Облыс орталығында 21-23 сәуір аралығында дзюдодан халық батырлары Иса-Досанды еске алуға арналған республикалық ашық турнир жалауын желбіретеді. Жарысқа 2002-2004 және 2005-2007 жылы туған жастар қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 15-17 мамыр аралығында биыл тоғызыншы рет дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир ұйымдастырылмақ.
- Аталмыш жарысқа өткен жылы Грузия, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттерінен және Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 550 спортшы қатысқан болатын. Облыста биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылғалы отырған «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турниріміз соңғы жылдары қанатын кеңге жайып, географиялық тұрғыдан өсіп келеді. Жыл санап жарысқа қатысуға ниет білдіретін балуандар қатарының көбейіп келе жатқаны бізді қуантады. Өткен жылы дәл осы турнирдің қорытындысында командалық есепте Маңғыстау облысы бірінші орынды иеленген болатын. Балуандарымыз биыл да осы жеңістерін қайталайды деп сенемін. Сонымен қатар 12-14 мамыр аралығында самбодан ІІІ халықаралық «Ақтау Кубогі» сарапқа салынады. Халықаралық деңгейде мұндай турнирлер өткізу көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып ғана қоймай, спортшылардың біліктілігін шыңдап, өзге де жарыстарға қатысуына жол ашады,-дейді «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Венера МИРЛАН