Аллаға шүкір, бүгінде халқымыздың жағдайы жақсы, той да көп, өмірден өтіп кеткен ата-аналар атынан берілетін ас-садақалар да көп. Мұның барлығы жақсы. Бірақ той өткізу мәселесі әркімнің жағдайына қарай реттелгенімен, ас-садақаның жөні бөлек. Қазір осы мәселе жергілікті тұрғындар арасында жиі талқыланып жүр.
Шариғат заңы барша мұсылманға ортақ қағида. Діни қағидалар ешкімнің көңіліне немесе жағдайына қарап ауысып отырмайды және заман ағымына байланысты өзгеріске ұшырамайды. Ықылым заманнан бері бекітілген шариғат заңдылығын мұсылмандар мейлінше орындап келеді. Алайда сол ережелерге жанама әдеттер орын алып, түрленіп, аймақ пен ұлыстардың дәстүрлік ерекшеліктеріне сәйкес негізі бір болған ережені орындаудағы формасы әрқилы болып кездеседі.
Мысалы, жиналған жамағаттың жаназа намазға толық тұруы, марқұмға топырақ салу, садақадан ауыз тиюі мәселесіне тоқталайық. Шариғат бойынша жаназа намазын оқу үшін дәретті болуы шарт. Дәретсіз намаз оқуға болмайды. Дәреті жоқ болса, жамағаттың сумен дәрет алуға мүмкіндігі болмаса, тәйәммум соғып сапқа тұруы тиіс.
Жаназа намазына үш сап болып тұру–сүннет. Көп адам қатысса, одан да абзал болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімге үш саптан тізілген жамағат жаназа оқыса, күнәсі кешіріледі» (Термези, 3/347)
«Қандай да бір мұсылман қайтыс болып, оның жаназасына Аллаға серік қоспайтын 40 кісі қатысса, марқұмға деген шапағаттары қабыл етіледі» (Әбу Дәуд, 3/175).
Ағайыныңның жаназасына тұрмасақ, топырақ салуға бармасақ, не үшін келдік деген сұрақ еріксіз туындары анық. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім бір адамның жаназасына қатысса, оған бір қират сауап бар. Ал кім жерленгенше қатысса оған екі қират сауап болады». Адамдар: «Екі қират» деген не?»–деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Ол екі үлкен таудай сауап дегенді білдіреді»,–деп жауап берді (Бұхари риуаяты). Сондықтан жаназаға келген әрбір мұсылман үйінен дәрет алып шығуы тиіс.
Топырақ салуға қатысты шариғат былай дейді: «қабір басындағы кісілерге қабір көмілуден бұрын үш уыс топырақ салу–мұстахаб». Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір мәйітке намаз оқиды. Сосын мәйіттің қабіріне келіп, оның бас жағына үш уыс топырақ тастайды (Ибн Мәжә риуаяты). Топырақ салу сауапты іс. Бір уыс топырақ салу мұсылмандық әрі ағайындық міндетіміз. Топырақ салғанда: «Топырақтан жаралдық, топыраққа қайтамыз» деп дұға етсек дұрыс болады.
Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан әpi қарызға батып, ас бepy шариғатта бұйырылмаған. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің шариғатта негізі бар. Қонақтар үшін арнайы дастархан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауына болады. Өздері жақындарынан айрылып қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойю шариғаттың талабы емес. Мәйітті жатқызып қойып, қонақ күтудің қамына кірісу–күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.
Қазіргі садақа дастарханы тойдың, қуаныштың, салтанатты мерекенің дастарханынан кем емес. Шариғатта жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екендігі аят пен хадистерде баяндалады. Бірақ ысырапшылдық пен бәсекелестікке тыйым салады. Мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген аста-төк ас беруді бұйырмаған.
Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіне жетпей жатқан қажетті қаржыны жұмсап, марқұм атынан мал сойып, садақа бер деген үкім де, талап та жоқ. Марқұмның атынан жақсылық жасаудың түрі көп. Оны кез келген уақытта шама-шарқына қарай орындауға болады.
Садақа мен астарда дүниелік әңгімелер емес, діни насихат айтылуы тиіс. Өйткені мұндағы басты мақсат–Алла тағаланың разылығына жету, марқұмның өмірде істеген күнәлары үшін жарылқау сұрап, атынан беріліп жатқан садақаның Құдай тағаланың құзырында қабыл болуын жалбарына тілеу. Жалпы, марқұмдардың атынан жасалатын жақсылықтардың түпкі мәні осы. Ал басқадан кем болмайын деп бәсекеге бағытталған, елден асайын деп мақтаныш үшін берілетін астардың сауабы шамалы.
Қаза дүниелік мүддені, пенделік пиғылды паш ететін, тамақ ішетін жер емес. Әрнені айтып әңгімеге, әзіл-күлкіге айналдыратын жайт та емес. Қаза бар, қазалы жандар бар, оларға көңіл айта келген, қазасына ортақтасатын жұрт бар. Ең бастысы осы. Бүгін бір үйге келген қаза ертең басқа шаңыраққа да жетеді.
Өкінішке орай, соңғы кездері ас беру кезінде жарыса тілек айту, сөз сөйлеу үрдісі байқалуда. Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырған дұрыс. Садақа мен ас той емес, жарыса сөз сөйлеу дұрыс емес.
Садақаның дастарханы қарапайым болғаны абзал. Дастарханда шелпек, бауырсақ, кәмпит, печенье, құрма, өрік, ірімшік секілді тағамдар болса жеткілікті. Садақаға жұрт тою үшін емес, ауыз тию үшін келеді. Шариғат қарапайымдылықты талап етеді.
Ардақты Пайғамбарымыз былай деген: «....Ясин-Құранның жүрегі. Бір адам оны Алла разылығы және ақырет жұртын талап етіп оқыса, әлбетте күнәлары кешіріледі. Дүниеден қайтқандарға да Ясин сүресін оқыңыздар» (Ахмед ибн Ханбал, Муснәд, Ү, 26; Әбу Дауд, Жәнәйз 24; Ибн Мажа, Жәнәйз 4).
Мұсылманның діни танымы саласындағы мәшһүр еңбектердің бірі «Тахауи ақидасы» кітабында былай делінген: «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді». Сондықтан бата оқыту үшін емес, оқу үшін барғандықтан әрбіріміз Құран аяттарын жаттап алып, өзіміз көңіл айта барған үйде оқығанымыз абзал болады.
Бата оқуға келген адам шама келгенше, жағдайына қарай ақшалай 200-500 теңге болса да көмек беруі шариғат қолдайтын мәселе.
Ал қонақасы шариғатта бұйрылмаған амал. Дәстүрімізде қонақасы марқұмға топырық салу үшін, садақаға бата оқу үшін алыстан келген ағайындарға берілетін ас. Сондықтан қонақасына жаппай келу дәстүрімізде жоқ әрекет.
Шариғат бойынша там байғазы деген мәселе жоқ. Қабірлердің үстіне кесене орнату, басқа құрылыстар салу талап етілмейді. Өйткені марқұмға осы дүниеде істеген жақсы амалдары, ғибадат-құлшылықтары ғана пайда береді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әсемдеп қабір тұрғызу, бей-берекет кесене салу үрдісі белең алуда. Мақтану, байлығын көрсету, бәсекелесу үшін кесене тұрғызу–харам іс. «Фатауа Һиндия» атты кітапта: «Егер бір адам өлместен бұрын өзіне мазар, кесене тұрғыз деп өсиет ететін болса, оның өсиеті орындалмайды»,–делінген. Өйткені қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қаншама қаржыға тұрғызылған мұндай кесененің марқұмға пайдасы мен сауабы тимейді, жай ысырап дүниеге айналады. Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан адам, жануар үстін таптамау үшін қоршауға рұқсат етілген. Егер қабірстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни белгі қоюмен шектелу керек. Ал қорым толықтай қоршалмаса, аяқасты қалып, жан-жануардың таптамауы үшін шектен шықпайтындай етіп төрқұлақ салуға рұқсат беріледі. Құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кетуге, ысырапшылыққа жол беруге болмайды.
Қайтыс болған пенделер, қандай адам болмасын, өмірден өткен соң дүниедегі іс-амалдары тоқтайды. Олардың мазарларын көркемдеп, ұлықтау, оларға ескерткіш, бюст орнату сауапты іс емес.
Құлпытастарға марқұмның бейнесін салып, мүсінін қашап қоюға рұқсат етілмейді. Мұндай әдеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Дінімізге кейіннен енген мұндай жат, кірме әдеттерден арылу қажет. Алла берген ризықты орнымен жұмсап, Жаратушының разылығына бөленейік.
Смайл СЕЙТБЕКОВ ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы