Мектеп оқушылары арасындағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағулованы еске алуға арналған Ақтөбе қаласында өткен республикалық «Мерген ару – 2017» чемпионатына аймақтың атынан атамекендік мерген қыздар қатысты.
Олар сайыстың аудандық турынан 97 ұпаймен, облыстық турнирінен 152 ұпаймен бас бәйгені алып, чемпионат жолдамасына ие болған еді. Республикалық жарыста жеке қатысушылар бойынша команданың бір қызы - Тұрсын Әбдримова III орыннан көрінді. Командалық есепте VII орынды місе тұтты. Десе де бұл Атамекен ауылындағы ашылғанына алты жыл болған № 7 мектеп оқушыларының мергендік сынынан ілкі жеңісі екен. Қыздарды жаттықтырған алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Сәрсен Өтебаевтің айтуынша, бұған аруларымыздың өз бойындағы қажыр-қайрат та себепші көрінеді.
"Бұл жолы дайындаған оқушыларыма сондай ептілік қасиеті тән. Әйткенмен біздегі дайындық кезінде басты назар үлкен қашықтыққа аударылған-ды. Сынақ алаңында нысана оның керісінше болды", дейді Сәрсен Өтебаев.
Тұрсын бүгінде мектептің 10б - сыныбында білім алады, математикаға ерекше ықыласты. Мергендікке әуестігі Әлия Молдағулова туралы көп оқып, ерлігіне тәнтіліктен оянған.
Шахида Жұман