Қазақстанның коммунистік халық партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен соғыс ардагерлері мен түрлі этнос өкілдеріне арналған мерекелік шара болып өтті. Басты мақсат – қоғамдағы ұлттық келісім мен тұрақтылықты жария етіп, Ұлы Отан соғысы батырларының ерліктерін паш ету, оларға құрмет көрсету.
Шараға күннен-күнге даңқы озса да, қатары сиреген соғыс ардагерлері, ұлттық этно-мәдени орталықтардың жетекшілері мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Ерен еңбек пен өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, қантөгіс алаңынан аман келген ардақты ардагерлер қандай құрметке де лайық.
- Бұл шынында да Ұлы Жеңіс! Сіздерсіз жеңіс бізге келмес еді. Туған елімізді жаудан азат етуге атсалысып, Отаншыл жүректеріңізбен жерімізді қорғап қалғандарыңызға мың алғыс! Ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды, -деді армян этно-мәдени орталығының жеткшісі А.Курдоглян.
Мерекелік шара барысында ардагерлер сұрапыл жылдардың естеліктерімен бөлісті. Ал, «Маңғыстау әуені» қоғамдық қорының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, құрметті қонақтардың көңілін көтерді.
Анар ШАМШАДИНОВА