©
Тұрсынжан Шапай: Екі нәрсе – анық: бірі – ажал, бірі – пәтерақы. Бірін өмір бойы күтесің – бір-ақ рет келеді. Екіншісін – күтпейсің. Ай сайын, белігілі сағат, белгілі минутта Әзірейілдің сәлемхатындай поштамен өзі келіп тұрады. Мен осы кейінгісінен көбірек қорқатын едім. Қазір маған – бәрібір. Асқар Жұмаділдаев: Маған дағдарыс ешқандай әсер еткен жоқ. Маған дағдарысың не, прогресің не, бәрібір. Биыл айлық көтерілді немесе баға аспандап кетті деп жатады ғой. Мен ешқандай өзгерісті байқаған емеспін. Далада қар жауып жатыр ма, жаңбыр жауып тұр ма, менің түсінгенім мынау: бүкіл дүниежүзінде математиканы ұқпайтын адамдар көп. Қазақшалап айтсақ, «дурактар» көп. Тұрсынжан Шапай: Жоқтың есебін кім алған? Бардың парқына кім жеткен?.. Дегенмен, барды айтайық. Біздегі бардың молы – жарнамалар тасқыны, ақпараттар ағыны. Асқар Жұмаділдаев: Мәселен, космонавтиканы алайық. Қазаққа космонавтика керек пе, керек емес пе? Бір қарасаң, керек сияқты, ә? Қазақ космонавтиканы дамытпағанда нені дамытуы керек. Бүкіл әлемде жоқ космодром Қазақстанда тұр. Ең бірінші космонавт Қазақстаннан ұшқан. Ал бірақ осы космодромға қазақтың қатысы қанша? Біз білетін қазақтың тірлігі – келген-кеткенге шапан жабу, қарсы алу, шығарып салу. Телевизор қараңызшы: бір шапан жауып, бір алма береді. Басқасын көргем жоқ. Тұрсынжан Шапай: Ал жалпы, бізге бәрібір… Бізге тек – қызық керек. Бізге тек – жаңалық болсын!.. …Ал жаңалық дегеніңіз ат-көпір, ит-ырғын. Не өзгерді? Көріп отырсыз – түк те! Демек түк те жаңалық болған жоқ! Асқар Жұмаділдаев: Сондықтан, біз басқадан озатын болсақ, тек қана жаңа технологиямен озуымыз керек. Жаңа дүние жасауымыз керек, онсыз болмайды. Әйтпесе көштің соңында қалып қоямыз. Ал қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болу керек. Олай болу үшін жаңағы ғылымдардың барлығы қазақ тілінде де оқытылуы керек. Тұрсынжан Шапай: Мен анық білем – барша қазақ тегіс қазақ тілінде сөйлеген күні әлем бізге өзі келіп сәлем береді. Сіздің аңсаған, зарыққан, шөлдеп өлген “деңгейіңіз” – тойымсыз мақтанқұмарлығыңыздың көмейін өзі келіп тығындайды. Абайды сізден сұрамайды – Абайды өзі тауып алады да, көкейіңізді жегі құртша тескен әлемдік биікке өзі алып кетеді. Бірақ, алдымен өзіңді өзің құрметтемей, ондай құрмет сізге жоқ… Асқар Жұмаділдаев: Егер өйтпейтін болсақ, онсыз да көлеңкеде тұрған тіліміз бірден құриды. Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз. Өйткені, сіз домбыра тартасыз, ол – маған керек, саған керек, басқа ешкімге керегі жоқ. Тарихыңызды айтасыз, Абылай ханды айтасыз, ол қазаққа ғана керек, басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналу керек. Өкінішке орай, біз соңғы кездерде көп реформа жасадық. Себебі, ана елде осындай екен деген далақбайлық әдіске көшіп кеттік. Олай болмайды. Тұрсынжан Шапай: Әр нәрсеге өз көзімізбен қарамай, өз көзқарастарымызды қалыптастырмай қолымыз ештеңеге жетпейді. Асқар Жұмаділдаев: Ең басты сабақ – қазақтың философиясы. Қазақ «Алланың берген күніне қуан, шүкіршілік ет» дейді. Бір күннің өзі – бір бақыт. Мұқағалиша айтсақ, мына жарық сәуленің өзі – бір бақыт… Мен мүмкіндігінше, қарапайым тірлік қылуға тырысамын. Еңбек қыл, ғылымыңды жаса, балаңды бақ. Жұмысыңды адал істе.Асқар Жұмаділдаевтың интернеттегі сұхбаттары мен пікірлеріне сүйеніп және Тұрсынжан Шапайдың “Қазақтың жаны” кітабы мен инетернеттегі сұхбаттары бойынша ретроспективалық сұхбатты әзірлеген – Арман Әлменбет. Сурет интернеттен алынды.
Дереккөз: Qazaqy.kz