Елімізде келер жылдан бастап жалпыға ортақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе-жұмыс берушілер мен азаматтардың денсаулығы үшін жоғары жауапкершілігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің, әрі жеке медицинаның дамуы және медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестіктің артуы есебінен жоғарылатуға мүмкіндік береді.
МӘМС жүйесін түсіндірме жұмыстары Маңғыстау облысында кең көлемде жүргізілуде. Жұмысшы тараппен кездесудің бірі-Ақтау қалалық «Каспий» жылу, су арнасы МКМ-де өтті. Кездесуге Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С. Асылбеков, ҚР ДСМ медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары М. Ақмұрзаева және осы Департаменттің бөлім басшысы Ж. Айтжанова қатысты.
«Каспий» жылу, су арнасы Мемлекеттік коммуналдық мекемесінің 50-ге жуық қызметкері қатысқан кездесуде түсіндірме жұмысын жүргізуші қонақтар сөз алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығына тоқталды. Елбасы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында жасалған жұмыстарды тізбектеп, мекеме қызметкерлерін қолдау білдіруге шақырды. Жаңа жүйе жайында толық ақпарат көрсетілген ақпараттық парақшалар таратылды.
-МӘМС жүйесінің Заң жобасына сәйкес, ел азаматтарына медициналық қызмет пакеттерінің 2 түрі ұсынылатын болады. Біріншісі – базалық пакет, мұнда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қазақстан азаматтарының барлығына қолжетімді. Көрсетілетін қызметтері: жедел көмек және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер. Өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтамасыз ететін тұрғындар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Екінші – бұл қайта құрылған Медициналық сақтандыру қорынан көрсетіліетін сақтандыру пакеті. Оған кіретін қызметтер: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек, стационардың орнын басатын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек. Осы пакетті алу құқығы жарна төлейтін ҚР аумағында тұрақты түрде тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік азаматтарға беріледі. Сонымен қатар мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, ал жұмыс берушілер – жалданған жұмысшылар үшін жарна төлейтін болады. Жұмысшылар мен салық органдарында тіркелген әрі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар – өздері үшін жарна төлейді,-дейді ҚР ДСМ медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары М. Ақмұрзаева.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылады. Олар: балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері, ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, интернатта оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін мекемелерде, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі резидентурада күндізгі оқу түрінде оқитын тұлғалар, бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласын тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін әйелдер, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері, құқық қорғау органы қызметкерлері, сот үкімімен жазасын өтеудегі, уақытша ұстау және тергеу изоляторларындағы тұлғалар.
Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өседі. Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер алуына мүмкіндік туады.
Венера МИРЛАН