Көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлап, жүрекке нұр ұялататын 8 наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесі күні таяп қалды. Санаулы күндерден келіп жететін мереке қарсаңында ер-азаматтардың бұл айтулы күнді қалай қабылдап, қаншалықты шығындалатынын 3 сауалдың аясында сұрап білген едік. Жауаптары төмендегідей.
1. Сіз үшін 8 наурыз қандай мереке? 2. Қыз-келiншектердiң төл мерекесінде кімге және қандай сый сыйлайсыз? 3. Мерекеге орай тілегіңіз.
Қазбек ҚЫЗАМБАЕВ, оқушы 14 жаста: 1) Мен үшін 8 Наурыз мейрамының орны ерекше. Себебі бұл күн - мені өмірге әкелген анамның күні. Сонымен қатар әжемнің, апа- қарындастарымның да мейрамы болып есептеледі. 2) Мен осы мейрамда анама гүл шоқтарын, әпкеме сырға сыйлағалы отырмын. 3) Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі - 8 Наурыз мейрамымен барлық әйелдер қауымын, аналарымызды, ұстаздарымды шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің бүгінде нығайып, әлем таныған абыройы асқақ ел болуына асыл аналарымыз, ардақты жеңгелеріміз бен әпке-қарындастарымыздың қосып келе жатқан үлесі өлшеусіз. Баршаңызға мереке құтты болсын! Әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт, отбасының амандығын, еліміздің өсіп-өркендей беруін тілеймін.
Айдос КЕЛДІБАЕВ, студент. 16 жаста: 1) 8 Наурыз мен үшін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күні өзім жақсы көретін жандарды мерекемен құттықтап, сыйлық сыйлап, олардың көңілінен шығуға барынша тырысамын. 2) Осы жолы анама тосын сый жасамақ ойдамын. Арнайы тортқа тапсырыс беріп, қасына анамның ұнататын иіссуын алып та қойдым. Ал сүйген қызыма келер болсақ, сол күні қалада серуендеп, кешкісін киноға барамыз деп жоспарлап отырмын. 3) Ардақты аналар, аяулы апа-қарындастар, сұлу да сымбатты арулар! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, денсаулық, сұлулық, бақыт, қуаныш тілеймін! Әрқашан мына өмірге сән беріп, жылу таратып, мейірім төгіп, шуақ шашып тұрғандарыңыз үшін қашанда өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, қадірлі екендіктеріңізді, Сіздерсіз мына дүние бос екенін ұмытпаңыздар!
Серік ЕЛБАЕВ, экономист 28 жаста: 1) Негізі мен, 8 наурыз мерекесіне арнайы көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Себебі менің түсінігімде біздер ер азаматтар, нәзік жандыларды, жылдың 365 күнінің, тек қана бір 8 наурыз күні ардақтап, құрметтеп, сыйлық сыйлағанымыз дұрыс емес деп есептеймін. Жеке басым, анамды, апа-қарындастарымды, жеңгелерімді жылдың 365 күннің барлық сәтінде қадірлеп сыйлап жүруге тырысамын. Бірақ жұмыс орнымызда және де басқа жерлерде «Халықаралық әйелдер күні» деп тойлап жатады. Сол кезде мен де әріптестерімнен қалмай атсалысамын. 2) 8 наурыз күні оларға күнделікті анама сыйлап жүрген құрметімді, қарындастарыма ағалық қамқорлығым мен махаббатымды сыйлаймын. 3) Нәзік жандылардың барлығының деніне саулық, көктемнің шуақты күніндей көркем мінез-құлық, өнегелі ана, қамқоршы апа, инабатты қарындас, өз істерінің шебері болуды тілеймін. Тілегімді мына сөздермен аяқтағым келіп отыр: «Тарихта бір елді жаулап алу үшін, қыздарын ар- намыстан айырған, себебі намысы жоқ әйелден ел қорғайтын батыр ұл тумайды» деп есептеген. Сондықтан ер азаматтар әрқашан да қаракөз қарындастарымызға қорған болатын арқа сүйер аға бола білейік! Осынау жарқын мерекенің біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы күндерінде келуі жақсылықтың нышаны болса керек. Сіздерге шынайы көңілден зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Базарбай АҚЖІГІТОВ, мұнайшы, аға оператор, 49 жаста: 1) 8 Наурыз - мен үшін аса қымбат мейрам, болашақта да мәні өзгермейді деген үміттемін. Бұл - барша әйел заты өзін сүйікті, сүйкімді сезінетін, көшелер мен көңілдерде жауқазындар жайнайтын тамаша мейрам. Әйелдерді сыйлау бұл күнге қарап қалмаса да, оларды күйбең тіршіліктен арылтып, көңілдерін аулап, жүздеріне күлкі сыйлауда тұрған ештеңе жоқ. Әйелдер де дәл осы күні барынша еркелеп қалуға тырысады. Біз бұл мерекені отбасымызбен тойлаймыз. 2) Әр жылы қолымнан келгенше жұбайыма, қызыма әртүрлі сыйлықтар жасап жүремін. Оларға өздерінің қалап, ұнатып жүрген нәрселерін алып беруге тырысамын. Биыл да жылдағы әдетімнен танбай беретін сыйлығымды дайындап қойдым. Бірақ оны құпия ұстағым келеді. Қадірменді арулар, аяулы аналар, қыз-келіншектер! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты.
Сауалнаманы жүргізген Айжан НАСЫРОВА.