Өңірде облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен «Наурыз мерейі» атты қайырымдылық акциясы басталды. Басты мақсат-Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, барлық қамқорлыққа мұқтаж адамдарға, көп балалы аналарға қолдау білдіріп, көмек көрсету. Игі шараға облыстық денсаулық сақтау басқарамасы, облыстық мәслихаттың депутаттары мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері белсене қатысуда. 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында өткізілетін шара аясында 200 отбасына көмек көрсетілмек.
-Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Ұлыстың ұлы күнінде 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында қайырымдылық акциясын өткізу жөнінде жақсы идея айтып, облысымыздың әр тұрғынын жақсы істің басынан табылып, ұлы іске өз үлестерін қосуға шақырған болатын. Өйткені, мейірімділік, жақынына қол ұшын беру, қайырымдылық көрсету қашанда халқымыздың басты құндылығы екені белгілі. Өңір басшысының тапсырмасына сай Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен бүгін Ақтау қаласында тұратын қамқорлыққа мұқтаж үш адамға көмек көрсетілді. Мұндай шара өңіріміздің барлық қала, аудандарында іске асуда. Акцияны жүзеге асыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары да жасақталған болатын. Игі шараны облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қолдады. Облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев наурыз мерекесімен құттықтап, өз қаражаты есебінен 13 адамға азық-түлік өнімдерін табыстауға ұсыныс жасады. Айта кету керек, қайырымдылық шарасы аясында көмекке мұқтаж жандарға материалдық көмек те көрсетілетін болады. Мәселен, кейбір тұрғындардың есік-терезесін жөндеу керек болған жағдайда ол да ескеріледі. Сәуір айының соңғы аптасында акцияны қорытындылап, меценаттар форумын ұйымдастырып, акцияға белсенді қатысқан жандарды марапаттайтын боламыз,-дейді Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Амангүл Жайылханова.
Қайырымдылық шарасының алғашқы күні І-топтағы мүгедек, Чернобыль оқиғасына қатысушы Татьяна Дашковкская мен ауыр сырқатпен ауыратын Мария Крохина, Ирина Кухлина көмек көрсетілді. Облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев азық-түлік өнімдерін тарту етсе, №1 Ақтау қалалық емханасының дәрігері Ботагөз Мәлсова, бас медбике Надежда Кенжебекова қан қысымын өлшеп, медициналық көмек көрсетті.
-Қайырымдылық акциясына №1 Ақтау қалалық емханасы да өз үлесін қосуда. Экспресс-әдіспен тұрғындардың қан тамырларының жол бойын тексеріп, ағзадағы қант диабетін анықтадық. ЭКГ-ға түсіріп, қан қысымын өлшедік. Қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еттік,-дейді бас медбике Надежда Кенжебекова.
І-топтағы мүгедек, Чернобыль оқиғасына қатысушы Татьяна Дашковкская арнайы көмек көрсетуге келген қайырымды жандарды қуана қарсы алды. 83 жастағы ана саналы ғұмырын медицина саласының өркендеуіне арнаған. Бориспен жұбы жарасып, шаңырақ көтеріп, екі ұлды өмірге әкелген. Бүгінде олардан немере сүйіп отырған әже.
-1967 жылдан бері Ақтау қаласында тұрамын. Жолдасым-тыл ардагері. Өзім ұзақ жылдар әскери бөлімде тіс дәрігері болып жұмыс жасадым. Бүгін арнайы келіп, наурыз мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыстап, денсаулығымызды тексеріп, көмек көрсеткен қайырымды жандарға айтар алғысым шексіз. Аурымаңыздар, денсаулықтарыңызды күтіңіздер дегім келеді. Бейбіт заманда берекелі ғұмыр кешейік,-деп ізгі тілегін білдірді Татьяна Дашковкская.
Венера МИРЛАН