©
Жақында Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департамент жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ және «Каспий жылу, су арнасы» МКК еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Құрамына мобильдік топтың аумақтық департаменттің өкілдерімен бірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, облыстық прокуратураның, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының, «Маңғыстау облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің, «Азаматтық құқық» жекеменшік мекемесінің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері және тілшілер енген мобильдік топ мүшелері кездесу барысында Президентіміздің Қазақстан халқына биылғы Жолдауының негізгі басым бағыттарын жеткізе отырып, еңбек ұжымдарын қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосуға шақырды. Сондай-ақ олар басқосуға азаматтардың ұсыныстарын қабылдады.
Атап айтқаңда, «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ қызметкерлері құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан қызметтік әдеп ережелерінің сақталуын қадағалауды күшейту, тұрғындарға қызмет көрсету барысында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмыс сапасын көтеру сияқты ұсыныстар айтылып, аңшылықпен айналысуға рұқсат алудың тәртібі туралы кеңес беру жөнінде ауызша өтініш түсті. Ал «Каспий жылу, су арнасы» МКК еңбеккерлері әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Кодексінде белгіленген әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін төмендету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топтың жұмысын кең көлемде жандандыру қажеттігін ұсыныс қылып жеткізді.
Таяуда ғана жұмыс бастаған мобильдік топ түрлі мекемелерде өткізген кездесулерінде бүгінге дейін жүз елу қызметкерді қамтыған. Үгіт-насихат тобы алдағы уақытта шаралар ауқымын кеңейтіп, жұмысты ауылдық округтерде де жалғастыратын болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА