Бүгінге дейін емі табылмаған АИТВ/ЖИТС дерті әлемді жайлап алғалы отыз бес жылдан асты. Бұдан айығу мүмкін болмағанымен, оның алдын алу шаралары үздіксіз жүріп жатыр. Ауруды жұқтырмау әр адамның өзіне және дәрігерлерге байланысты.
Жақында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының базасында «АИТВ/ЖИТС пен ЖИТС индикаторлы аурулардың алдын алу, эпидемиологиясы, клиникасы, емдеуі» деген тақырыпта семинар болды. Оны кіріспе сөзбен ашқан орталық директоры Қабылжан Нұрғалиев шараның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңір дәрігерлерінің ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес, кәсіби жұқтыру тәуекелін болдырмау, АИТВ жұқтырылған пациенттерге құпия түрде және жоғары кәсіби медициналық көмек көрсету, қан алу, тасымалдау, сақтау қағидаларын қадағалау және ілеспелі құжаттарды рәсімдеу мәселелері бойынша біліктілігін арттыру мақсатында өтіп жатқанын айтты.
Орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатова келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасында 100 мың халыққа шаққанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші–108,9, 15-49 жас тобы арасында 0,2-0,6%, ал критерии жағдайында таралу көрсеткіші–0,2-0,6% болып отыр. АИТВ инфекциясымен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.
Маңғыстау облысы АИТВ инфекциясымен жұқтыру бойынша бастапқы сатысында тұр және сырқаттану деңгейі бойынша 16 өңір арасында 15-орында. Өңірімізде100 мың адамға шаққанда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші–20,9. 15-49 жастағылар арасында 0,05%, критерии жағдайында таралу көрсеткіші–0,038%.
Барлық жастағы адамдар АИТВ инфекциясына шалдығуы мүмкін, дегенмен 20-39 жастағы тіркелуі жиі кездеседі. Жұмыс істейтін адамдар мен жұмыс істемейтін адамдар арасында да кездеседі. Гендерлік құрамы бойынша әйелдер арасындағыға қарағанда, еркектер арасында жиі кездеседі, арақатынасы 2:1.
ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығы директорының орынбасары А. Бисен, бөлімдер меңгерушілері Ж.Махамбетқалиева, Д.Шаданова, Ә.Жиенғлаиева және басқа мамандар «ҚР-да және Маңғыстау облысында АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық жағдай», «АИТВ инфекциясына кеңес беру мен тестілеу өткізуді ұйымдастыру. Т және К бақылау және бағалау», «Бастапқы медициналық көмек, жалпы емдеу желісі мен мамандандырылған қызметтер аясында АИТВ инфекциясының алдын алу», «АИТВ инфекциясының дамуы, ересектер мен балалардағы АИТВ/ЖИТС-ты емдеу», «Реципиенттерді АИТВ инфекциясына тексеріп-қарау алгоритмі», «2016 жылы донорлар мен реципиенттерді тексеріп-қараумен қамтылуын талдау» тақырыптарында дәріс оқып, баяндамалар талданды. Семинарға қатысушылар дәрігерлерге ортақ міндет—АИТВ инфекциясының алдын алу және АИТВ жұқтырылғандарға медициналық көмек көрсету мәселелері төңірегінде өз пікрлерін айтып, ойларымен бөлісті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА