©
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен облыс прокуроры Дастан Сартаев әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты күшейту, заңдылық пен құқықтық тәртіп жағдайы, қоғамдық ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды әрі қарай жетілдіру салаларындағы жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жасақталған құжаттың артықшылығы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру кезінде біріккен және келісілген әрекеттерді іске асыру болып табылады. Оның ішіне, халықтың әлеуметтік осал тобының құқығы мен қызығушылықтарын қорғауға арналған «Қоғам – сенің тірегің» атты, ана мен баланың денсаулығын сақтауға, ана мен бала өлімін азайтуғабағытталған «Ана мен баланың денсаулығы», Каспий теңізінің жануарлары мен өсімдіктер әлемін көбейтуді, қорғауды қарастыратын «Тоқта Браконьер», азаматтар арасындағы тазалық мәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаны одан әрі қарай жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілетін «Таза аймақ», «Эмиссия төле де бюджетіңді толықтыр», «Құмар ойындары жоқ Маңғыстау», «Қарызсызжаңа жылға» атты жобалары кіреді.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне өтуге, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге шақырған бес негізгі бағытты атап көрсетті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы «5 институционалды реформа – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында басталған жемқорлықтың себептерін табу және жою жұмыстарын күшейту қажеттігін баса айтқан болатын. Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдар Президент тапсырмасын орындау бойынша бірлесіп қызмет етіп, прокуратураның әлеуметтік жобаларын іске асыру жұмыстарына белсенді ат салысуға дайын, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі