©
Спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстану, халық денсаулығына аса мән беру Елбасы Жолдауындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың кемінде 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиістігін атап өтті. Өңірде нақты міндет аясында жыл сайын жаңа спорт нысандары бой көтеріп, шалғай ауыл-аймақ, елді-мекендерде бұқаралық спорт кеңінен насихатталып келеді. Соның нәтижесінде өңір жастары сан алуан спорт түрлерінен республикалық, халықаралық додаларда зор жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жуырда ғана өңір волейболшылары Ел чемпионатының Жоғарғы лигасында жеңімпаз атанып, Ұлттық лигада ойын көрсетуге жолдама алды. Жеңімпаз команданың толық құрамы өңір әкімімен кездесті.
«Волейболшылар жеңісі - өңір жеңісі. Волейбол - командалық ойын. Сондықтан қарсыластың іс-әрекетін қалт жібермей, ширақ қимылдау қажет. Бұл ойын жетік амал-айланы, табанды еңбек пен зор талпынысты талап етеді. Жеңіс қызу дайындық пен еселі еңбек жемісі деп білеміз. Бұл жерде жаттықтырушылар мен спортышлардың сіңірген еңбегі зор. Алдағы уақытта еңсерер асуларың көп болғай»,-деді өңір басшысы. Облыс әкімі спортшыларға «Алғыс хат» пен 1 миллион теңге сыйақы табыстады.
Спортшылар Чемпионат барысында басынан өткерген әсері, қызу дайындық барысымен бөлісіп, облыс әкімдігіне, өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы мен волейбол федерациясына зор алғысын білдірді. Сонымен қоса, команданың бас тренері Александр Перегуда Ұлттық лигада лайықты деңгейде ойын көрсетуге тырысатындығын жеткізді. Волейболшылар өңір басшысына өз қолтаңбалары қойылған волейбол добын сыйға тартты. Әрі ҚР Волейбол Федерациясының президенті Нұртай Абықаевтың құттықтау хатын табыстады.
«Маңғыстау» волейбол командасы 2015 жылы құрылды. Содан бері нәтижелі жұмыс жасап келеді. Былтыр облыстық әкімдік қолдауымен ҚР Чемпионатына қатысып, төртінші орынды алды. Ал биылғы маусымда жеңімпаз атанып отыр. Сонымен қоса ІІД-мен бірлесе жасөспірімдерді волейбол ойынына баулу бойынша жаңа жобаны жүзеге асыруда. Жыл сайын волейбол ойыны бойынша ардагерлер арасында 8 кубок сарапқа салынады»,-дейді ҚР Волейбол федерациясының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Владимир Мастихин.
Қазіргі таңда волейбол федерациясының шақыртуымен ҚР Спорт шебері, Қарағанды қаласының тумасы Виктор Семенков балалар мен жасөсіпірмдермен жұмыс жасайды. Сонымен қоса, Нұрлан Көңілқос сыды жергілікті жаттықтырушы мамандар қызмет етеді.
«Маңғыстау» командасы құрамында 19 ойыншы бар. Олардың қатарында Ерасыл Жанәділов, Ислам Орифжанов, Үміт Набиев, Алексей Кулешов, Александр Бабичев, Тасқын Шәріпов бар. Евгений Богдашкин, Артем Даньшин, Владимир Банников, Иван Пеньков, Ринат Саттаров есімді спортшылар «спорт шебері» атағын жеңіп алды. Ал Владислав Апазиди, Ғали Журханов, Азамат Кодзасов, Арман Асқанбаев, Біржан Сағиев, Бауыржан Өтебаев, Рустем Мұғалбек, Айтбай Ашыққалиев «спорт шеберіне үміткер» дәрежесіне қол жеткізді.
«Биылғы маусымда Ел чемпионаты жаңа ережелергей сәйкес өткізілді. А және Б Жоғарғы лигалары біріктіліп, Батыс және Шығыс тараптарға топтастырылды. Әртарапта 8 командадан ойын көрсетті. «Маңғыстау» командасы сын-сынақтардан сүрінбей өтіп, жеңіс жолында кезіккен кедергілерді еңсеріп, финалға шықты. Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Петропавловск сынды басты қарсыластарынан мысы басым түсті. Алда команда жеңісті жолын жалғайды деген сенімдеміз»,-деп атап өтті Владимир Мастихин.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген: Серік Майемеров