Бүгінде Ақтау қаласындағы облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің самбошылары Асхат Хапанов пен Нұркен Домбаев қызу дайындық үстінде. Олар маусым айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатында және қараша айында Сочида өтетін Әлем чемпионатында облыс намысын қорғайды. Одан бөлек, шілдеде Астанада өтетін Елбасының жүлдесіне арналған халықаралық турнирге, Ашхабатта өтетін Азия ойындарына да қатысады. Маңғыстаудың атынан талай додаларға қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрген балуандарды экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев дайындауда.
[caption id="attachment_22655" align="aligncenter" width="640"] Боз кілемде-Нұркен Домбаев[/caption]Азия, Әлем чемпионаттарында облыс намысын қорғайтын балуан Нұркен Домбаев қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың нәтижесінде Қарағанды қаласында әскери самбодан ересектер арасында өткен ҚР чемпионатында алтыннан алқа тақса, 2015 жылы Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел чемпионатында топ жарып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Сонымен қатар, 2016 жылы Ашхабадта самбодан өткен Азия чемпионатында қола медальдің және 2017 жылы Ақтөбе қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел чемпионатында алтын медальдің иесі атанды. Осылайша, биылғы жылы өтетін Әлем, Азия чемпионаттарына жолдаманы ұтып алды.
[caption id="attachment_22657" align="aligncenter" width="640"] Нұркен-2015 жылы Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел чемпионатында топ жарды.[/caption]Әлемдік жарысқа аймақ атынан қатысатын тағы бір балуан Асхат Хапанов бұған дейін Байқоңырда өткен «Халықтар достығы» ІІ халықаралық турнирден күміс медальді иеленіп, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Одан бөлек, жыл басында Белоруссияда өткен халықаралық жарыста және Ақтөбе қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел чемпионатында топ жарып, Азия мен Әлем чемпионаттарына жолдаманы қанжығасына байлады.
- Ендігі үлкен мақсат-Азия мен Әлем чемпионаттарында топ жарып, елімнің әнұранын асқақтатып, көк туын желбірету. Самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов пен әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Алмас Сүлейменовтің жеңісті жолдарын қайталау. Сол мақсатта тыңғылықты дайындықты қолға алып, күні-түні бапкерім Берік Жұмағалиевпен бірге дайындалудамын,-дейді Асхат Хапанов.
Маңғыстау ауданы Шетпе кентінде дүниеге келген балуан 11 жасынан бастап спортты жанына серік еткен. Алғаш рет самбодан өткен облыстық жарысқа қатысып, облыс чемпионы атанған. Одан кейін де бірнеше рет республикалық, халықаралық жарыстарда өңір намысын қорғап, жүлделі орындарды иеленген. Мектепті тәмамдаған соң Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында білім алған. Туған өлкесіне келіп, еңбекке араласып, бапкерлікті қолға алған. Асхаттай балуаннан тәлім алған жеткіншектер Нұртілек Атшыбай, Мейрамбек Алдаберген, Төрекен Қобыланов, Жандос Сағынғалиев бүгінде халықаралық жарыстарда топ жарып, тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрініп жүр. Бапкерлікке жаңадан қадам басқан ұстаз үшін мұның өзі үлкен жетістік.
[caption id="attachment_22659" align="aligncenter" width="640"] Жүректі балуан Асхат Хапанов[/caption]- Халқымызда «Ұстаздан шәкірт озса игі» дейді. Жарыстарға үкілеп апарған шәкірттерім үздіктер қатарынан көрініп жүрсе, мұның барлығы маған тәлім берген ұстаздар еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан да сөз ретін келгенде облыста спорттың дамуына көмектесіп, жастарды жарыстарға апаруға үнемі қолдау көрсетіп жүрген жанашыр ағаларыма, облыстық спорт басқармасының, облыстық самбо федерациясының, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына алғысымды білдіремін,-дейді Асхат Хапанов.
Венера МИРЛАН