Әр сенбі сайын кестеге сай облыста сенбілік жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық шарадан Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-да тыс қалмады.
«Наурыз мерейі» қайырымдылық акциясы аясында этномәдени бірлестік өкілдері «Қошқар Ата» қорымында сенбілік өткізді. Қазақ, орыс, татар, украин, шешен-ингуш, қарақалпақ, әзербайжан, дағыстан және ҚХА жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымының өкілдері қорымды күл-қоқыстан тазалап, бұзылған қоршауларды жөндеді. Ағаш түптерін әктеп, жиектастарды қалпына келтірді.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сай облыста қайырымдылық акциясы жарияланған болатын. Бұл игі шараны Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ бірауыздан қолдап, белсене қатысуда. Бұған дейін Ақтау қаласында тұратын көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, азық-түлік өнімдерін тарту еттік. Кейбір тұрғындардың аулаларын қоқыстан тазалап бердік. Сонымен қатар, «ЧОСОН» корей этномәдени бірлестігі «Үміт Үйі» кризистік орталығының аумағына 35 ағаш отырғызды. Ал, бүгінгі «Қошқар-Ата» қорымының аумағын қоқыстан тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қайырымдылық акциясының жалғасы,-дейді Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Амангүл Жайылханова.
Венера МИРЛАН