиялық-коммуникациялық даму өркениетіне ілесу, үшінші – ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесіне ену. Сондай-ақ, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім» енгізу жобасы қолға алынбақ. «Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» жобасы, «Қазақстандағы жүз жаңа есім», тағы да басқа нақты тапсырмалар мен міндеттер қойылды. Оларды жүзеге асыруға бүкіл Маңғыстау аймағы бірігіп жұмыстанып, атсалысуы қажет. Қазақтың қайраткер тұлғасы, жерлесіміз Әбіш Кекілбайұлы бір сөзінде: «Дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу - есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар» деген екен. Ендеше, Елбасының ұсынған бағыт-бағдары халқымызды рухани-жаңғыртуға жетелері сөзсіз,-деп түйіндеді сөзін Е.Тоғжанов.
Әкімнің баяндамасынан соң мәдени, рухани, білім ошақтарында еңбек сіңірген ардақты ардагерлер, қызмет етіп жүрген азаматтар Президенттің мақаласына егжей-тегжейлі тоқталды.
- Елбасы адамдағы сананы жаңғыртудың 6 бағытына жан-жақты ғылыми да, өмірден де нақты мысалдар келтіре отырып ашық ұсынысын ортаға салған. Ұлттық сананы жаңғыртудың осынау бағдарламасын жастарымызға сіңіру үшін әрбір психолог ғалымдар, өмірден көргені мен түйгені көп ардагерлер, ұстаздар жұмыс барысында, әрбір кездесулерде, отбасында заман ағымына қарай насихат жұмысын жүргізгені абзал,-деп бастады сөзін көп жыл мұрағат ісінде елеулі еңбек еткен, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Қойлыбай Қаражанұлы. -Бұл бағыттағы жұмыста елдің бірлігі, туысқандық татулық, «Бәріміз біріміз үшін, біріміз барлығымыз үшін» асыл қағиданы естен шығармауымыз керек. Бабаларымыздың сана туралы «Саналы жетер мұратқа, санасыз қалар ұятқа» деген қағидасын әр сәтте есімізде болғаны жөн. Қоғамға жат сепаратистік жетектеуге ілеспей, әлемдегі әрбір оқиғаны ой елегінен өткізіп, саналы түрде пайымдауды қажет етеді. Ғаламтордағы шарлап жатқан әртүрлі қоғамдық пікірлер, ондағы озық ойларды ғана байыпты қабылдау мәселесін өскелең ұрпаққа жеткізу – бабаларымыздың зерделі ойларымен түйіндестіріле ұштасу керек. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары үшін оқулықтар мен қосымша материалдар жиынтығы нақты, ғылыми тұрғыдан бәсекеге қабілетті, жан-жақты зерделенген болуы шарт. Бұл бағытта ұлт тарихына байланысты оқулықтың үнемі өзгеріске ұшырауы жиі кездеседі. «Қазақ елінің тарихы» атты оқулықтың кезең-кезеңмен барлық тарихшылар мен ғалымдардың жиынтық зерттеулерімен ұштастырып, дайындап шығаратын мезгілі жетті. Елбасы осы бағытта сындарлы ұсыныс жасаған. Бұл тарихқа жергілікті жердің өлкетанушыларының зерттеуі мен толықтырмалары қосымша беріліп жатса дұрыс болады. Біз ардагерлер әрдайым Елбасының Жолдауларындағы ұсыныстары мен қағидаттарын мақұлдай отырып, болашақ ұрпаққа насихаттауды басты міндетіміз деп санаймыз,-деді ол.
Оның пайымды пікірімен облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Нұршат Қалкенбаева да қосылып, өлке мәдениетіне екпінді үн, өршіл леп қосар ұтымды ұсыныстарын жеткізді:
- Ата мен әженің тәрбиесін көріп, ұлтжандылықты ұран етіп өскен қазақтың бір перзенті ретінде, мені Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ерекше шабыттандырды. Бүкіл адамзаттың даму тарихы – түптеп келгенде мәдениет тарихынан басталатыны сөзсіз. Мұның дәлелі – Елбасымыздың 2012 жылғы Жолдауында «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген қанатты сөзі. Адам баласы өзінің төл мәдениетін танымай, әлем мәдениетіне аяқ баса алмайды, тарихтың көшіне ілесе алмайды. Ендеше, алдымыздағы жаһандық үрдісте өз ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалудың алғышарттарын ұсынған осы бағдарлама әрбір Қазақстан азаматының жүрегіне жол табады деп ойлаймын,-деген бойжеткен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрылысы аяқталғалы тұрған «Маңғыстау мұралары» орталығының экспозициясын заманға сай жасақтау, қазақтың киіз үйлерінен тұратын этнографиялық ауыл құру, ұлттық зергерлік бұйымдарды әлем назарына ұсыну, көрмелеу және облыстық музейдің іші-сыртына жаңашылдықтар енгізіп, соңғы технологиялармен жабдықтау тәрізді мәселелерді көтеріп, ұсыныстар тастады.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов барша баяндамашыларды тыңдаған соң оларға орамды ойларын ортаға салғаны үшін алғысын білдіріп, алға тартқан ұсыныстарын ескерусіз қалдырмайтынын айтып, жиынды қорытындылады.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ